Жаңалықтар

Жақсы корпоративтік есептер мен статистика әсерінен АҚШ қор индекстері көтерілді

 АҚШ  қор индекстері біршама өсім көрсетті
АҚШ қор индекстері біршама өсім көрсетті. Фото: shutterstock.com

Бейсенбіде АҚШ қор индекстері біршама өсім көрсетті. Нарыққа корпоративтік есептер мен статистиканың жақсы көрсеткіштері әсер етті. S&P 500 бесінші сессия қатарынан өзінің ең жоғары деңгейін жаңартты. Dow Jones Industrial Average 242,74 тармаққа (0,64%) өсіп, 38 049,13-ке жетті.

Ал Nasdaq Composite индексі 28,58 (0,18%) көтеріліп, 15 510,5 тармақты құрады.

АҚШ Сауда департаментінің алдын ала дерегі бойынша, қазан-желтоқсан айларында ЖІӨ жылдық 3,3%-ға өсті. Trading Economics және MarketWatch сауалнамаларына сәйкес, сарапшылар орта есеппен 2% өседі деп болжаған.

Желтоқсанда АҚШ-та жаңа үйлердің сатылымы 8%-ға өсіп, жылдық есепте 664 мыңды құраған. Нақтыланған мәліметтер бойынша, қарашада хабарланғандай 590 мың емес, 615 мың үй сатылған.

Қандай компания акциялары өсті?

Сауда-саттықтан кейін International Business Machines акцияларының бағасы 9,5%-ға көтерілді. Компанияның төртінші тоқсандағы түзетілген кірісі мен табысы сарапшылардың күткенінен де жоғары болды. IBM биылға да жақсы болжам жасап отыр.

Comcast Corp. акцияларының бағасы 3,4%-ға өсті. АҚШ-тың ең ірі интернет-провайдер және кабельдік телевидение операторы тоқсан сайынғы дивидендін 6,9%-ға көтерді. Сонымен қатар 15 миллиард долларға акция сатып алу ашық бағдарламасын жариялады. Компанияның өткен тоқсандағы түзетілген кірісі сарапшылардың болжамынан асып түсті.

American Airlines Group акцияларының бағасы 10,3%-ға көтерілді. Әуе тасымалдаушысы өткен тоқсанда күтілгеннен де жақсы түзетілген кіріс пен табыс тауып, 2024 жылға күшті болжам жасады.

Ал Seagate Technology 29 желтоқсанда аяқталған 2024 қаржы жылының екінші тоқсанында өзінің таза шығынын 1,7 есеге азайтты. Компанияның бағалы қағаздарының бағасы 2%-ға қымбаттады.

Las Vegas Sands казино және қонақүй операторы бір жыл бұрынғы шығынмен салыстырғанда қазан-желтоқсан айларында таза пайда тапқан. Сонымен қатар кірістің 2,6 есе өскенін (болжамнан жақсы) тіркеді. Компанияның акциялары 1% қосты.

Dow Inc акцияларының баға белгіленімі 3,5%-ға өсті. Соңғы тоқсанда химия компаниясының тапқан пайдасы күткеннен де асып түсті.

Ал Tesla акцияларының бағасы 12,1%-ға құлдырады. Қазан-желтоқсан айларында электромобиль өндірушінің таза табысы екі есе өскенімен, түзетілген табыс пен кіріс нарық болжамына жетпей қалды.

Сақтандырушы Humana Inc. төртінші тоқсанда таза шығын медициналық шығындардың жоғарылауына байланысты 7 есеге өсті, бұл акция бағасының 11,7%-ға төмендеуіне әкелді.

Еуропа қор нарықтары

Еуропа қор нарықтары да оң динамика көрсетті: Stoxx 600 индексі 0,30%, DAX 40 – 0,10%, CAC 40 – 0,11%, FTSE 100 0,03%-ға қымбаттады. АҚШ-тың төртінші тоқсандағы ЖІӨ деректері жарияланғаннан кейін, еуропалық нарықтар АҚШ нарықтарының жолымен жүрді. ЕОБ пайыздық мөлшерлемені өзгеріссіз қалдырды.

Баспасөз мәслихатында EОБ инфляция мақсатты деңгейге дейін баяуламайынша, мөлшерлемелерді төмендетуден бас тартатыны жарияланды.

ASML акциялары төртінші тоқсандағы кіріс туралы есептің арқасында 4% өсті. Nokia акциялары компания 2024 жылдың екінші жартыжылдығына арналған пайда өсімі болжамын жариялағаннан кейін 10%-ға қымбаттады.