Ұлттық Банк: «алаяқтарды ұстау үшін арнайы операция жүргізуге» азаматтарды тартпайды

Жарияланды
Жалған құжат қолданатын телефон-алаяқтары қайта шыға бастады/ Фото: Ұлттық Банк

ҚР Ұлттық Банкі телефон-алаяқтарының қайта шыға бастағанын хабарлады. Банктің ақпаратына сәйкес, өз «өкілеттігін» растау үшін алаяқтар  жалған құжаттар ұсынып жүр.

«Ұлттық Банк жеке тұлғаларға қызмет көрсетпейді және халықпен ақшалай есеп айырыспайды, оның ішінде «алаяқтарды ұстау үшін арнайы операция жүргізуге» азаматтарды тартпайды»,– делінген хабарламада.

Банктің хабарлауынша, алаяқтар азаматтарға сенімді болып көрінуі үшін жалған құжаттарға уәкілетті адамдардың қолдарын қойып, аты-жөнін жазып, мөрін басады екен.

«Алаяқтар өзін Ұлттық Банктің Қауіпсіздік департаменті қызметкері ретінде таныстырып, азаматтарды жаңылыстырады. Бұл схема «екінші деңгейлі банктердегі алаяқты ұстау үшін» деген желеумен «Ұлттық Банктің қызметкері» болып жалған ақпаратты ұсыну арқылы жүзеге асырылады. Сөйтіп олар алдын ала жасап алған «Ұлттық Банк қызметкерінің куәлігін» ұсынып, қоңырауларды өзге бөгде адамдарға бағыттайды, банктік аударымдар үшін реквизиттер ұсынады», – делінген Ұлттық Банк баспасөз қызметі таратқан хабарламада.

Бұған дейін ҚР Ұлттық Банкі жасанды интеллектті пайдалана отырып жасалатын телефон алаяқтығының жиілеп кеткені туралы ескерткен. Бұл туралы Ұлттық Банк баспасөз қызметі хабарлады.

«Алаяқтар кез келген адамның жақын туыстары мен таныстары туралы ашық дереккөздерден алдын ала ақпарат жинайды. Бұл дереккөздер – әлеуметтік желілер, қорғалмаған дерекқорлар мен интернетте орналастырылған дербес мәліметтер. Бұдан әрі олар дауыстық деректердің жазбасын жасау үшін белгісіз немесе анонимді телефон нөмірлерінен қоңырау шалады», – делінген хабарламада.

Банктің мәліметінше, қаскөйлер алынған дауыстық жазбалар мен жасанды интеллект көмегімен өңделген бағдарламаларды пайдалана отырып, дербес деректерді немесе ақшалай қаражатты алу мақсатында өздерін алаяқтық құрбаны болатын адамның туыстары немесе жақындары ретінде таныстырады.

Алматыда интернет аляақтық бойынша 2023 жылдың 9 айында 1758 қылмыстық іс тіркелген. Оның 65 пайызы ашылған. Ал өткен жылмен салыстырғанда қылмыс көлемі 6,1 пайызға төмендеген. Бұл жайлы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің «Курсивке» берген жауабында айтылған.

Қылмыстың алдын алу мақсатында Алматы қалалық полиция департаменті азаматтардың қаржылық сауаттын арттыру бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізіп отырады.

«Жыл басынан бері түрлі интернет-ресурстар мен Instagram әлеуметтік желісіндегі көпшілікке танымал парақшаларда БАҚ-та жария ету үшін интернетте алаяқтық әрекеттерге барған ұсталған тұлғалар туралы мақалалар жарияланды. Сауаттылықты арттыру үшін теледидар мен кинотеатрларда жиі кездесетін түрлері көрсетіліп, интернеттегі алаяқтықтың түрлері мен әдістері туралы профилактикалық бейнероликтер жасалды. Компьютерлік қылмыстарды жасаудың жаңа түрлері мен әдістері, ақпараттық технологияларды пайдалана отырып бұқаралық ақпарат құралдарында және әлеуметтік желілерде ақпараттар жариялануда», делінген агенттік жауабында.

2023 жылдың 11 айының қорытындысы бойынша алаяқтық құқық бұзушылықтан келтірілген залал мөлшері 96,5 млрд теңге болды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда құндық мәнде 4,2%-ға аз. Оның басым бөлігі мемлекетке келтірілген шығын болды. Яғни бұл 54,2 млрд теңге, өткен жылдың сәйкес кезеңінде 7,7 млрд теңге. Тағы 3,7 миллиард теңге заңды тұлғаларға, 38,5 миллиард теңге жеке тұлғаларға келтірілген залал.

«Алаяқтық» бабы бойынша ең көп қылмыстық құқық бұзушылықтар Алматыда тіркелді: 8,5 мың жағдай. Бұдан әрі Астана және Қарағанды облысы тұр.

Мұндай құқық бұзушылықтардың ең азы Ұлытау, Қызылорда, Жамбыл облыстарында тіркелді.

Сондай-ақ оқыңыз