Жеті жылға темір торға тоғытылған «Алға, Қазақстан» оппозициялық партиясының жетекшісі, марафоншы Марат Жыланбаев аштық жариялады.
Марат Жыланбаев өзінің конституциялық құқықтарының бұзылуына наразылық ретінде аштық жариялады. Бұл туралы «Курсивтің» редакциясына оның адвокаты Мейіржан Досқараев хабарлады.
Адвокаттың айтуынша, ол сот қаулысынан кейін «сот үкімінің күші жойылғанға дейін мерзімсіз аштық жариялаймын» деп шешім қабылдаған.
2023 жылғы 29 қарашада Астананың қылмыстық істер жөніндегі соты «тыйым салынған ұйымның қызметіне қатысты» және «экстремизмді қаржыландырды» деген айыппен Марат Жыланбаевты 7 жылға соттаған болатын.
Марат Жыланбаев 1963 жылы 19 тамызда Қарағанды облысы Қарқаралы ауданы Фрунзе совхозында дүниеге келген. Ол Қазақстандық марафоншы, халықаралық дәрежедегі спорт шебері. Гиннестің рекордтар кітабына жеті мәрте енген. Адамзат тарихында Азияның, Африканың, Аустралияның және Американың ең үлкен шөлдерін жүгіріп өткен бірінші және жалғыз спортшы.
Айта кетейік, Астана қалалық соты 7 жылға сотталған марафоншы Марат Жыланбаевтың үкімін өзгеріссіз қалдырды.