Егер сіз сейсмикалық қауіпті аймақта тұратын болсаңыз жер сілкінген кездегі қауіпсіздік шараларынан хабардар болғаныңыз жөн. «Курсив» тілшісі мамандардың кеңесін ескере отырып, шағын нұсқаулық әзірледі.
Күрделі табиғи құбылыс ретінде зілзаланы дәл болжау мүмкін емес. Сондықтан мұндай жағдайда жедел қимылдау маңызды.
Керек заттар чемоданы
Апат кезінде керек болатын заттардан тұратын чемодан әзірлеп қойыңыз. Ол көзге көрінетін жерде тұрсын.
Оған:
- құжаттарыңыз;
- үйдің және машинаның кілті (дубликаттары);
- сигнал беруге арналған ысқырық:
- қалтаға сыятын шағын шам;
- батарейкалар салыңыз.
- Үйде консервіленген тамақтар, су болғаны дұрыс. (Егер қирандының астында біраз уақыт қалып қоятын болсаңыз, өміріңізді сақтауға осы заттар қажет) Сонымен бірге шағын өрт сөндіргіш алып қойған дұрыс.
Жер сілкінген кезде ғана емес, жалпы алғанда кез келген адам алғашқы көмекті қалай көрсету керегін білгені жөн. Сонымен қатар үйдегілер электр тогын, газ бен суды қалай ажыратудан да хабардар болғаны жөн.
Әдеттегі уақытта осындай қарапайым дүниелерді ескерген дұрыс. Өйткені апат жағдайында үрейге берілмеуге көмектеседі әрі оңай істейсіз. Мысалы, жер қатты сілкінсе, құбырлар мен кабельдерді зақымданып, содан өрт шығып не су кетуі мүмкін.
Үй ішіндегі жиһаздарды қалай орналастырған жөн?
Бөлмедегі шкаф, сөре, стеллаж, тоңазытқыш, кір жуғыш машина, ыдыс жуғыш машина, қысқа толқынды пеш сынды ауыр заттарды жақсылап бекітіп орналастырыңыз. Өйткені жер сілкінгенде ол заттар шайқалмай, нық тұруы керек.
Ілініп тұрған сөрелерге ауыр заттар қоймаған абзал. Үстіңізге құлап кетсе, жарақаттанып қалуыңыз мүмкін.
Төсек орынды терезенің қасына, далаға қарап тұрған қабырға жаққа қоймаңыз.
Тез жанатын, улы химиялық заттарды сенімді жерлерде сақтаңыз. Әйтпесе, жер сілкініп жатқанда олар да құлап, ашылып қосымша проблема тудырады.
2-3 қабатты үйде тұратындардың назарына
Жер сілкіне бастағанын сезсеңіз, дереу үйден шығып кеткен жөн. Алғашқы тербелістен бастап, қатты сілкінгенге дейін сізде шамамен 15-20 секундтай уақыт бар. Осы уақыт ішінде жоғарыда айтқан жедел чемоданыңызды ұстап, далаға шығыңыз. Лифтіге мінбеңіз. Жер сілкінгенде ол тоқтап, ашылмай қалуы мүмкін. Баспалдақпен түсіңіз. Далаға шыққаннан кейін үстіңізге құлап кетуі мүмкін ғимарат, балкон, бағаналардан алыс тұрыңыз. Шама келсе, ашық жер тауып алыңыз. Сабыр сақтап, тербелістер толық тоқтағанша күтіңіз.
Жер сілкінген кезде көпқабатты үйде тұрсаңыз
Төртінші не одан да жоғары қабатта тұратын болсаңыз, далаға шығып үлгермеуіңіз мүмкін. Сондықтан үйде қауіпсіз орын тауып, сол жерде қалған жөн. Аяғы нық тұрған үстел, партаның не төсектің астына кіріп, эмбрион секілді позада жатып алыңыз. Мүмкіндігінше басыңыз мен мойныңызды жастық секілді затпен қорғап, жауып алыңыз. Осылайша әлдене құласа не әйнек шытынаса өзіңізді сақтап қаласыз. Егер ондай зат таппасаңыз, қолыңызбен көлегейлеңіз. Шкаф, сөре сияқты үстіңізге құлауы мүмкін заттардан алыс болыңыз.
Бірінші кезекте құлайтын сыртқы қабырғаларға жоламаңыз. Кірпіштен салынған үйлерде есіктің аузында тұруға болады. Бірақ заманауи панель үйлерде бұл жер қауіпсіз деп айта алмаймыз. Ас бөлмесінде тұрсаңыз, плитаны өшіріп, газды сөндіріңіз. Ал барып үлгермейтін болсаңыз, онда қауіпсіз орын тауып, орналасыңыз.
Төсектен тұра алмайтын жағдайда кемінде көрпе мен жастыққа оранып алыңыз. Мүгедектер арбасында отыратын болсаңыз, дөңгелектері жүріп кетпес үшін бұғаттап тастаңыз. Сілкініс тоқтамайынша қозғалмай, күтіңіз.
Далада немесе көлікте жүрсеңіз
Жер сілкінгенде ең қауіпсізі – далада болу. Сондықтан дүмпу кезінде далада жүрсеңіз, ішке кіріп, заттарымды алып шығамын деп ұмтылмаңыз. Канализация люктері, электр желілері, жанармай және газ құбырларынан алыс тұрыңыз. Арка, балкон, карниздерге жоламаңыз.
Ал, көлікте болсаңыз оны бағана, электр желісі, көпірлерден алыстау жерге қойыңыз. Құлап кетуі мүмкін. Жер асты өткелдерінің үстіне көлік қою да қауіпті. Дұрысы ашық жерге, тежегішті басып қойыңыз. Сілкініс тоқтағанша машинадан шықпай күтіңіз. Ол қосымша қорғаныс болады.
Радио қосып қойыңыз. Жедел ақпараттарды сол жақтан беруі мүмкін. Егер машинаға электр желісі кабелі құласа, құтқару қызметіне хабарласыңыз. Құтқарушылар келіп, сымдарды алмайынша көліктің ішінде болыңыз. Жер сілкінісі тоқтаған соң, барып қозғалуға болады.
Қоғамдық орындарда жүрсеңіз
Стадион, театр сияқты көпшілік жиналған орындарда жүргенде бас салып есікке қарай жүгірмеңіз. Өйткені сіз секілді басқалары да сонда ұмтылады. Бұл есіктен тез шығуға кедергі болады. Тіпті көп адам жиналған жерде сізді таптап кетуі мүмкін. Орындықтың астына кіріп, қолыңызбен бас пен мойныңызды жауып алыңыз. Сілкініс толық тоқтағанда барып тұрып, ақырын сыртқа шығыңыз.
Жер сілкінген кезде қиранды астында қалсаңыз
Егер қирандының астында қалсаңыз, шығам деп ұмтыла бергеннен гөрі мейлінше аз қимылдаған дұрыс. Өйткені қозғалған сайын шаң көтеріледі. Қолыңыз не аяғыңыз қысылып қалса, шығарамын деп тарта бермеңіз. Артық қыламын деп тыртық қылуыңыз мүмкін.
Мұрныңызды қолмен не шүберекпен жауып алыңыз. Әйтпесе, шаң жұтып, тұншығып қаласыз. Ұялы телефон қасыңызда болса, құтқару қызметіне хабарласыңыз. Қуаты отырып қалмас үшін телефонды үнемдеп пайдаланыңыз. От жақпаңыз. Газ не жанатын заттар төгілген болса, өртке ұласады. Сонымен бірге от жаққан кезде оттегі көп шығындалады.
Қирандының астында қалғаныңызға өте ұзақ уақыт болса, батареялардың тұрбасын белгі беретін құрал ретінде пайдалануға болатынын есте ұстаңыз. Барынша күшіңізді сақтап, сабырлы қалыпта болуға тырысыңыз. Адам тамақ ішпей жарты айдай шыдай алады.
Құтқарушылар келген кезде қай жерде жатқаныңызды білдіру үшін мүмкін болса тарсылдатып белгі беріңіз. Эхопеленгатор арқылы сізді тауып алуы үшін кілтіңізді тарсылдатсаңыз да болады. Чемодан қасыңызда болса, ысқырықпен ысқырыңыз. Бекерден-бекер айғайлап, көмек сұрай бермеңіз. Өйткені сізге күш пен оттегін үнемдеу керек.
Құтқарушылар жүрген болса, олар сізді іздей бастайды. Тапқан соң қасыңызда болған адамдар туралы айтып беріп, олардың да тезірек табылуына көмектесіңіз.
Жер сілкінген соң не істеу керек?
Жарақат бар ма, бәрі дұрыс па — бір қарап шығыңыз. Қажет болса, өзіңізге және айналадағылар алғашқы медициналық көмек көрсетіңіз. Шығару оңай жерлерде қалып қойған адамдарды көрсеңіз, шығуына көмектесіңіз. Аса қатты қажет болмаса, жер сілкінісінен соң 2-3 сағаттай үйге кірмеген дұрыс. Өйткені тағы да қайталануы мүмкін. Үйде болсаңыз, газ және су құбырларын тексеріңіз, тұрмыстық жабдықтарды өшіріп тастаңыз. Газ өртеніп кетпес үшін қоспаған дұрыс. Үйден шығу керек болса, баспалдақпен абайлап түсіңіз. Жергілікті биліктің нұсқауларын орындаңыз.
Зілзала – планетамыздың жер қыртысының немесе мантияның жоғарғы қабатындағы ығысулар мен жарылулардан пайда болатын жер асты дүмпулері мен жер бетіндегі тербеліс.
Жер қыртысындағы сейсмикалық толқындар таралатын нүкте — гипоцентр, ал оның үстіңгі бетіндегі жер эпицентр деп аталады. Жер сілкісінің қарқының 12 баллдық шкаламен өлшейді. Қарқынына байланысты үйде заттар тербеліп, құлайды. Жоғары интенсивті болған кезде терезе шағылып, қабырға жарылып, ғимараттар опырылады. Мұндай кезде өзіңізді сақтау үшін осы кеңестерді білгеніңіз абзал.