2023 жылы ипотека алу көлемі 17% төмендеді

Жарияланды
General News бөлімінің редакторы
2023 жылы ипотека алу көлемі 17% төмендеді / shutterstock

2023 жылы Қазақстанда ипотекалық несие алу көлемі 17,3% төмендеп, 1,8 трлн теңге деңгейіне түсті. Жалпы алғанда былтыр 116,6 мың ипотекалық несие берілген.

Бірінші кредиттік бюроның мәліметінше, өткен жылы ипотека рәсімдегендердің бестен бір бөлігі – жастар. 

«Жыл бойына тұрғын үйге несие алғандардың 20%-ы 30 жасқа толмаған азаматтар. Бұл бірінші кезекте жастарға арналған жеңілдетілген мемлекеттік ипотекалық бағдарламалардың әсері», – делінген есепте.

2023 жылы тұрғын үй алуға берілген орташа сома 15 млн теңге болса, максималды қарыз көлемі 2,1 млрд теңге болған. 

«Жалпы банк секторы бойынша орташа сыйақы мөлшерлемесі базалық мөлшерлемеден төмен болып қала береді. Жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесіне базалық мөлшерлеменің құбылуы әсер етпеген. Мәселен, базалық мөлшерлеме қаңтар айында 16,75%, ал желтоқсанда 15,75% болғанымен, банктердің сыйақы мөлшерлемесі тұрақты сақталған», – делінген ақпаратта.

1 қаңтардағы жағдай бойынша ипотекалық кредиттер портфелі 5,8 трлн теңгені құрады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 11,3% жоғары. Жалпы соманың 61%-ы – 2022-2023 жылдары берілген жаңа несиелер.

Жыл өткен сайын Қазақстанда ипотекалық бағдарлама саны азайып келеді. Бұған дейін іске қосылған бағдарламалар біртіндеп миссиясын аяқтап, жабылып жатыр. Енді бірінің шарттары бұрынғымен салыстырғанда қатаңдай түсті.

2024 жылы ипотекалық бағдарламалар арқылы қалай үй сатып алуға болатынына Kursiv Media тілшісі шолу әзірлеген.

Елімізде тағы бір ипотекалық бағдарлама іске қосылуы мүмкін. Алғашқы болып депутат Дәулет Мұқаев сүйінші сұраған жоба – «9-20-25» тұрғын үй бағдарламасы деп аталады. Алайда бағдарламаның ықтимал операторы «Отбасы банк» баспасөз қызметі жаңа ипотека әлі жоба күйінде, қарастыру сатысында екенін хабарлаған.

 «9-20-25» тұрғын үй бағдарламасының ықтимал нұсқасы. Бұл жоба әзірлену сатысында. Банк сарапшылары есеп-қисап жүргізіп, шарттарды талдайды. Жоба мақұлданса, «Отбасы банкі» қазақстандықтарды қосымша хабардар етіп, толық ақпарат береді», – деп хабарлады банкте.

Жоспар бойынша ипотеканың мөлшерлемесі 9%, бастапқы жарнасы 20% және 25 жыл мерзімге берілуі мүмкін. 

Айта кететіні, жылдық 9% қазақстандық нарықтағы ипотекалық несиелер арасындағы ең төменгі мөлшерлеме болмақ. Бұдан тек «7-20-25» бағдарламасының пайыздық мөлшерлемесі төмен, бірақ жыл басынан бері ай сайынғы лимит белгіленіп, аталған ипотека бойынша несие алу қиындай түсті. Мәселен, ипотекаға өтініш қабылдау басталған сәтте қаржы институттарының сайттарына жарты сағаттың ішінде орта есеппен 12 мың адам кіреді екен. Бірақ олардың ішінде ең жылдам әрі құжаттарды дұрыс тапсырғандардың ғана мүмкіндігі жоғары.

Сондай-ақ оқыңыз