Жаңалықтар

Бірыңғай уақыт белдеуі электр қуатын тұтыну көлемін ұлғайтады

Бірыңғай уақыт белдеуі электр қуатын тұтыну көлемін ұлғайтады/shutterstock

Қазақстан 1 наурыздан бастап бірыңғай уақыт белдеуіне көшеді. Бұл бастама электр қуатын тұтыну жүктемесіне әсер етіп, электр қуатын тұтыну көлемін ұлғайтады.

KEGOC АҚ басқарма төрағасы Нәби Айтжановтың айтуынша, ел азаматтары таңғы және кешкі уақытта электр қуатын бұрынғыдан көбірек пайдаланатын болады. Сәйкесінше осы уақыт аралығында электр қуаты үшін әдеттегіден артығырақ ақша жұмсалады.

«Бірыңғай уақыт белдеуі енгізілуіне байланысты міндетті түрде электр қуатын тұтыну көлемі ұлғаяды. Тұтастай алғанда 1 сағат уақыт біздің жүйеге салмақ салмайды. Энергетика жүйесіне алаңдауға негіз жоқ. Электр қуатын тұтыну шығыны айтарлықтай өспейді, шамалы ғана болады. Электр қуатын тұтыну көрсеткіші қарбалас уақытта ғана, яғни таңғы және кешкі уақытта ғана ұлғаяды», – деді Нәби Айтжанов журналистерге арналған брифингте.

Естеріңізге салайық, көктемнің алғашқы күнінде еліміздің бірқатар өңірінде сағат тілі кері жылжиды. Сәйкесінше 2024 жылғы 1 наурызда сағат 00:00-ден бастап Қазақстан бірыңғай уақыт белдеуіне көшеді.

Бұл туралы Сауда және интеграция министрлігі таратқан хабарламада:
«Қазақстан Республикасының аумағында уақытты есептеу тәртібі туралы» Үкімет қаулысына өзгерістер енгізілген болатын. Өзгерістерге сәйкес, 2024 жылғы 1 наурызда сағат 00:00-ден бастап елдің бүкіл аумағында бірыңғай уақыт белдеуі орнатылады», – деп жазылды.

«Қазақстан Республикасының аумағындағы уақытты есептеу тәртібі туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысына енгізілген өзгертулерге сәйкес, Астана, Алматы қалаларының әкімдіктері, Шымкент, Ақмола, Алматы, Жамбыл, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Түркістан, Шығыс Қазақстан облыстарында және Абай, Жетісу, Ұлытау облыстарында 2024 жылғы 29 ақпаннан 1 наурызға қараған түні (сағат 00:00-де) жергілікті уақытты 1 сағатқа кері жылжыту керек.

Ал қазір Қазақстанда UTC+5 және UTC+6 екі уақыт белдеуі бар. Еліміздің батыс өңірін қоспағандағы, басым бөлігі UTC+6 аймағында орналасқан.

Айта кетейік, 8 желтоқсанда Сауда және интеграция министрлігі «Қазақстан Республикасы аумағында уақыт есептеу тәртібі туралы» Үкімет қаулысына өзгеріс енгізу жобасын дайындады.

Қазақстанды 5-ші уақыт белдеуіне (UTC+5) көшіруге Мәжіліс депутаты Еркін Әбіл бастамашы болды. Ол осыған қатысты үкімет басшысына депутаттық сауал жолдады. Ел азаматтары бұл бастаманы қолдамады. Алайда арнайы құрылған жұмыс тобының есебіне сүйеніп, Қазақстанда бірыңғай UTC+5 уақыт белдеуін енгізу ұсынылды.
Осының негізінде «Қазақстан Республикасының аумағындағы уақытты есептеу тәртібі туралы» Үкімет қаулысына тиісті түзету әзірленді.