Жыл соңына қарай трендтерді түгендеп, ендігі жылға қатысты болжам барлық дерлік салада жасалады. Қаржы саласындағы трендтерге халықаралық тәуелсіз консалтиң компаниялары тоқталды. Атап айтқанда, deVere Group пен McKinsey 2024 жылы финтех нарықтың қандай бағытта дамып, жылжитынын анықтап көрген. Мамандардың айтуынша, жасанды интеллектінің қарқыны күшейе түсіп, криптовалюта мен дижитал валютаға қызығушылық арта түседі. Олай болса, финтех-индустриядағы биылғы трендтерге жеке-жеке шолу жасайық.
Криптовалютаға сенімге кіреді
DeVere Group халықаралық қаржылық консалтиң компаниясының болжамына қарасақ, 2024 жыл финтех үшін динамика мен инновацияға толы жыл болмақ. Түгел салада түрлі «төңкеріс» болуы да мүмкін деседі. Сарапшылар трендтің басына криптовалютаның танымалдығы мен маңызы артатынын қойған. Қарап тұрсақ, кейінгі бір жылдың өзінде биткойн бағасы 155 пайызға қымбаттаған. Бұл биыл да жалғасын табатын болса керек. Өйткені институттық инвесторлар нарыққа капитал әкеліп қана қоймай, өз ықпалын да көрсетіп отыр. Дәстүрлі қаржы компаниялары мен институттары криптовалютаны мойындай түскен сайын сенім де нығаятыны белгілі. Компанияның баяндамасында «Біз алдағы уақытта криптовалютаның инвестициялық қоржынды әртараптандыруда және трансшекаралық операцияларды жүргізуде маңызды рөл ойнайтын болады деген болжам жасап отырмыз. Осылайша қаржы нарығының ландшафтына әжептәуір өзгеріс әкеледі» делінген.
Дижитал валютаның дәурені басталады
Келесі тренд орталық банктердің (Central Bank Digital Currencies, CBDC) дижитал валютасының таныла түсуімен байланысты. Кей орталық банктер төлем құралдарын жаңартып, қаржы жүйесін кеңейту үшін цифрлық валюталарын қосып үлгерді. Сондай-ақ Қазақстан секілді байқап көру үшін қанатқақты жоба жасап жатқандар да бар. Мысалы, былтыр қарашаның ортасына қарай сингапурлық MAS 2024 жылы банктер арасында есеп айырысу үшін дижитал валюталар шығара бастайтынын мәлімдеген еді. Сынақ мақсатында JP Morgan, HSBC, Amazon, Alipay және тағы басқа банктер, финтех және интернет-компанияларда қолданысқа енгізуді жоспарлап отыр. Бұл дегеніміз осылай әр елдің орталық банктері пилотты жобаларды неғұрлым көп қосатын болса, дижитал валютаның қаржы жүйесіне көп өзгеріс әкелетінін білдірсе керек. Елдегі жағдайдан да бірауыз хабардар етейік. Қазақстанның Ұлттық банкі де дижитал теңге шығаратынын жариялаған еді. Ұлттық төлем корпорациясының төрағасы Бинұр Жәленов Алматыда өткен Қаржыгерлер конгресінде цифрлық теңге арқылы алғашқы транзакцияны жасап, көрсеткен болатын. «Төлемдер жылдам жасалуы керек. Сөйте тұра азаматтар мен бизнестің ақшасының қауіпсіздігі де аса маңызды. Кез келген қазақстандық әлемнің қай жерінде жүрсе де дижитал төлем жасай алатындай болуы қажет» деген еді Жәленов.
Дижитал теңге қолма-қол және қолма-қолсыз төлемге қоса үшінші формаға айналады. Яғни цифрлық теңгенің көмегімен интернет жоқ жердің өзінде офлайн режимде төлем жүргізуге болады. Бір офлайн-тізбекте 15 транзакция жасауға мүмкіндік бар. Ал онлайн төлем жасау үшін банк қолданбаларын пайдалана аламыз. Дижитал валютаны кез келген қазақстандық қолданса болады. Ол үшін еш қолданба жүктеп, орнатып жүрмейсіз. Қосымша құрылғы сатып алудың да қажеті жоқ. Керек болса, қалаған банктің банкоматынан қолма-қол ақша қылып шығарып алуға болады. Әзірге Ұлттық банк екінші деңгейлі төрт банкпен интеграция жасады. Атап айтқанда, Еуразиялық банк, Банк Центр Кредит, Halyk Bank және Altyn Bank. Сонымен бірге Visa және Mastercard халықаралық төлем жүйелері мен Onay көлік карталары операторымен интеграция орнатылған. «Оңай» картасы бар оқушы дижитал теңге арқылы асханадан жейтін тамағын төлей алады. Ал қандай транзакция жасалып жатқаны барлығына — мектепке, қызмет көрсетушіге және ата-анаға көрініп тұрады. Тағы бір айта кететін жайт — цифрлық валютаны криптовалюта немесе өзге де дижитал активтерге қатысты операциялар жасау үшін де пайдалануға мүмкіндік бар. Өйткені платформа блокчейн технологиясымен жасалған. Бұл валютаны қолданып көргісі келгендер алдымен арнайы банк картасын ашуы керек. Алдағы уақытта өзіңізде бар картадан шот ашатындай жағдай жасау туралы жоспар бар.
Жасанды интеллект трендтен түспейді
Әлбетте, жасанды интеллектіге қатысты тренд биыл да жалғасады. 2023 жылғы дүр сілкіндірген жағдайлар көптің есінде болар. Әсіресе, қаржы саласындағы компаниялар AI технологияларды жұмыс сапасын жақсарта түсуде белсенді қолданып жатыр. Мысалы операцияларды оңтайландырып, клиенттерін бұрынғыдан жақсырақ түсіну үшін жасанды интеллектіден артық көмектесетін құрал жоқ десе болады. Соның арқасында шешім қабылдарда да жеті рет өлшеп, бір рет кесуге мүмкіндік туды. Жасанды интеллектінің болжамды жақсы жасайтын қасиетін ескерсек, тәуекелдерді де алдын-ала біліп, небір алаяқ схемалары да демде ашылып жатыр. 2024 жылы да мобайл төлем жүйелері дамып, киберқауіпсіздік шаралары күшейе түседі деседі. Оның ішінде, биометриялық деректерді өңдеу және сақтауға қатысты шаралар нығаяды. Олай болатын себебі — индустрия қарқынды дами түскен сайын кибершабуыл да көбейе береді. Ал ол үшін бес қаруды сайлап, сақадай сай тұрмаса тағы болмайды. Сондықтан биыл компаниялар осындай шабуылдарға жақсырақ дайындалып, киберқорғаныс мәселесіне баса мән беретін болса керек. Қорғаныстың қазіргі уақыттағы ең сенімді түрі деп биометрияны айтамыз. Әрі ол қолданушының идентификациясын да жеңілдете түседі. Биометриялық деректерді өңдейтін дамыған технологияларды енгізе отырып, финтех компаниялар клиенттің сенімін жаулап, түрлі тәуекелдің де алдын алады. Өйткені деректердің қолды болуы, кибершабуыл сынды жағдай арта түсетіні анық.
Мобайл төлемдерге сұраныс артқаны — артқан
Әрине, мобайл төлем жасау өте оңай әрі қолайлы. Сондықтан кейінгі кездері төлемнің бұл түрі таныла түсті. Бұл тенденция 2024 жылы да жалғасады деседі. Смартфон қазір барлығының дерлік қолынан табылады. Дижитал әмияндардың да дәурені жүріп тұр. Сондықтан тұтынушылар төлем жасап, транзакция жүргізу үшін осыдан оңай жол жоқ деп жиі қолданатын болған. Осыған қарап мамандар финтех-компаниялардың алдағы уақытта да қолданушы үшін барынша қолайлы шешімдер ұсыну үшін инвестиция салады деген болжам жасап отыр. Осылайша қолма-қолсыз төлем жасайтын қоғам тіпті кеңейе түседі.
Киберқауіпсіздікке баса мән бермесе болмайды
Бұған дейін айтқанымыздай, ең қиын әрі қауіпті тұсы сол — кибершабуыл артуы мүмкін. Сондықтан биометрия, деректерді беруге келгенде киберқауіпсіздік қатты сақталуы керек. Компаниялар 2024 жылы осыған баса мән беретін болады. Әсіресе, қауіпсіздік сақталатын сенімді шаралардан финтех-компаниялар ақша аямайды. Биометриялық аутентификация, оның ішінде түр және саусақ іздерін танитын тәсілдерге келгенде инвестиция салып, қаржы бөлуге даяр болады деседі. Жалпы алғанда биометрия қауіпсіздікті күшейте түседі. Қолданушылардың идентификациясы үшін де жақсы. Осы арқылы компаниялар қолданушылардың жүрегіне жол тауып, сеніміне кіреді. Сәйкесінше, өзі үшін де тәуекелді азайтады. Құпия деректер де жақсырақ сақталады.
Қаржы технологияларын кез келген адам еркін қолдана алатындай жағдай жасалады
Күллі әлем, дамыған елдер осы бағытта белсенді жұмыс істеп жатыр. 2024 жылы барлығына бірдей қолжетімді болуы үшін түрлі бастама атқарылуы мүмкін. Осы мақсатта финтех-компаниялар инновациялық шешімдер ұсынады. Оның ішінде мобайл банкиң, микроқаржыландыру, блокчейнді пайдаланады. Осылайша жаһандық тұрғыда экономикалық мүмкіндіктерді кеңейтіп, кедейлікті азайтуға әсер етеді деп күтіліп отыр. Демек, биыл қаржы технологиялары секторы дамылсыз дамып, инновацияларға толы болады. Бұл болса, қаржы транзакцияларын жасау тәсілдерін өзгертіп қана қоймай, қаржылық экожүйенің табиғатына да біршама төңкеріс әкеледі.
Финтехтегі табыс дәстүрлі сектордан үш есе жылдам өседі
McKinsey жасаған болжамда 2023-2028 жылдар арасында финтех-сектордағы жылдық табыс орта есеппен үш есе жылдамырақ өседі делінген. Дегенмен бұл жолда түрлі қиындық болатыны да белгілі. Компания сарапшылары осыған баса назар аударуға кеңес береді. Өйткені алда жасалуы керек делінген, бірақ әлі шешімі табылмаған бағыт жетерлік. Соларды «пысықтау» маңызды. Инвесторлар қазірдің өзінде жаңаша қаржылық парадигмаға біртіндеп бейімделіп келеді. Технологиялық революцияның жемісін бизнес үшін ашылып жатқан мол мүмкіндіктерден-ақ көріп жатырмыз. Мысалы дәстүрлі банк секторында жылдық орташа табыс 2028 жылға қарай 6 пайыз шамасында болады деп болжам жасалса, финтехке қатысты үлес — 15 пайыздан астам. Мұндай болжамды McKinsey сарапшылары жасап отыр.