Жаңалықтар

Глоссарий: жер сілкінісіне қатысты ұғымдар нені білдіреді

Глоссарий: жер сілкінісіне қатысты ұғымдар нені білдіреді/Фото:shutterstock

Әлдебір елдімекенде жер сілкінсе, жаңалықтар легі де осы тақырыпта көптеп шығады. Оның ішінде «магнитуда», «сейсмикалық белсенділік», «афтершок» деген секілді кей адамға түсініксіз термин көп болады. Kursiv Media тілшісі сейсмологиялық терминдер мен түсініктер туралы глоссарий дайындады.  

Баршаға мәлім жер сілкінісі— тектоникалық плиталар қозғалған кезде пайда болатын тербеліс пен жер асты дүмпулері. Жер қыртысы бірнеше ірі тектоникалық плиталарға бөлінген. Олар соның астындағы жартылай сұйық мантияда қалқып жүреді. Жер сілкіністерінің көпшілігі осы плиталар қозғалған кезде пайда болады. Олар бір-біріне қарай қозғалғанда, қысым артады. Сөйтіп бір сәтте плиталар сырғып, сейсмикалық толқындар түріндегі энергия шығарады. Ол бізге жер сілкінгендей сезіледі.

Мұндай кезде тектоникалық плиталар бірнеше миллиметрден метрге дейін қозғалуы мүмкін. Неғұрлым қатты сырғыса, магнитудасы да соғұрлым жоғары деп есептеледі. 

Балл қалай есептеледі?

Жер сілкінісінің интенсивтілігін әр елде әртүрлі өлшейді. Мысалы, Қазақстанда 12 баллдық Медведев — Шпонхойер — Карник шкаласы қолданылады. Еуропада — 12 баллдық Еуропалық макросейсмикалық шкала, АҚШ-та 12 баллдық Меркалли мектебінің модификацияланған шкаласы, Жапонияда 7 баллдық Жапон метерологиялық агенттігінің шкаласымен өлшенеді.

Қазақстанда қолданылатын сейсмикалық шкала. Айтқандай, бізде зілзала 12 баллдық MSK-64 немесе Медведев — Шпонхойер — Карник шкаласымен есептеледі. Бұл жер сілкінісінің жер бетіне және жасанды құрылымдарға әсерін сипаттайды. Шкаланы 1970 жылдары Кеңес геологтары жасаған. Сәйкесінше, кезінде КСРО-да және Шығыс Еуропада қолданылған.      

MSK-64 шкаласының баллдары қалай сезіледі?

1 балл — мүлдем сезілмейді. Арнайы құралдар арқылы ғана тіркеледі;

2 балл — білінер-білінбес сезіледі. Жоғары қабатта тұратындар, оның өзінде кей адамдар ғана сезуі мүмкін;

3 балл — әлсіз жер сілкінісі. Ілініп тұрған заттар қозғалып, қимылдайды. Мұны кей адамдар тіпті сезбей қалады;

4 балл — сезілетін жер сілкінісі. Ғимараттың ішіндегілерге біршама сезіледі. Ілініп тұрған заттар шайқалады;

5 балл — ұйқыдан оятып жіберетін жер сілкінісі. Ғимараттың ішіндегілер, ашық жердегілерге сезіледі. А типті ғимараттарға шамалы зақым келуі мүмкін;

6 балл — үрей тудыратын жер сілкінісі. Жиһаздар құлап, адамдар қорыққанынан сыртқа қашып шығады. А және Б типті ғимараттарға зақым келуі мүмкін.

7 балл — ғимараттар құлайды. Қорқыныш үдей түседі. Жолдар қақ айырылып, жарылуы мүмкін;

8 балл — ғимараттар қатты опырылады. Жолдарда жарық пайда болады;

9 балл — ғимараттар жаппай құлайды;

10 балл — алдыңғы баллдан да бетер сезіледі. Бөгеттерге зақым келіп, жер асты құбырлары жарылып, майысады. 0,2-ден 1,0 м-ге дейінгі топырақтарда жарықтар пайда болады. Өзен жағаларында ірі көшкін жүруі мүмкін; 

11 балл — жойқын апат. Сапалы салынған ғимарат, көпір, бөгет, темір жол, тас жолдардың өзі қирап, жарамсыз болып қалады.

12 балл — рельеф өзгереді. Өте қатты зақым келеді. Жер асты және жер үстіндегі барлық ғимарат түгел опырылып, жер беті адам танымастай қирайды.

 Сейсмикалық интенсивтілік (I – intensity) деген не? Ол баллмен өлшенеді. Жер сілкінген жерге қаншалықты әсер еткенін сипаттайды. Шкала адамдардың және тұрмыстық заттардың реакцияларына, ғимараттар мен құрылыстардың қаншалықты зақымданғанына және ландшафттың, топырақтың және т.б. өзгерістеріне негізделеді. Жер сілкінісінің қарқыны эпицентрге дейінгі арақашықтыққа қарай әр жерде әртүрлі болады.

Жер сілкінісі ошағының ауқымы — магнитуда немесе энергетикалық класспен өлшенеді.

Глоссарий бойынша нақтылайтын ұғымдар

 Жер сілкінісінің магнитудасы деген не? Латынның magnitudo «маңыз, ауқым, көлем» сөзінен шыққан. Бұл — жер сілкінісі ошағы магнитудасының сандық сипаттамасы. Магнитуда сейсмикалық станциялардағы жер сілкінісі жазбалары (сейсмограммалар) арқылы анықталады. Ол жер сілкінісі көздерін (ошақтарын) магнитудасы мен күші бойынша салыстыруға мүмкіндік береді. Мысалы, «Рихтер шкаласы бойынша осынша баллдық жер сілкінісі болды» деген ақпарат оқысаңыз, демек бұл жерде әңгіме магнитуда туралы болып жатыр деген сөз. Яғни магнитуда — көз өлшеммен жіктеуге көмектесетін шама.  

Энергетикалық класс деген не? Бұл да магнитуда секілді жер сілкінісі ошағын сипаттайды. Бірақ бұл жер сілкінісі кезінде бөлінетін сейсмикалық толқындардың энергиясына тікелей байланысты сипаттама. Энергетикалық класты сейсмологиялық бақылау тәжірибесіне қарай кеңестік сейсмолог Татьяна Глебовна Раутян (1964) енгізген. Энергия класы — сейсмикалық толқын түріндегі ошақтан бөлінетін энергияның ондық логарифмі. Бұрынғы КСРО аумағында жер сілкінісін жіктеу үшін энергетикалық класс шкаласы кең қолданылған. Бұл шкала қарқыны әлсіз және орташа жер сілкінісін бағалауға – өте қолайлы. Кластың шамаға қатысты формулалары бар. Шамамен 4 балл — 10 класқа, 7 балл 15 класқа сәйкес келеді деуге болады. Бірақ өте қатты жер сілкіністерін магнитудалық мәндермен бағалаған дұрысырақ.

Сейсмограф деген не? Бұл — жер сілкінісінің күшін, бағытын және өлшемін анықтауға арналған құрал. Ол жер қозғалысын өлшейтін датчик  – сейсмометрден және сол сейсмометр шығарған сигналды жазатын құрылғыдан тұрады. Былайша айтқанда, жерді тыңдап, жазып алатын диктофон іспеттес. Бір айырмашылығы сол – сейсмограф жер сілкінісі толқындарының графикалық ізін жасайды. Содан кейін бұл ізді жер сілкінісінің күші мен орнын анықтап, анализ жасауға болады. 

Қайталанатын тербеліс немесе афтершок. Глоссарий бойынша мән беретін тағы бір ұғымның бірі – афтершок. Мұндай жағдай үнемі болады десек, артық емес. Өйткені жер сілкісінің табиғаты сондай. Қайталанатын афтершоктардың нақты қашан болатынын болжау мүмкін емес. Ғалымдар мұндай құбылыс апталап, тіпті айлап қайталануы мүмкін екенін айтады. Бірақ  қайталама жер сілкінісі негізгіден әлдеқайда әлсіз болады. Сондықтан аса қорқудың қажеті жоқ. 

Глоссарий ұғымдарынан тыс түсіндірме

Жер сілкінісін алдын-ала қалай болжауға болады?

Глоссарий ұғымдарына енбесе де, одан тыс осы мәселеге де мән беруді жөн көрдік. Өйткені әзірге жер сілкінісінің уақыты мен күшін дәл болжай алатын еш құрал ойлап табылмады. Әрине, жер қыртысындағы сейсмикалық белсенділіктің және деформацияның өзгеруін анықтау әдістері бар. Соған қарап жер сілкінуі мүмкін деген ықтимал болжам ғана жасауға болады. Дегенмен уақыты мен орнын нақты айту мүмкін емес. Қазіргі таңда әлем бойынша ерте хабарлау жүйелерін жетілдіруге, оқыту және халықтың барынша хабардар болуына баса назар аударылып жатыр. Ерте хабарлау жүйелері жер сілкінісінің басталғанын анықтау үшін сейсмикалық бақылау желілерін пайдаланады. Осылайша зардап шеккен аймақтағы адамдарға жедел ескертулер жібереді. Бұл оларға қатты сілкініс басталғанға дейін қорғаныс шараларын қабылдауға мүмкіндік береді.

 Жасанды интеллект арқылы табиғи апатты болжауға бола ма? Жер сілкінісіне қатысты болжам құралы мен ертерек хабар беру жүйесін дайындауға қазір нейрон желілерін біртіндеп қарастырып жатыр. Яғни жасанды интеллектінің машинаны оқыту және тереңдетілген оқыту алгоритмдерін тарихта болған сейсмикалық деректерді пайдалана отырып, заңдылықтарды анықтауға қолдануға болады. Осылайша алда болуы мүмкін ықтимал оқиғаларға болжам жасалады. Әлбетте, жасанды интеллект арқылы жасалған бұл болжамның өзі нақты болады дей алмаймыз.