Жаңалықтар

Қазақстан халқының жартысына жуығы 85 мың теңгеден де аз табыс табады – Halyk Finance

Қазақстан халқының
Қазақстан халқының табысы қандай деңгейде? Фото: shutterstock.com

Қазақcтан халқының шамамен жартысына жуығының орташа айлық табысы елдегі ең төменгі жалақы – 85 мың теңгеден де аз. Halyk Finance сарапшылары тұрғындар тапқан табысының басым бөлігін азық-түлікке жұмсайды деп тұжырымдайды.

Halyk Finance мамандарының «Қазақстан халқының экономикалық теңсіздігі» деген шолуына сүйенсек, елдегі байлардың қатары халықтың 10 пайызын ғана құрайды. Ал ел байлығының 60 пайызы осы 10 пайыздың иелігінде. Бұл көрсеткіш республиканы байлық теңсіздігі бойынша Африка елдерімен бір қатарға қояды.

Halyk Finance сонымен қатар аймақтық және гендерлік теңсіздікті атап өтеді: ірі қалалардағы тұрмыс жағдайы өңірлерден әлдеқайда алда болса, ер адамдар әйелдерге қарағанда төрттен бір есе көп жалақы алады.

Джини коэффициенті

Сарапшылар өз зерттеуінде Джини коэффициентін пайдаланған. Бұл – қоғамдағы табыс теңсіздігін өлшеуге арналған сандық статистика. Халықтың табысына қатысты қоғамның бөліну дәрежесін сипаттайтын көрсеткіш. Джини коэффициентінің 0 нәтижесі абсолютті теңдікті байқатса, ал 1 абсолютті теңсіздік күйіне сипаттайды.

2023 жылдың ІІ тоқсанының соңында Қазақстандағы Джини коэффициенті 0,291 болған. Бұл – экономика жылдам өскен 2000 жылдардың ортасындағы 0,267-ден де төмен. Сондай-ақ көрсеткіш тәуелсіз Қазақстанның тарихындағы ең төменгі көрсеткіш болған. Ал 2008-09 жылдағы жаһандық қаржы дағдарысынан кейін теңсіздік қайтадан күшейе бастаған.

Алайда Halyk Finance мамандары Джини коэффициентіне көзсіз сенуге болмайтынын айтады. Өйткені оның мәнінің төмен болуына елдегі жалақы көлемі әсер етуі мүмкін. Мәселен, Қазақстандағы Джини коэффициенті көрсеткіші дамыған Еуропа елдерімен шамалас боп тұр: Швеция (0,286), Норвегия (0,285) және Финляндия (0,273) нәтижелерінен сәл ғана жоғары.

Бұған қарап Қазақстандағы халықтың жағдайы Еуропа елдері тұрғындарымен тең дей алмаймыз. Бұл мемлекеттерде жан басына шаққандағы таза ұлттық табыс Қазақстаннан айтарлықтай асып түседі. Қазақстан 6,6 мың доллар болса, Еуропа елдерінде ол 70 мың долларды құрайды.

Сарапшылардың мәліметі бойынша, 2023 жылдың екінші тоқсанында халықтың ең жоғары табыс алатын 10%-ы елдің жалпы табысының төрттен бірін тапқан. Ал ең жоғары жалақы алатын тұрғындардың 20%-ы республикадағы жалпы табыстың 40%-ын алған. Қазақстандықтардың 90 пайызы айына 131 мың теңгеден төмен табыс табады.

Осылайша, активті де, кірісті де бөлуде теңсіздік байқалды. Halyk Finance мамандары Қазақстанда табыстан гөрі, елдегі байлық бөлінісінде теңсіздік өткір тұрғанын атап өтті.

Ресми дерек қандай?

Еңбек және әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова Қазақстанда 500 мың адам кедейшілік шегінен төмен деңгейде өмір сүріп жатыр деген.

Министрдің мәлімдеуінше, жарты миллионнан астам адам айына 28 мың теңгеден төмен табыс табады. Яғни ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70%-нан аз ақшаға жан бағады.

ҰСБ дерегіне сүйеніп, айлық табысы ең төменгі күнкөріс деңгейіне жетпейтін азаматтардың 12 жылдық антирекордын жариялағанбыз. Мақалада Қазақстанда 1,1 млн адам кедейлік шегінде өмір сүріп жатқаны нақтыланған.

«2023 жылғы III тоқсанында кедейлердің қатары Түркістан облысында (9,6%) көп болса, ал Қарағанды облысы және Астана қаласында (2,7%-дан) аз. Аймақтар бойынша кедейлік деңгейі Жетісуда 1,6 пайыздық тармаққа айтарлықтай өсіп, 9,3%-ға жеткен», – делінген Ұлттық статистика бюросының дерегінде.

Бұған дейін kursiv.media Қазақстанда ең төменгі күнкөріс шегі қайта қаралуы керек деген мәселе көтерген болатын. Сонда GSB UIB бизнесті талдау орталығының директоры, экономист Мақсат Халық Үкіметтің статистикасы мен халықтың шынайы күнкөріс деңгейінің арасында айырмашылық бар екеніне назар аударған.