Шүкіжанованың орнына кім депутат болады
24 қаңтар күні мәжіліс депутаттары депутат Динара Шүкіжанованың мандатын тапсыру туралы шешімін қолдады. Respublika партиясы «Шүкіжанованың орнына кім депутат болады» деген сұраққа жауап берді.
Партия төрағасы Айдарбек Қожаназаровтың айтуынша, Шүкіжанова партия төрағасының орынбасары қызметінде қалады.
«Бір апта ішінде партия орталық кеңесін жинап, шешім қабылдаймыз. Үміткерлер бар. Бейбіт Әлібеков парламентке келе қоймас. Өзге де мамандар бар», – деді Қожаназаров.
Ол жаңа депутат таңдау кезінде Динара Шүкіжанованың да пікірі ескерілетінін айта кетті. Партияның алдағы екі апта ішінде дауыс беру арқылы жаңа депутатты таңдайтынын атап өтті.
Партия төрағасының айтуынша, Мәжілістен кету туралы шешімді Шүкіжанова біраз уақыт бұрын қабылдап, өзі ұсынған заң жобаларын бекіткеннен кейін біржола кетуді қалаған. Ол алдағы уақытта бизнеске қайтып оралуды жоспарлар отыр.
«Келіспеушіліктер болды деген жалған сөздер тарап жатыр. Біріншіден, біз Respublika партиясы құрылмай тұрып таныс әрі дос болғанбыз. Әлі де доспыз. Партияда өзара бәсекелестік жоқ.
Қожаназаровтың айтуынша, Шүкіжанова алдағы уақытта Қостанайдағы өзі бұрын жұмыс істеген өнеркәсіп орнына қайтып баруды жөн көрген. Болашақта парламентке қайтып келу туралы ойы бар екенін айтқан.
Айта кетейік, парламенттің төменгі палатасының жалпы отырысында Динара Шүкіжанова депутаттық мандатын ресми түрде тапсырды. Оның шешімін Мәжіліс депутаттары қолдады.
Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Шавхат Өтемісов Мәжіліс депутаты Динара Шүкіжанованың өз еркімен депутаттық мандатын тапсыру туралы арыз жазғанын айтты.
«Құрметті Ерлан Жақанұлы, құрметті әріптестер! Өзім үшін қиын шешім қабылдадым, Мәжілістен кетіп, облыстағы өндіріске оралу. Әрине, менің барлық депутаттық бастамамды партиядағы әріптестерім жалғастырады. Respublica партиясында қаламын, партияның тең төрағасы ретінде және халық пен бизнестің мүддесін қорғауды жалғастырамын. Мен өндірісте, өнеркәсіпті дамытуда және Қазақстанға жаңа инвесторларды тартуда ел экономикасына көбірек пайда әкелетініме сенімдімін», – деді Динара Шүкіжанова.
Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов атқарған жұмысы үшін алғыс айтып, алдағы қызметіне сәттілік тіледі.
Осыған дейін Мәжіліс депутаты өңдеу өнеркәсібінде жұмыс істейтін азаматтарға жаңа ипотекалық бағдарлама әзірлеу бастамасын көтерген.
Депутат өңдеу өнеркәсібінде кадрлардың тұрақсыздығы белең алып жатқанына тоқталып, мұның себебін жалақының төмендігімен байланыстырды.
«Өңдеу өнеркәсібінде қарапайым жұмысшыдан бастап инженерге дейінгі аралықта кадр тапшылығы сезіледі. Қазір өңдеу секторында 590 мың адам жұмыс істейді. Олардың орташа жалақысы – 415 мың теңге. Бұл басқа салалармен салыстырғанда төмен көрсеткіш. Мысалы, тау-кен өндіру секторында орташа жалақы – 757 мың, ақпарат және байланыс секторында – 530 мың, құрылыста – 484 мың, көлік саласында және қоймада – 474 мың теңге», – деді ол Мәжілістің жалпы отырысында Премьер-министрдің орынбасары Роман Склярға жолдаған депутаттық сауалында.
Мәжілісменнің мәлімдеуінше, мәселені өңдеу өнеркәсібі өкілдеріне жаңа ипотекалық бағдарлама әзірлеу арқылы шешуге болады.
«Біз бизнеспен бірлесіп, «Әскери баспана» бағдарламасы секілді жеңілдетілген ипотекалық бағдарлама әзірлеуді ұсынамыз. Бұл бағдарлама өңдеу өнәркәсібі саласындағы жұмысшыларды қамтуға тиіс. Мұндай бағдарлама Татарстанда жүзеге асырылып жатыр», – деді депутат.
Депутат өңдеу өнеркәсібі саласының жұмысшыларына ипотекалық бағдарламаны алғашқы жарнасы – 15%-ды, ал мөлшерлемесі – 6%-ды құрайтын шекті деңгеймен беруді ұсынды.
Мәжіліс депутаты тұрмыстық зорлық-зомбылық жиіркеніш туғызатын жағдайға жеткенін жазып, қайғыдан қан жұтып отырған отбасыға көңіл айтты.
«Осындай жағдай жиілеп кетті. Жантүршігерлік әрекетке барғандар заң бойынша қатаң жазалануы тиіс. Осындайлар жазадан жалтарып кетпеуі үшін заңды қатаңдатуды талап етемін!» – деді депутат.