Үкімет басшысы Алматыдағы жер сілкінісіне байланысты Төтенше жағдайлар министріне ескерту жасады

Жарияланды
Фото: Үкіметтің баспасөз қызметі

Дабыл белгісін дер кезінде қосу қажет еді. Үкімет басшысы Әлихан Смайылов Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпхановқа Алматыдағы жер сілкінісіне байланысты осындай ескерту жасады.

«Бақытымызға орай қаза болғандар мен ауыр зардап шекендер жоқ. Бірақ жарақат алғандар бар», – деді Әлихан Смайылов үкімет отырысында.

Премьер-министр дер кезінде тиісті ақпаратпен қамтамасыз етілмеген адамдар қорқыныш пен үрейдің салдарынан 2-3-қабаттан секіріп кеткенін мәлімдеді.

«Бұл ескерту жүйелерін дер кезінде қосып, халыққа мүмкіндігінше ертерек хабарлама жіберу қажет болғанын көрсетеді. Мұндай жағдайда азаматтарға қалай әрекент етудің реттілігін нақты хабарлау қажет», – деді үкімет басшысы.

Әлихан Смайылов жер сілкінісі қаупі бар барлық аймақта оқу-жаттығу жиі өткізілуі керек деп есептейтінін айтты.

«Халық іс-әрекет алгоритмін іс жүзінде білуі керек. Бұл үшін бірінші, облыстық әкімдіктер мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесе отырып, төтенше жағдайларды жою және алдын алу бойынша іс-шаралар жоспарын түзуі тиіс. Екінші, жедел әрекет ету мақсатында әкімшілік органдардың басшылары мен жауапты тұлғалары мен азаматтық қорғау күштерінің диспетчерлік пункттерінің кезекшілігін енгіземіз. Бұл барлық маңызды ұйымдарға қатысты. Жер сілкінісі қаупі бар аймақтарда азаматтық қорғау жүйесін жоғары дайындыққа келтіру қажет. Үшінші, Денсаулық сақтау министрлігі мен Алматы әкімдігі зардап шеккендерді емдеуге қажетті шараларды қабылдауда. Төтенше жағдайлар министрлігі жағдайды тұрақты бақылауда ұстайды», – деді үкімет басшысы.

Еске сала кетер болсақ, 2024 жылғы 23 қаңтарда Алматы уақытымен 00 сағат 09 мин 02 сек жер сілкінісі тіркелді. Жер сілкінісінің эпицентрі Алматы қаласынан оңтүстік-шығысқа қарай 264 км жерде орналасқан Қазақстан мен Қырғызстан шекарасында болды.

Бұл жағдайға байланысты Алматы әкімдігі қаланың әр аймағында ТЖ кезінде халық жиналатын орындарды ашты.

Жер сілкінісінен  8 адам зардап шеккен. Олар бірден қалалық ауруханаға жеткізілді. Жарақат алған үш адам тұрғын үйлердің 2 және 3 қабатынан секірген.

Алматыдағы жер сілкінісінен бұрын тұрғындарға ескерту СМС-хабарламалары келмеген. Бұдан бөлек, қалада Дабыл қағылмаған. Бүгін өңірлік Төтенше жағдайлар департаменті ескерту жасау құралдарының неліктен іске қосылмағанын түсіндірді.

Алматы қалалық төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Нұрлан Атығаевтің айтуынша, жер сілкінісі кезінде Дабыл тек 5,5 баллдан асқан кезде қағылады.

«Қалада 843 электрлі дабыл қағу құрылғылары бар. Бұл қаланы 100% қамтып отыр. Жер сілкінісінің магнитудасы 5,5 баллдан асқан кезде ғана дабыл қағылады. Ал түнде қалада болған тербеліс күші 4-5 балл шамасында болды. Сондықтан ажиотаж тудырып, елді бекер дүрліктірмеу үшін дабыл қағылмады», – деді Атығаев.

Сондай-ақ оқыңыз