Алматыда түнде болған жер сілкінісінен 44 адам жарақат алған – ДСМ

Жарияланды
44 адам медициналық көмекке жүгінген
Фото: kursiv.media

Алматыда түнгі сағат 1-ден бастап таңғы уақытқа дейін бас жарақаты, соғылу, аяқ-қолдың созылуы сияқты жеңіл және орташа ауырлықтағы жарақат алған 44 адам медициналық көмекке жүгінген. Бұл жайлы Денсаулық сақтау министрлігі хабарлады.

«Әртүрлі көрсетілімдермен олар қаланың стационарларына жеткізілді, оның ішінде 34 ересек адам, оның 3-і емдеуге жатқызылды, 31 адам амбулаториялық емделуге жіберілді», – делінген хабарламада.

Жарақат алғандардың ішінде балалар да бар. Министрліктің хабарлауынша 10 бала медициналық көмек алған. Оның 5-і емдеуге жатқызылса, 5-і амбулаториялық ем тағайындалып, үйлеріне жіберілген. Министрлік барлық пациенттердің қаланың емдеу мекемелерінде білікті медициналық көмекпен қамтамасыз етілгенін хабарлады.

Түнде болған жер сілкінісі кезінде Алматы қаласының қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы жедел медициналық жәрдем қызметі мен барлық көпбейінді стационарлар, оның ішінде мамандандырылған стационарлар, балалар стационарлары, қаланың босандыру ұйымдары күшейтілген режимде жұмыс істеген.

Не болды?

Еске сала кетсек, ҚР ТЖМ «Ұлттық сейсмологиялық бақылау және зерттеу ғылыми орталығы» ЖШС сейсмикалық станциялар желісімен 2024 жылғы 23 қаңтарда Алматы уақытымен 00 сағат 09 мин 02 сек жер сілкінісі тіркелді. 

Жер сілкінісінің эпицентрі Алматы қаласынан оңтүстік-шығысқа қарай 264 км жерде орналасқан Қазақстан мен Қырғызстан шекарасы.

Жер сілкінісінің энергетикалық класы 15.1.

MPV магнитудасы 6.7.

Эпицентрдің координаттары 41.32° с. е. 78.61° с.б.

Тереңдігі 65 км.

Сезгіштігі туралы мәліметтер (MSK -64 шкаласы бойынша): Алматы 5 балл, Шымкент 2 балл.

Бұл жағдайға байланысты Алматы әкімдігі қаланың әр аймағында ТЖ кезінде халық жиналатын орындарды ашты.

Әкімдіктің баспасөз қызметі барлық мәлімет 2ГИС Алматы платформасында орналастырылғанын, «зардап шеккен халықты қабылдау пункті» бүкіл қала бойынша ашық екенін хабарлады. Картадан халық жиналатын орындар көрсетілген нұсқаулықтар таратылды. Сонымен қажетті деректер Алматы қаласы ТЖД және аудандық әкімдіктердің ресми сайттарына орналастырылған. Жағдайды қадағалау үшін жиналу орындарына аудан әкімдіктерінің қызметкерлері барған. 

Зілзаладан үрейі ұшқан тұрғындар көшеге шығып кетті. Осы оқиғаға байланысты әкім Ерболат Досаев жедел штабтың шұғыл кеңесін өткізді.

Алматы денсаулық басқармасы жер сілкінісінен  8 адам зардап шеккенін  хабарлаған болатын. Олар бірден қалалық ауруханаға жеткізілді. Жарақат алған үш адам тұрғын үйлердің 2 және 3 қабатынан секірген.

Сондай-ақ үйден жүгіріп шыққан бес адам зардап шеккен. Олар дене жарақатын алған. Жарақат алғандарға қажетті медицианлық көмек көрсетілген. Ол бес адам да қажетті жәрдем алған соң, амбулаториялық емдеуге жіберілген. 

Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев штабта сағат 00:20-дан бастап Жедел штабтың шұғыл кеңесін өткізді.  

Сондай-ақ оқыңыз