Каспий теңізін ғылыми-зерттеу институты құрылады

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы

Каспий теңізін ғылыми-зерттеу институты құрылады. Фото: kursiv.media

Қазақстанда Каспий теңізін ғылыми-зерттеу институты құрылатын болды. Үкімет бекіткен қаулыны Су ресурстары және ирригация министрлігі әзірлеген. Институт Каспий теңізінің экологиялық мәселелерін, тартылу себебін зерттейді.

Итбалық мен балықтың қырылу себебін, Каспий итбалықтарының популяциясын сақтау мәселелерін, ихтиофаунаны зерделейді. Сондай-ақ Каспий су айдыны мен жағалауын зерттейді.

«Осыған дейін Мемлекет басшысы теңізді сақтау мақсатында Каспийді зерттеумен айналысатын ғылыми институт құру жөнінде тапсырма берген болатын. Мұндай ұйымдар Каспий маңындағы басқа елдерде де бар. Институтты құру бар проблемаларды кешенді түрде зерттеуге, ауқымды міндеттерді шешуге, халықаралық ынтымақтастықты күшейтуге мүмкіндік береді», – деді ҚР Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.

Сондай-ақ институт Каспий аумағындағы шекаралас мемлекеттердегі әріптестерімен өзара тығыз байланыс орнатады. Каспий теңізінің экожүйесі туралы шынайы және жан-жақты ақпарат бермек. Ғылыми ұйым құру Каспийді сақтау жөніндегі халықаралық және ұлттық міндеттемелерді толық көлемде орындауға мүмкіндік береді.

Бұған дейін институттың жарғылық капиталы 300 млн теңгені құрайтынын жазғанбыз. Мекеменің жарғылық капиталы 100 пайыз мемлекетке тиесілі болады.

2023 жылы мамырда Каспий теңізінде итбалық мен балық жаппай қырылды. Маңғыстау облысы балық инспекциясы қызметкерлері Түпқараған ауданында Каспий теңізі жағалауынан ондаған итбалық пен балықтардың ұшасын тапқан.

Ал маусым айында Каспий теңізінің тартылуы мәселесін шешу үшін Ақтау қаласында жергілікті ауқымдағы төтенше жағдай жарияланды.

2020 жылдың соңында климатологтардың бақылауы теңіз деңгейінің баяу, бірақ тұрақты түрде төмендеп келе жатқанын байқатты. Оған себеп – жаһандық жылынуға байланысты температураның көтерілуі.

Мамандардың есебі алдағы онжылдықта әлемнің ірі тұщы және тұзды су қоймаларында су деңгейі төмендеуі мүмкін екенін көрсетті.

Бұл, әсіресе, Каспий теңізіне қатысты. Теңіз бетіндегі су тез буланып, қыста солтүстік бөлігінде мұз жамылғысы жоғалып кетуінен, ауданы күрт қысқаруы мүмкін.

Сондай-ақ оқыңыз