Илон Масктың интернеті: Starlink Қазақстанға қашан толық келеді?

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
Starlink  Қазақстанға
Starlink Қазақстанға қашан толық келеді. Фото: shutterstock

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Мәлік Олжабеков Starlink интернетін тек ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз еткенде ғана ел бойынша пайдалану мүмкін болатынын айтты. Қазіргі кезде ол пилоттық жоба ретінде мектептерге енгізілген.

Мәжілістің жалпы отырысында байланыс, цифрландыру және ақпараттандыру саласының инвестициялық ахуалын арттыру мәселелеріне қатысты заң жобасы талқыланды. Сонда депутат Мұрат Әбенов байланыс операторларының мүддесіне сай, Starlink интернетінің келуін қолдан созып отырғандаймыз деп мәлімдеді.

«Қазір бізде Starlink технологиясы бар. Бірақ оны енгізуге тосқауыл қойып, ұзаққа созып отырмыз. Бұл мәселе комитетте қаралды. Қауіпсіздікке байланысты шектеулер бар екені түсінікті. Бірақ ең маңызды аргумент ретінде біздің байланыс операторлары зардап шегетіні айтылды. Олар нарықтан айырылып қалады екен. «Старлинк» келсе, біреулер қомақты табысынан айырылып қалады. Ал іс жүзінде қаншама ауылдарға неше жылдан бері интернет жекізе алмай отырмыз?», – деді депутат.

Мәжілісмен үкімет елдегі 2000-нан аса мектепке «Старлинк» интернетін қоса отырып, қоғамға «бұл заңсыз, осы саланы реттейтін заң жоқ» дейтініне назар аударды,

«Мемлекеттік мектептерге осы интернетті қосқанда қандай заңды ұстандық? Енді осы мехнизмді қолданып, интернетсіз отырған ауылдарды әлемдік желімен қамту мәселесін уақытша болсын қалай шешуге болады?», – деп сауал тастады.

Депутатқа жауап берген ЦДИАӨМ вице-министрі Мәлік Олжабеков Starlink технологиясының ерекшеліктеріне байланысты сәйкес келмейтін техникалық параметрлер бар екенін алға тартты. Мәселен, бұл технологияны пайдалану үшін коммуникацияны басқару құралдары республика аумағында орналасуы керек екен. Ал Starlinк-те олар бұлтты технологияларға негізделген.

«Бұл технологиялардың артықшылығы бар екенін түсіне отырып пилоттық жобаны қолға алдық. Неге пилоттық жобаны мектептерден бастадық? Мектептер, ең басты мәселе – ақпараттық қауіпсіздік талаптарына сай келетін техникалық шешім таба алатын шағын орта. Ең бастысы, өз ақпараттық кеңістігіміздің қауіпсіздігін қамтамасыз етуіміз керек: қарапайым пайдаланушылар дербес деректерінің жоғалмауы, зиянды бағдарламалардан қорғау», – деді ол.

Мәжіліс кулуарында вице-министр журналистерге қазірдің өзінде келіссөз жүргізіліп жатқанын жеткізді. Оның айтуынша, елдегі ақпараттық қауіпсіздік қамтамасыз етілгенде ғана бұл технологияны пайдалану енгізіледі.

Starlink деген не?

Америкалық SpaceX компаниясының Starlink жаһандық спутниктік желісін 2019 жылы орбитаға шығарды. Қыркүйек айындағы мәлімет бойынша Starlink жазылушыларының саны 2 миллионға жеткен.

Компания иесі Илон Маск өзінің Starlink спутниктік желілері 4 жылан соң шығынсыз жұмыс істей бастағанын хабарлады.

Кәсіпкер қазіргі уақытта орбитада жүрген белсенді спутниктердің көбісі Starlink-ке тиесілі екенін айтты. Сонымен бірге жерден алдағы уақытта ұшырылатын спутниктердің көбісін осы SpaceX орбитаға жібереді.

Starlink желісі 5G стандартына сәйкес келетін, секундына 1 гигабит трафик жылдамдығымен ғаламшардың кез келген нүктесінен Интернетке қолжетімділікті қамтамасыз етуге арналған. Қазіргі уақытта Жердің төмен орбитасында (Жер бетінен 550 км-ге дейін) 5 мыңнан астам осындай құрылғылар бар. Бұл барлық белсенді жерсеріктердің жалпы санының жартысын құрайды. Әрбір құрылғы үш жарым жыл жұмыс істеуге арналған.

Қазақстанға қашан келді?

2023 жылы Қазақстандағы 2 мыңға жуық ауылдық мектеп Илон Масктің интернетіне қосылатыны белгілі болды.

ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин өз операторларымыз келіспеген соң, амалсыздан SpaceX-ке жүгінгенін жеткізді.

«Осы уақытқа дейін байланыс операторларының ауылдарға жетуін күттік. Біз оларды олай да, бұлай да үгіттедік. Бірақ одан еш нәтиже шықпады. Ақырында SpaceX-ке жүгінуге тура келді. Бүгін біз Лоренмен (SpaceX-тің вице-президенті Лорен Дрейер) бірге президентке жағдайды баяндадық. Солайша интернетпен нақты проблема болған шалғай ауылдарға, спутниктік антенналар арқылы секундына 4 мегабит интернет алып жүрген екі мың мектептің қажеттілігін Starlink-пен бірге жарты жылда жабамыз деп жоспарлап отырмыз», – деді Мусин Астанада өткен Digital Bridge 2023 форумында.

Министр қазіргі жүргізіліп жатқан келіссөздерге сәйкес интернет байланысының әр нүктесіне 200 доллар көлемінде қаражат жұмсау көзделіп отырғанын айтты. Бұл сомаға құрылғы құны мен орнату, техникалық қолдау көрсету қызметі кірмейді.

Бұған дейін SpaceX компаниясының терминалын өз бетінше орнатқан қазақстандықтар айыппұл төлейтінін хабарлаған болатынбыз. Бұл туралы Телекоммуникациялар комитеті байланысты бақылау департаментінің басшысы Диас Төлегенов айтқан.

Диас Төлегенов Қазақстанда жеке тұлғалар SpaceX спутниктік интернеті бар Starlink абоненттік терминалын орнатуға болмайтынын, бұл заңға қайшы екенін түсіндірген.
Ол Қазақстан азаматтары 500-1500 доллар төлеп, Starlink терминалдарын өз беттерінше орнатып жатқанына қатысты пікірі білдіріп:

«Мұндай адамдар бар. Тиісті органдар анықтау, нақтылау жұмыстарын жүргізуде. Қолданыстағы нұсқада пайдалану қауіпсіздік талабына сай келмейтіндіктен, заңнаманы бұзады. Пилоттық жоба аясындағы техникалық жұмыстар аяқталмайынша және заңға тиісті өзгеріс енгізілгенше, бұл заң бұзу болады», – деген.

Сондай-ақ оқыңыз