Көптің салымы — көл немесе Қазақстанда қандай краундинвестиң платформалары бар?
Қолда бар қаражатты көбейткісі келмейтін адам жоқ шығар. Бүгінде оның жолы да көп. Соның ішінде қолайыңызға келетіні қайсысы — соны таңдау маңызды. Интернет арқылы пассив табыс табудың жолдарын зерттей келе, біріне тоқталуды ойлап жүрсеңіз, crowdinvesting жайлы тереңірек білгеніңіз абзал. Капиталды еселеуге мүмкіндік беретін заманауи әдіс туралы Kursiv Media тілшісінің материалынан оқыңыз.
Crowdinvesting деген не?
Краудинвестиң (crowdinvesting) — бизнес-жобаларды қаржыландырудың бір түрі. Бұл жерде жобаны іске асыру үшін қаражат инвесторлар немесе онлайн-платформалар арқылы жиналады. Инвесторлар жобаға қалаған сомасын салып, табысты жүзеге асып кеткен жағдайда үлесінен табыс таба алады. Краудинвестиң кәсіпкерлерге банктен кредит алмастан не толық соманы сала алатын бір инвесторға жүгінбестен, көптің көмегімен стартап жасауға мүмкіндік береді. Сонымен бірге инвесторларға да қолайлы. Өйткені көп жобаның ішінен көңілінен шығатын біреуіне тоқтала алады. Осылайша болуы мүмкін тәуекелдердің алдын алуға болады.
Инфляцияның банкке салған салымыңызға аш қасқырдай шауып, «жеп» қоятыны рас. Сондықтан қазір көбі ақша саларда он ойланып, жүз толғанады. Тәжірибелі инвесторлар қаражатты көбейтудің басқа тәсілдеріне көшкелі қашан. Мәселен, қызық әрі болашақта мол табыс әкелуі мүмкін жобаларға демеу білдіретін әдіс кең танылып келеді. Ол әдісті «краудинвестиң» деп атайды. Мұнда бір жақсы жері екі тарап та ұтады. Салған адам да, қарыз алған адам да табыс табады. Өйткені инвестор ісін енді бастаған стартапқа бастапқыда қолдау ретінде ақша салады да, кейін ол табыс таба бастағанда салғанын пайызбен қайтарып алады.
Краудинвестиң алаңы құдды қор биржасына ұқсайды. Мұнда да эмитенттердің өскені, құлағаны көрініп тұратын кесте болады. Инвесторларға барлық ақпарат ашық көрінеді. Салымға қатысты статистика да жүргізіледі. Қор нарығындағыдай бұл алаң салымшы мен қарыз алып отырған адамның арасындағы делдалдың қызметін атқарады. Өзі ұсынып отырған бизнеске тексеріс жүргізіп отыратын міндетті де мойнына алады. Бір жағынан, бұл схема облигациялық қарызға да ұқсас келеді. Эмитент пен қарыз алушы бар, екеуі аралық төлемдер мен пайыз мөлшеріне қатысты бір байламға келіп, келісе алады. Дегенмен краудинвестиңнің бұлардан айырмашылығы сол — қор нарығына қарағанда құрылымы қарапайым әрі түсініктірек.
Қазақстанда қандай crowdinvesting алаңдары бар?
Елімізде кәмелет жасқа толған кез келген азамат краудфандиң платформаға инвестор бола алады. Сонымен бірге заңды тұлғаларға да инвестор болуға рұқсат етіледі. Біздегі танымал алаңдарға шолу жасайық.
Proportunity – жылжымайтын мүлікке ұжым болып инвестиция салуға мүмкіндік беретін платформа. Краудинвестиң және краудлендиң лицензиясы арқылы жұмысын 2020 жылы бастаған. Сынақтан өтіп, сенімді екенін дәлелдеген платформа. Бұл алаң арқылы жылжымайтын мүлікке не құрылысқа инвестиция салуға болады. Краудфандиң моделін қолданылады. Ақша салғандар жалға беру және активтер құнының өсуінен табыс табады. Таргет аудиториясы — үлкен нысан алуға шамасы келмейтін, бірақ жылжымайтын мүлік саласында инвестор болғысы келетіндер. Классикалық депозитке қарағанда қолда бар қаражатын жақсырақ сақтайын деп әртараптандыру құралы ретінде осы жолды таңдағандар. Өйткені мұнда табыс депозитке қарағанда екі есе көбірек. Алдағы уақытта Ислам банк лицензиясын алуды көздеп отыр.
Өйткені клиенттер тарапынан осындай ұсыныс жиі түседі екен. Қалай жұмыс істейді? Алдымен жылжымайтын мүлік нысандары іріктеледі. Спецификасы мен инвестициялық стратегиясына қарай St. Reit, Lend Invest, Short Invest, REPE сынды төрт қордың бірінің көмегімен жүзеге асырылады. Бұл қорлардың әрқайсысының өз философиясы, бағытталған аудиториясы бар. Іріктегенде осыған мән беріледі. Нысанды тексеріп болған соң ол платформаға салынады. Сөйтіп сол жерден қолданушылар объект туралы толық ақпарат алып, қаласа инвестиция сала алады. Егер саламын деп шешім қабылдаса, келісімшарт жасалады. Сол нысанға инвестиция жасауға ниеттілердің пулы толық жиналып болған соң, инвесторлар қажет соманы салады. Осылайша жоба іске асырыла бастайды. Арада біршама уақыт өткен соң инвестор дивиденд алып, салған ақшасын қайтарып алады.
Өзге платформалар туралы не білеміз
iKapitalist — еліміздегі ірі краудфандиң платформаларының бірі. Осыдан төрт жыл бұрын алғашқы келісімдерін жасай бастаған. Сол уақыттан бері өзін сенімді алаң ретінде дәлелдеп келеді. iKapitalist бизнеске инвестиция құюға мүмкіндік береді. Шағын қаржы ұйымдарын, ойын бизнесіне қатысы бар стартаптар мен компанияларды, ішімдік және темекіге қатысты кәсіпті қаржыландырмаймыз деген ұстанымдары бар. Платформада инвесторлар шағын және орта бизнеске 300 мың теңгеден бастап кредит беріп, облигация не бизнес үлесін сатып ала алады.
InvestRoom — бизнеске инвестиция тартуға көмектесетін дижитад автоматтандырылған платформа. Жеке инвесторлар ақша салып, артынша табысқа шықса болады. Кез келген қазақстандық осы краудфандиң платформаны қолдана алады. Инвестор болу үшін қаражаттың көп болуы міндетті емес. Кемінде 50 мың теңгеден бастап салуға болады. Қазір белсенді инвесторлардың қатарында студенттер де, мұғалімдер де, тәжірибелі бизнесмендер де бар екен. Мұның көпшілікті қызықтыратын тұсы сол — азғантай уақыт ішінде (орта есеппен үш айда) салған ақшаңыз пайызбен көбейіп қайтарылады. Тіркелу де оңай. Бар болғаны жеке куәлігіңізді жүктеп, селфи жасайсыз.
GoCrowd — лицензиясы бар краудфандиң платформа. Болашағы бар жобаларға ақша салып, содан табыс табуға мүмкіндік береді. 18 жасқа толған кез келген қазақстандық азамат жобаға инвестор бола алады. Инвестициялайтын сома табысыңызға қарай, платформада салған инвестициялар мен активтердің таза құнына байланысты. GoCrowd-қа Seed және Growth кезеңдерінде тұрған, ресми жұмыс істейтін, 20000 доллар инвестиция тартқысы келетін стартаптар жүгіне алады. Сонымен бірге жұмысын бастағанына бір жылдан асқан, айналым қаражатын толықтыруға, бизнесті кеңейтуге және келісімшарттарды орындауға 20 миллион теңге тартуды жоспарлап отырған шағын және орта бизнес иелері де осы алаң арқылы қаржы тартса болады.
Табыс тапқысы келетіндерге кеңестер
- Эмитентті жақсылап тексеріп алыңыз. Ол үшін ашық дереккөздерде қандай ақпарат бар болса, барлығын ерінбей шолып шыққан жөн. Ол туралы БАҚ-та не жазылған? Бизнес иелерінің жеке блогтары, әлеуметтік желідегі парақшаларын қараңыз.
- Алаң таңдағанда абай болыңыз. Тексерілген, сенімді, жағымды пікірлер жинағандарына ғана жүгініңіз. Әйтпесе, ақшасыз қалуыңыз мүмкін. Өйткені ұжымдық салым таныла бастағалы күріштің арқасында су ішкен күрмек секілді алаяқтар да көбейді. Ондай сайттарда кредиторларды да, қарыз алушыларды да сан соқтырып кетуі ғажап емес.
- Өзіңіз жақсы білетін, түсінетін салаға қатысты кәсіпке қолдау білдіріңіз. Мысалы, сіз ақпараттық технология саласынан түк білмейтін болсаңыз, онда оған ақша салудың қажеті жоқ. Одан қайта бүге-шүгесіне дейін түсінетін кәсіпті таңдаңыз. Өйткені сіз саланы жақсы білсеңіз, идеяның кейін «атып» кететініне қатысты болжамды да жақсырақ жасай аласыз.
- Тәуекелдерді әртараптандырыңыз. Құнды қағаздар портфелін қалай диверсификациялайтын болсаңыз, мұнда да қолда бар ақшаны бірнеше бөлікке бөліп, кемінде 5-6 түрлі жобаға салған абзал.