Алматыдағы жер сілкінісі туралы жалған ақпарат бергендерге айыппұл салынды
Алматыда жер сілкінісі туралы жалған ақпарат таратқандарды жауапқа тартудың алғашқы фактісі тіркелді. Бұл туралы Алматы қаласының прокуратурасының баспасөз қызметі хабарлады.
«Алматыда орын алған жер сілкінісі аясында әртүрлі әлеуметтік желілерде және мессенджер чаттарында табиғи апаттың салдары туралы жалған хабарламаларды орналастыру фактілері орын алды. Ал бұл өз кезегінде азаматтар арасында дүрбелең және кең қоғамдық резонанс тудырды», – делінген хабарламада.
Жалған ақпарат тарату фактілері бойынша қазіргі уақытта 1995 және 2006 жылғы екі әйелдің жеке басы анықталды.
«Аталған тұлғалар Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 456-2-бабының 3-бөлігі (онлайн-платформаларды пайдаланушылардың қоғамдық тәртіптің, азаматтардың немесе ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделерінің не қоғамның немесе мемлекеттің заңмен қорғалатын мүдделерінің бұзылуына жағдай жасайтын жалған ақпаратты орналастыруы, таратуы, егер бұл әрекеттерде қылмыстық жазаланатын іс-әрекет белгілері болмаса) бойынша 10 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл түрінде жаза қолданумен әкімшілік жауаптылыққа тартылды», – делінген хабарламада.
Еске салар болсақ, 2024 жылғы 23 қаңтарда Алматы уақытымен 00 сағат 09 мин 02 сек жер сілкінісі болды.
Алматыдағы жер сілкінісінен бұрын тұрғындарға ескерту СМС-хабарламалары келмеген. Бұдан бөлек, қалада дабыл қағылмаған.
Алматы қалалық төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Нұрлан Атығаевтың айтуынша, жер сілкінісі кезінде дабыл тек 5,5 баллдан асқан кезде қағылады.
«Қалада 843 электрлі дабыл қағу құрылғылары бар. Бұл қаланы 100% қамтып отыр. Жер сілкінісінің магнитудасы 5,5 баллдан асқан кезде ғана дабыл қағылады. Ал түнде қалада болған тербеліс күші 4-5 балл шамасында болды. Сондықтан ажиотаж тудырып, елді бекер дүрліктірмеу үшін дабыл қағылмады», – деді Атығаев.
Бұған қоса, ол қала тұрғындарының жер сілкінісі туралы алдын ала ескерту хабарламаны неліктен жер сілкінісінен кейін алғанын түсіндіріп өтті.
«Халық саны көп әрі байланыс операторлары ақпаратты оқып үлгермейтіндіктен, СМС-хабарламалардың кеш түсетінін анықтадық. Біз хабарлама жіберу тәжірибесінен ақырындап бас тартып келеміз. БАҚ беттерін ақпарат сағат 00:11 жарияланды. Содан кейін біз әлеуметтік желі арқылы ақпарат беріп отырдық», – деді Атығаев.
Алматы әкімдігі қаланың әр аймағында төтенше жағдай кезінде халық жиналатын орындардың жұмыс істеп тұрғанын хабарлады.
Көбінесе, бұл құрылыс стандарты мен ережелерге сәйкес келетін білім беру ұйымдары: мектептер, балабақшалар, колледждер, университеттер.
«Барлық мәлімет 2ГИС Алматы платформасында орналасқан. Іздеу кезінде «зардап шеккен халықты қабылдау пункті» деп терсеңіз, картадан халық жиналатын орындар көрсетіледі. Мұндай деректер Алматы қаласы ТЖД және аудандық әкімдіктердің ресми сайтында қолжетімді. Қазіргі уақытта аудан әкімдіктерінің қызметкерлері жиналу орындарында», – делінген хабарламада.
Сонымен қатар барлық стационар, перзентхана, жедел жәрдем қалыпты режимде жұмыс істеді.
«Жалған ақпарат таратпаңыздар. Барлық дерек тек Алматы қаласының ТЖД ресми сайтына шығады», – делінген хабарламада.
Енді төтенше жағдай кезінде қазақстандықтарға SMS-хабарлама емес, «жедел хабар» жолдануы мүмкін. Мәжілістің жалпы отырысынан кейін тілшілерге берген сұхбатында Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Асхат Оразбеков осылай айтты.