Елімізде соңғы 10 жылда мұнайды тұтыну өсімі 28%-ға артты

Жарияланды (жаңартылды )
Мұнайды тұтыну өсімі соңғы 10 жылда 28%-ға артты/ Фото:shutterstocks

ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі 2022 және 2023 жылдардағы мұнайды сату нарығындағы бәсекелестіктің жай-күйіне талдау аяқталғанын хабарлады.

«2022 жылы өндірілген 84,2 млн тонна мұнай мен газ конденсатының 18,8 млн. тоннасы немесе 22,3%-ы ішкі нарыққа жіберілді. 2023 жылы МӨЗ-де 89,9 млн тоннаның  20%-ы сатылды. Соңғы 10 жылда мұнайды тұтыну өсімі 28%-ға өсті», –делінген хабарламада.

Мұнайдың ішкі бағасын субсидиялау жер қойнауын пайдаланушылар есебінен жүзеге асырылады. Ол үшін ішкі мұнай жеткізілімдерін квоталау және мемлекет белгілейтін ЖЖМ-ге көтерме және бөлшек бағадан мұнай сатып алу бағаларын кері есептеу әдісі қолданылады.

«Ішкі нарықта мұнай сатып алу бағасы бір тонна үшін 65 000-нан 110 000 теңгеге дейін қалыптасты. Бұл экспорттық бағадан тиісінше 55-70%-ға төмен», – делінген баспасөз хабарламасында.

Ішкі нарыққа мұнай жеткізумен айналыспайтын Теңіз, Қашаған және Қарашығанақ кен орындарының үлесін ескере отырып, өндірудің жалпы көлемінің 67% мөлшерінде негізгі «әлеуметтік жүктеме» кен орындарының «тозған» тобына жататын жер қойнауын  пайдаланушыларға түседі.

Бұл 105 жер қойнауын пайдаланушы. Олардың негізгілері CNPC және ҚазМұнайГаз компаниялары, олардың нарықтағы жиынтық үлесі 60%-дан асады.

Энергетика министрлігінің болжамы бойынша, 2030 жылға қарай олар өндіретін мұнай көлемі 5 млн тоннаға немесе 15% – ға төмендейді. Ал тұтынудың өсуі 20% деңгейінде болжанады.

«2030 жылға қарай «әлеуметтік жүктемені» ағымдағы 55%-дан 77%-ға дейін арттырады, ағымдағы жағдайды сақталса, бұл мұнай өндірушілердің ішкі нарықты субсидиялау мүмкіндіктерін сарқып жібереді»,  – делінген хабарламада.

Мемлекет қолданатын мұнай жеткізілімдерін квоталау тетігі ашық емес. Ішкі нарық үшін мұнай жеткізу көлемін белгілеу өлшемдерін айқындайтын нормативтік құқықтық актілер жоқ.

Энергетика министрлігі бекітетін мұнайды тасымалдаудың ай сайынғы кестелерінен жер қойнауын пайдаланушылар үшін ішкі нарыққа мұнайды жеткізуге қатысу үлесі 30-дан 60%-ға дейін құрайды. Ал бұл компаниялардың жүктеме деңгейіне және кірістеріне тікелей әсер етеді.

Осыған байланысты мұнайды өткізу нарығындағы бәсекелестікті дамыту жөніндегі Жол картасында мұнай өндіруді ұлғайтуды ынталандыру және инвестициялар тарту мақсатында сыртқы және ішкі нарықтардың индикаторларын ескере отырып, ЖЖМ бағаларын теңгерімді реттеу тетігін енгізу жөніндегі іс-шаралар жоспарланады. Сондай-ақ мұнай жеткізілімдерін квоталау қағидаларын белгілеу көзделетін болады.

Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі кен орындары бойынша ҚазМұнайГазға берілетін артықшылықты алып тастауды ұсынып отыр. Бұл туралы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Сондай-ақ оқыңыз