Қазақстанда вейптерді әкелу, тарату және сатуға тыйым салынады

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
вейптерді
Қазақстанда вейптерге тыйым салынды Фото: kursiv.media

Қазақстанда вейптерді әкелу, өндіру, сату және таратуға тыйым салынады. Мәжіліс «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне денсаулық сақтау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын» қабылдады. Құжат Сенатқа жолданды.

Вейптердің заңсыз айналымы үшін қылмыстық жауапкершілік:

  • сатқаны үшін ең жоғары жаза – 50 тәулікке дейін қамауға алу;
  • әкеліп, таратқаны үшін – 2 жылға дейін бас бостандығынан айыру,
  • қылмыстық топ жасаған не аса iрi мөлшерде, бiрнеше рет жасалған әрекет үшiн – 5 жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыру көзделген.

Депутат Гүлдара Нұрымованың айтуынша, заң жобасында әскери медицина қызметкерлерінің қызметін жетілдіру, медициналық көмек көрсету кезінде клиникалық хаттамаларды ұсыныстар ретінде қолдану жөніндегі нормалар көзделген.

Сонымен қатар медициналық қызметкерлерге емделушінің жеке ерекшеліктеріне қарай емдеудің оңтайлы әдістерін таңдау мүмкіндігін беру үшін медициналық көмек көрсету кезіндегі міндетті клиникалық хаттамаларды қолдану алынып тасталады.

92 депутат заң жобасын қолдап дауыс берсе, біреу қалыс қалған.

Контекст

Былтыр депутаттар – Еділ Жаңбыршин, Жұлдыз Сүлейменова, Ғалымжан Елеуов, Дәулет Тұрлыханов және Гүлдара Нұрымова осы мәселеге қатысты Үкімет басшысына бірнеше депутаттық сауал жолдап, «AMANAT» партиясы жанындағы Білім беру және денсаулық сақтау мәселелері жөніндегі республикалық кеңесте кеңінен талқылаған.

2023 жылы тамызда Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев Қазақстанда вейпке толық тыйым салу туралы шешім қабылданатынын айтты. Министрдің айтуынша, Заң жобасын Денсаулық сақтау министрлігі әзірлеген.

«ДСМ Заңды ведомствоаралық комиссияға берді, біз оны қарадық. вейптерге толығымен тыйым салу туралы шешім сөзсіз қабылданады», – деді Жамаубаев.

Оның айтуынша, қазір вейптерді сатуға тыйым жоқ, бірақ тыйым салу туралы тиісті заң күшіне енген бойда контрабанданың алдын алу үшін барлық ресурсты пайдаланады.

«Ұлттық ғылыми медициналық орталық» АҚ басқарма басшысы, медицина ғылымдарының докторы Абай Байгенжин Қазақстанға дизайны мен хош иісі жарқын вейптерді әкелуге және сатуға тыйым салуды ұсынған болатын. Байгенжиннің пайымдауынша, вейпті тұтыну 10 жылдан кейін өкпе ауруымен ауыратын науқастардың көбеюіне әкеледі.

Оның айтуынша, электронды темекі сату 2006 жылы басталып, кейін оның құрамында тек никотин болған, ал 2017 жылы вейп деп аталатын хош иістендіргіш электронды темекілер шығарыла бастаған.

Сарапшылар электронды темекі өкпені туберкулез дертімен тең дәрежеде зақымдайтынын айтты.

«Бұл өнім құрамында өкпеге зиянды қоспалар бар. Ол қоспалар өкпе эпителийін зақымдайды. Бүгінде электронды темекіні оқушылардың көп тұтынуына байланысты Қазақстан өкпе аурулары бойынша қауіпті аймақта тұр»,  – дейді Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық көмекті ұйымдастыру департаменті директорының орынбасары Гүлнәр Сәрсенбаева.  

Дүниежүзілік Денсаулық ұйымының мәліметінше,  33  мемлекет электронды темекі сатуға тыйым салса, 79 ел бұл өнімді қоғамдық орындарда тұтынуға, жарнамалауға, дамытуға, бұл өнімдерге демеушілік жасауға тыйым салған.

Сондай-ақ оқыңыз