«Астана» халықаралық қаржы орталығының сотында 27 мемлекеттің ісі қаралды

Жарияланды
«Астана» халықаралық қаржы орталығы сотына қанша шағым түсті / court.aifc.kz

«Астана» халықаралық қаржы орталығы сотына, яғни (АХҚО) Сот және арбитраж орталығына 2,5 мыңнан астам іс келіп түсті. Оның 97-сі сотта, қалғаны 2400-і халықаралық арбитраж орталығында қаралды. Бұл туралы Сенаттың жалпы отырысында айтылды.

Сенатор Арман Өтеғұлов «Астана» халықаралық қаржы орталығының басқарушысы Ренат Бектұровтан: «Елімізде жұмыс істеп жатқан инвесторлар «Астана» халықаралық қаржы орталығының сотына қаншалықты жиі жүгінеді. Қаржы орталығы ашылғаннан бері осындай жағдай кездесті ме? Қанша іс қаралды?» – деп сұрады.

«Астана» халықаралық қаржы орталығындағы Сот және арбитраж орталығы жұмыс істегелі бері 2,5 мыңнан аса іс қаралды. Оның 97-сі сотта, қалған 2400-ден артық іс халықаралық арбитраж орталығында қаралды», – деп жауап берді Ренат Бектұров.

«Астана» халықаралық қаржы орталығының басқарушысы төрағаны қосқанда сотта 11 судья бар екенін атап өтті.

«Астана» халықаралық қаржы орталығында сотында 27 мемлекет өкілінің ісі қаралды. Онда қазақстандық компаниялардың иелері мен шетелдіктер бар. Бизнес болғасын, жұмыс істеп жатқасын дау болып тұрады. Оның бәрі 100% орындалған. Істер қаралған. Жалпы істердің саны 2,5 мыңнан асады. Қайталайын 97 іс сотта қаралып жатыр. Қалғаны арбитраж орталығында», – деді Ренат Бектұров.

АХҚО Орталық Азия мен Шығыс Еуропа аймағындағы жетекші қаржы орталығы. Қаржы институты ретінде АХҚО бизнеске арнайы құрылған шарттар негізінде, атап айтқанда үздік халықаралық стандартты реттеу, дамыған қаржы инфрақұрылымы, тәуелсіз сот жүйесі, инновациялар және сараптама арқылы капитал тартуға көмектеседі.

АХҚО инвесторлар үшін капитал нарығының негізгі тетіктерін ұсынады. Бұған акцияларды бастапқы және қайталама орналастыру, акциялар саудасы жатады. Мемлекеттік, аймақтық және корпоративті облигациялар, тәуелсіз және корпоративті еурооблигациялар, депозитарлық қолхаттар, биржалық қорлар мен ноталар. Сондай-ақ жасыл, әлеуметтік, исламдық қаржыландыру құралдары кіреді.

2023 жылғы қыркүйектегі дерек бойынша АХҚО Global Financial Centres Index 34 рейтингіне сәйкес Шығыс Еуропа және Орталық Азия өңіріндегі қаржы орталықтары арасында I-орында тұрды. Қазан айында Global Green Finance Index 12 рейтингінде де бірінші орыннан көрінді.

Еске сала кетейік, «Астана» ХҚО құрылғалы бері елімізге 8,3 млрд доллардан астам инвестиция тартқан.

Сондай-ақ оқыңыз