Алматыдағы жер сілкінісінен кейін Төтенше жағдайды хабарлау тәсілі өзгереді

Жарияланды
Төтенше жағдай кезінде қазақстандықтарға енді «жедел хабар» жолдануы мүмкін/ Фото: shutterstock

Төтенше жағдай кезінде қазақстандықтарға SMS-хабарлама емес, «жедел хабар» жолдануы мүмкін. Мәжілістің жалпы отырысынан кейін тілшілерге берген сұхбатында Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Асхат Оразбеков осылай айтты.

«Азаматтық қорғау туралы заңның 6-бабына сәйкес байланыс операторлары жаппай SMS-хабарлама жіберуге міндетті. Олар бұл міндетті орындайды,
мәселе технологияда. Хабарламалар бірнеше сағаттан кейін, өте баяу келеді. Төтенше жағдай режимінде азаматтарды бір жаққа бағыттау, жағдайға
байланысты ақпарат беру немесе жедел хабарлау мүмкін емес», – деді Асхат Оразбеков журналистерге.

Вице-министр әлемде түрлі технология бар екенін алға тартып, өзге елдерде ұялы телефонда жедел хабар қолданбасы болатынын, телефон қосулы тұрған жағдайда дыбыстық дабыл белгісімен хабарлама келетінін айтты.

«Бізде Қазақстанда да осындай шешім бар, бұл өнімді операторлар жасап қойған. Операторлар Төтенше жағдайлар министрлігімен бірлесіп, сынақтан да өткізген. Іс жүзінде, мәлімет операторлар арасында бірнеше секунд ішінде таратылады. Бұл – өте дұрыс шешім. Депутаттармен азаматтық қорғау туралы заңның 6-бабына осындай шешімді қолдануға мүмкіндік беретін норма енгізуді талқыладық. Мемлекеттен қаржыландыру қажет», – деді Асхат Оразбеков.

Журналист Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрінен: «Неге дер кезінде жер асты дүмпуіне қатысты хабарлама болмады?», – деп сұрады. Ол: «Хабарлама уақытында жіберілді.
А нүктесі бар, В нүктесі бар, А нүктесі – жөнелту сәті. Олар Төтенше жағдайлар министрлігінен хабарлама түсе салысымен барлығы бір мезетте оны жан-жаққа жолдады. Мәселе басқада, SMS-хабарламалардың телекоммуникация желісі арқылы жетуі ұзақ уақыт алды. Біз мұны басқа технологиямен шешеміз, бұл жаңа ғана айтқан «жедел хабар». Ол бірнеше секунд ішінде әр абонентке тиісті хабарламаны жеткізеді. Мәселенің шешімі осы. Өкінішке қарай, SMS-хабарлама мәселенің шешімі емес және болуы да мүмкін емес», – деп жауап берді.

Журналист: «Неге алматылықтар хабарландыруды Төтенше жағдайлар министрлігінен емес, ұлттық оператордан емес, қызмет көрсетудің әлемдік сервистерінен алды?», – деген сауал қойды.

«Google контентті интернетте әр абонентке жеке-дара хабарлама жеткізуге мүмкіндік беретін технологияны қолданады. YouTube көргенде серверлермен жеке байланысыңыз болғандықтан, әркім мазмұнды өзі таңдай алады. Осы
жерден құрылғыларға түрлі хабарландыру жіберіледі», – деп түсіндірді Асхат Оразбеков.

Еске салар болсақ, 2024 жылғы 23 қаңтарда Алматы уақытымен 00 сағат 09 мин 02 сек жер сілкінісі болды.

Алматыдағы жер сілкінісінен бұрын тұрғындарға ескерту СМС-хабарламалары келмеген. Бұдан бөлек, қалада дабыл да қағылмаған.

Сондай-ақ оқыңыз