Қарағанды облысындағы Достық-Мойынты теміржол учаскесіндегі екінші жолды салуға қаржы Ұлттық қордан алынады. Бұл туралы «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қорының есеп беру брифингінде қордың экономика және қаржы жөніндегі басқарушы директоры Айдар Рысқұлов айтты.
«Самұрық-Қазына» Ұлттық қордан стратегиялық маңызы бар инфрақұрылымдық жобаларға қаржы алады. Мысалы, Достық-Мойынты екінші жолын салу жобасы транзиттік және экспорттық әлеуетті арттыруға бағытталған», – деді ол.
Оның айтуынша, Достық-Мойынты учаскесінде екінші жол салу жобасындағы қазақстандық қамту үлесі 85%-дан асады.
«Мұндай жобаның өтелу мерзімі 20 жылдан асатындықтан, оны нарықтық ресурстар есебінен қаржыландыру мүмкін емес. Сонымен қатар Қазақстанда 400 миллиард теңгеден астам көлемде ұзақ мерзімді қаржыландыру шектелген, яғни қаржыландыру көздері жоқ. Мұнда екі маңызды мәселе бар: қор қайтарымды негізде қаражат жинайды. Біз облигацияларды тарту арқылы қаржыны қайтарып аламыз», –деді Рысқұлов.
Жақында Қаржы министрлігі Ұлттық қорға «ҚазМұнайГаз» акцияларын сатып алуына рұқсат етуге байланысты түсініктеме берді. Министрліктің айтуынша, ҚМГ бағалы қағаздары мен «Самұрық-Қазына» облигацияларын Ұлттық қор ақшасы есебінен сатып алу 2023 жылға арналған бюджеттің кіріс бөлігін орындауға мүмкіндік береді. Өйткені биыл ірі кәсіпорындардан түсетін салық азайып, бюджет кірісі қысқарған. Яғни үкімет бюджет жыртығын жамау үшін Ұлттық қордан бөлінетін нысаналы трансферттерден бөлек, қордан тағы қаржы алудың жолын тапқандай.
Қазан айында Ұлттық қордан сатылған валюта жалпы сауда көлемінің 47%-ын құрап, тәулігіне 72 млн АҚШ долларын құраған. Өткен аймен салыстырғанда, Ұлттық қордан валюта сату күрт өскенін байқауға болады. Қыркүйек айында жалпы сауданың 34 пайызын құраған еді. Яғни, 1,1 млрд АҚШ долларына тең валюта сатылған.
Қазақстан қор биржасындағы мәлімет бойынша, «ҚазМұнайГаз» АҚ-ның негізгі акционері – «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қоры пен ҚҰБ. «Самұрық-Қазынаға» компанияның 87,41 акциясы тиесілі. Ал 9,58 пайыз акциясы – ҚР Ұлттық банк иелігінде. Компания бағалы қағазының 3 пайызы «Халықтық IPO» барысында жеке инвесторларға сатылған. Компанияның 849 млн аса жария акциясының 610 миллионы қор нарығында орналастырылған.
Бұған дейін «ҚазМұнайГаз» биыл тоғыз айда мұнай өндіруді 9%-ға арттырғанын хабарлады.