Депутат: Киік санын реттеу – ақбөкенді аяусыз қыру емес
Депутат Ерболат Сатыбалдин ақбөкенді аяусыз қырып жатқан құзырлы орындарды сынға алды. Ол буаз киіктерді оңды-солды ата бермей, тек қазан-қараша айларында реттеу керек деп пайымдайды. Мәжілісмен киік популяциясын шаруаларға зиян тидірмейтіндей, халықты әбігерге салмайтындай етіп реттеуді ұсынды.
Осы мәселені көтерген депутат Бас Прокурор Берік Асылов пен Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаевқа сауал жолдады.
«Былтырдан бері «киіктің қатары қоюланып кетті, егінге түседі» деген шаруалардың уәжін естіп жатырмыз. Сол себепті 2024 жылдан бастап киікті азайтуға мемлекеттік органдардан ресми түрде рұқсат берілді. Алайда құзырлы орындар «азайту дегенді аяусыз қыру» деп түсінген сияқты. Таяуда Ұлытау облысы, Жаңарқа ауданы, Қызылжар ауылы «Охотзоопром» ӨБ» қызметкерлерінің киік санын азайту желеуімен буаз киіктерді атып жатқаны жергілікті тұрғындардың наразылығын тудырды. Бұл жерде елдің наразылығы орынды. Обал мен сауапты айыра білетін ел іргесінде болып жатқан мұндай сұмдыққа шыдай алмаған», – дейді депутат.
Сатыбалдин «Охотзоопром» ӨБ» қызметкерлерінің бұл қадамына құзіретті орындар құқықтық бағасын беруі керек деген ойын ортаға салды. Себебі аталған мекеме қызметкерлері салалық министрлік қабылдаған регламентке сай жұмыс атқармаған.
Регламент бойынша:
- бірінші, ақбөкендер ауыл маңына 10 шақырым жақындағанда жауапты мекеме қызметкерлері елді дүрліктірмей, халыққа бірінші кезекте құлақтандыру, ақпараттандыру жұмыстарын жүргізу керек.
- екінші, ақбөкендердің популяциясын шектеу шараларын орындау – жаппай қыру емес. Ақбөкендер табынын санитарлық реттеу үшін ақсақ-тоқсағын, кәрі-құртаңын, ауру-сырқауын бірінші нысанаға алу керек.
- үшінші және ең бастысы, ақбөкенді буаз кезінде азайту шаралары жүзеге асырылмау керек.
Депутат Бас прокуратурадан мәселенің мәнін терең қарастырып, «Охотзоопром» ӨБ» қызметкерлерінің іс-әрекеттеріне құқықтық баға беруін талап етті.
Оған қоса, Экология министрлігіне киік санын азайтуға бағытталған шараларды толық пысықтап, тиісті регламентке өзгеріс енгізуді ұсынды. Киік табынын реттеу ақбөкеннің лағы аяқтанған кезең мен күйекке түсер мезгіл арасында, яғни қазан-қараша айларында жүзеге асырылуға тиіс.
Киікті неге ата бастадық?
Ең басты себеп – киік саны көбейіп кетті. Ресми мәлімет бойынша, ақбөкен басы 2 миллионға жеткен. Шаруалар шабындықты таптап, егінімізді жайпап кетті деп шағымданды.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметі бойынша, киіктер былтыр шабындық және жайылымдық алқаптарға айтарлықтай зиян келтірген. Атап айтқанда, Қостанай, Қарағанды, Ақмола, Ақтөбе, БҚО өңірлерінде шамамен 122 мың га егіс алқаптары тапталған. Есептік шығын 12 млрд теңгеден асқан.
Бұл мәселенің күрделілігін ескере келе ақбөкен популяциясын реттеу мәселесі көтерілген еді. 2023 жылы қыркүйекте Экология және табиғи ресурстар министрлігі киіктерді саны реттелетін жануралар қатарына кіргізді.
Ресми органдар реттеу шаралары халықаралық тәжірибеге сәйкес жүргізілетінін мәлімдеген. Яғни ғылыми негіздерге сүйене отырып, жануарлар дүниесіне зиян келтірместен киік санын азайту көзделген.
Алғашқыда үкімет киікті «қарал» тәсілімен қоршауға алып сою арқылы азайтылатынын мәлімдеген болатын. Бірақ Оралда ақбөкенді атуға рұқсат 4200 теңгеге сатылып жатыр деген ақпарат тарады. Сол кезде ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев жаңбыр жиі жауып, ауа райының қолайсыздығына байланысты қарал тәсілін жүзеге асыру қиындап кеткені себепті, атуға рұқсат етілгенін айтты.
Ақбөкендерді ұстап, сойып, зауытқа өткізумен орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі инспекциясының қызметкерлері айналысады.
Елімізде шамамен 200 мың ақбөкен ауланады деп жоспарланған. Құнды саналатын ақбөкен мүйізі таңбаланып, арнайы мемлекеттік кәсіпорындарда 2025 жылға дейін сақталып, кейін сатылатын болады.
Жақында министрі Ерлан Нысанбаев киік санын реттеу шараларына мемлекеттен ақша бөлінбеді деп мәлімдеді. Шенеунік киік етінен жасалған консервіні сатып алып, міндетті түрде дәмін көретінін айтты.
«Мен бұл туралы мүлде ойламаппын. Егер сатылып жатқанын көрсем, алып дәмін көремін», – деді ол.