«Бәйтерек» вагон сатып алуға биржадан 200 млрд теңге тартады
26 қаңтарда «Бәйтерек» Ұлттық холдингі Қазақстан қор биржасында (KASE) құны 190 млрд теңге болатын 15 жылдық облигацияларын орналастыруды жоспарлап отыр.
Halyk Finance брокерлік компаниясының хабарлауынша, бір купондық облигацияның номиналы 1000 теңге. Шығарылатын қағаздардың саны – 190 млн дана, өтеуге берілетін мерзім – 15 жыл, тіркелген купондық мөлшерлеме – 13%. Halyk Finance андеррайтер болады. Сыйақы төлеу облигациялар айналымы басталған күннен бастап әр 12 ай сайын, яғни жылына бір рет жүргізіледі.
Облигация алған азаматтар бағалы қағаздарды эмитентке бес жылдан кейін номиналды құны бойынша сатуға құқылы.
2023 жылдың 9 айында «Бәйтерек» Ұлттық басқарушы холдингі 400,1 млрд теңге пайда тапқан. 2022 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында алған 170,3 млрд пайдасымен салыстырақ, биылғы көрсеткіш 2,3 есе өскен.
Холдинг активтері 9,3%-ға, 12,2 трлн теңгеден 13,4 трлн-ға дейін жетті. Міндеттемелері де 6%-ға көбейіп, 10,1 трлн теңгеден 10,7 теңгеге жетіп жығылған. Компанияның меншікті капиталы да жақсы өсім байқатып, 25,2% -ға, 2,1 трлн-нан 2,6 трлн теңгеге дейін өсті.
«Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ – кәсіпкерлікті қолдау мақсатында құрылған даму институты. Ұлттық холдингтің негізгі міндеттері: экономиканың шикізаттық емес секторларын, кәсіпкерлікті дамыту, шикізаттық емес өнім экспортын қолдау, АӨК-дегі қаржыландырудың қолжетімділігін, өндірісті техникалық жарақтандыру және қарқындату деңгейін арттыру, экономиканың урбандалуын қолдау. Ұлттық холдинг акцияларының 100%-ы Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті арқылы мемлекетке тиесілі.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы жолдауында «Бәйтерек» холдингінің құрылымы өзгеретінін мәлімдеген еді.
Оның айтуынша, мемлекеттік қолдау шараларын өндірістің технологиялық күрделілігіне және бизнестің нақты түріне қарай жіктеу, оның операциялық тиімділігі жоғары болу маңызды.
«Сондықтан «Бәйтерек» холдингінің құрылымын өзгертіп, оны кең ауқымда цифрландырған жөн. Экспортты ұлғайтуға айрықша мән беру керек. Оның әдіс-тәсілдері болғанымен, жүйелі ұстаным жоқ. Осы орайда KazakhExport компаниясы экспортты дамытатын толыққанды институтқа айналады. Компанияға осы міндетті атқаруға қажетті құзырет берілуге тиіс», – деді Президент.
Қазан айында холдингтің экс-басшысы Қанат Шарлапаев министр болып, оның орнына Нұрлан Байбазаров тағайындалған.
Өткен жылдың қазан айында «Бәйтерек» холдингі Қазақстандағы дәулетті адамдардың біріне қатысы бар компанияның 49%-ына иелік ететіні хабарланды.
Сонымен қатар, 2021 жылы жекешеленіп кеткен «Қазақстанның инвестициялық қоры» холдингке қайтарылды.
Осы орайда, Дүниежүзілік банк «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі жұмысын қайта қарап, оны саяси және бюджеттік жүйеден тәуелсіз институтқа айналдыруды ұсынады.
Холдинг 2022 жыл үшін 58 млрд теңге дивиденд төлегенін жариялады.