Оңтүстік Кореяда  жұмыс істегісі келетін қазақстандықтарға арналған орталық ашылмақ

Жарияланды
General News бөлімінің редакторы
Қазақстандықтар Оңтүстік Кореяда 3 жыл заңды түрде жұмыс істей алады / коллаж kursiv.media

Оңтүстік Кореяда заңды жұмыс істеуді қалайтын қазақстандықтарға арналған арнайы бағдарлама дайындалып жатыр. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен отырыста Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі көші-қон комитетінің төрағасы Асқарбек Ертаев айтып берді.

«Қазақстан азаматтарын аталмыш елге жұмысқа орналастыруға рұқсат беру жүйесі бойынша тиісті шаралар қабылданып жатыр. Ол үшін орталық құру жұмысы басталды. Ондағы мақсат – жұмысқа орналасқысы келетін азаматтарға тіл үйрету. Жобаны іске асыру Кореяға жұмыс істеуге барған азаматтарымыздың әлеуметтік және еңбек құқығын қорғауға кепіл береді», – деді Ертаев.

Бұған қоса, ол жоба аясында корей еліне барған қазақстандықтар 3 жылға дейін заңды түрде жұмыс істей алатынын айтты.

2023 жылы тамыз айында Асқарбек Ертаев министрлікте ел азаматтарының Оңтүстік Кореяда заңды негізде жұмыс істеуіне жағдай жасау мәселесі қарастырылып жатқанын айтқан.

«Оңтүстік Кореяда ел азаматтарын заңды жұмысқа орналастыруды қамтамасыз ету үшін Қазақстанда «Еңбекке рұқсат беру жүйесіне» енгізу мәселесі пысықталуда. Осы жүйе арқылы жұмысқа орналастыру migration.enbek.kz порталында тіркелу арқылы жүзеге асырылады. Шетелде жұмыс істегісі келген адамның алдымен тіл үйренуіне, міндетті медициналық тексеруден өтуіне, қажетті құжаттарды рәсімдеуіне еңбек ұтқырлығы орталықтары көмектеседі», – деді ол.

Бұл шетелде істейтін қазақстандықтардың құқын заңды негізде қорғау үшін қажет. Осы мақсатта Түркия, Біріккен Араб Әмірліктері және басқа да елдермен қосымша шаралар қабылдана бастады. Ондағы мақсат ҚР азаматтарының еңбек құқықтарын қорғайтын жаңа келісімдер жасауға бастамашылық ету. 

Біздің міндетіміз – шетелде жұмыс істейтін қазақстандықтардың заңды құқықтарының қорғалуын қамтамасыз ету. Бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша 194 мыңнан астам қазақстандық шет мемлекеттерде еңбек етуде» – деді Асқарбек Ертаев..

Айтуынша, бұл мәліметті Сыртқы істер министрлігі хабарлады. Нақтылап айтқанда, Ресей Федерациясында –162 мың жұмыс істеген. Польшада –13 мың қазақстандық еңбек етіп жүр екен. Оңтүстік Кореяда Қазақстаннан барған 6 мың адам, Ұлыбританияда 5 мын адам жұмыс істеп жүр.

Үкіметтің мұндай шара қабылдауына өзіндік себептер де жоқ емес. Осыған дейін корей шекарасын заңсыз кесіп өткен қазақстандықтарға қатысты сот үкімі шыққанын жазған едік.

«10 тамызда Корея Республикасының мемлекеттік шекарасын 2023 жылдың наурызында заңсыз кесіп өткен Қазақстанның екі азаматына қатысты сот үкімі шықты. Инчхон қаласының аймақтық соты Қазақстан азаматтарының әрқайсысына 3 млн корей вон көлемінде (1 млн теңгеден астам) айыппұл салды. Одан кейін елден депортациялау туралы шешім шығарды», – делінген СІМ таратқан ақпаратта.

Айыппұлды сот белгілеген мерзімде төлей алмаса, тағы шара қолданылады. Атап айтқанда, оларға айыппұлды өтеу үшін 30 күн жұмыс істеу мүмкіндігі берілетіні хабарланды.

Ол кезде ұсталған Қазақстан азаматтарына Оңтүстік Корея заңын бұзу бойынша 3 айып тағылған еді. Олар: эмиграциялық бақылау туралы заңды бұзу, елде заңсыз болу және әуежайы объектілері мен оның ғимараттары туралы заңды бұзу.  

Сондай-ақ оқыңыз