Respublica партиясынан сайланған депутат Динара Шүкіжанова ҚР Парламенті Мәжілісінен өз еркімен кетті.
Орталық сайлау комиссиясының ақпаратына сүйенсек, депутат мандатын тапсырған.
«Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Динара Аманжелқызы Шүкіжанованың өтініш беруіне байланысты оның өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтатуға әкелетін негіз туындады деп белгіленсін», – делінген ОСК қаулысында.
Осыған байланысты оның өкілетін мерзімінен бұрын тоқтату туралы ұсыныс Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің қарауына енгізілді.
Ол Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің мүшесі болды.
Осыған дейін Мәжіліс депутаты өңдеу өнеркәсібінде жұмыс істейтін азаматтарға жаңа ипотекалық бағдарлама әзірлеу бастамасын көтерген.
Депутат өңдеу өнеркәсібінде кадрлардың тұрақсыздығы белең алып жатқанына тоқталып, мұның себебін жалақының төмендігімен байланыстырды.
«Өңдеу өнеркәсібінде қарапайым жұмысшыдан бастап инженерге дейінгі аралықта кадр тапшылығы сезіледі. Қазір өңдеу секторында 590 мың адам жұмыс істейді. Олардың орташа жалақысы – 415 мың теңге. Бұл басқа салалармен салыстырғанда төмен көрсеткіш. Мысалы, тау-кен өндіру секторында орташа жалақы – 757 мың, ақпарат және байланыс секторында – 530 мың, құрылыста – 484 мың, көлік саласында және қоймада – 474 мың теңге», – деді ол Мәжілістің жалпы отырысында Премьер-министрдің орынбасары Роман Склярға жолдаған депутаттық сауалында.
Мәжілісменнің мәлімдеуінше, мәселені өңдеу өнеркәсібі өкілдеріне жаңа ипотекалық бағдарлама әзірлеу арқылы шешуге болады.
«Біз бизнеспен бірлесіп, «Әскери баспана» бағдарламасы секілді жеңілдетілген ипотекалық бағдарлама әзірлеуді ұсынамыз. Бұл бағдарлама өңдеу өнәркәсібі саласындағы жұмысшыларды қамтуға тиіс. Мұндай бағдарлама Татарстанда жүзеге асырылып жатыр», – деді депутат.
Депутат өңдеу өнеркәсібі саласының жұмысшыларына ипотекалық бағдарламаны алғашқы жарнасы – 15%-ды, ал мөлшерлемесі – 6%-ды құрайтын шекті деңгеймен беруді ұсынды.
Мәжіліс депутаты тұрмыстық зорлық-зомбылық жиіркеніш туғызатын жағдайға жеткенін жазып, қайғыдан қан жұтып отырған отбасыға көңіл айтты.
«Осындай жағдай жиілеп кетті. Жантүршігерлік әрекетке барғандар заң бойынша қатаң жазалануы тиіс. Осындайлар жазадан жалтарып кетпеуі үшін заңды қатаңдатуды талап етемін!» – деді депутат.