Қазақстан Ресейден электр қуатын мәжбүрліктен сатып алады

Жарияланды
электр энергиясы
Қазақстан Ресейден электр қуатын мәжбүрліктен сатып алады/kursiv.media

Қазақстан Ресейге электр қуатын арзанға сатып, артынан қымбатқа сатып алады. Мұның сыры неде? Бұл сұраққа «KEGOС» АҚ басқарушы директоры Нұржан Керімқұлов жауап берді.

Компанияның 2023 жылдың қорытындысына арналған брифингінде журналистер Ресейдің Қазақстанға 1 КВт\сағ қуатты – 19 теңгеден, ал Қазақстанның Ресейге дәл осындай қуат көзін – 6,44 теңгеге сататынына назар аударып, мәселені түсіндіріп беруді сұрады.

«KEGOС» АҚ басқарушы директоры екіұшты жауап берді.

«Ресейден импортталатын қуаттың негізгі бөлігін майнерлер тұтынады. Біз электр қуатын ресейлік майнерлер мен бірыңғай сатып алушының қажетілігіне қарай импорттаймыз. Майнерлер 2023 жылы 1 млрд 48 млн КВт/сағ қуатты сатып алды. Бірыңғай сатып алушы 1 млрд 778 млн КВт/сағ қуат тұтынды. Бұл келісімшарт коммерциялық болғандықтан, бағасын білмейміз. Былтыр Ресейден 1 млрд 588 млн КВт/сағ қуат сатып алынды. Оларға 1 млрд 329 млн КВт/сағ қуат саттық. Бұл халықаралық ағын арқылы жүрді. Сатып алатын орташа баға 1 КВт/сағ қуатқа – 19 теңге. Ал біз сататын баға 1 КВт\сағ қуатқа – 6,44 теңге. Бағада айырмашылық бар. Бірақ ол үкіметаралық келісім арқылы реттеледі», – деді Нұржан Керімқұлов.

Сондай-ақ «KEGOС» АҚ басқарушы директоры соңғы 3 жылда Қазақстанға Ресейден импортталатын электр қуатының бағасы біртіндеп арзандап келе жатқанын айтты.

«2021 жылы электр қуатын 2023 жылғыдан қымбатқа сатып алған болатынбыз. 2022 жылы 1 Кв/сағ қуатты 24,88 теңгеге сатып алдық. 2023 жылы 19,37 теңгеге сатып алғанбыз», – деді Нұржан Керімқұлов.

Электр қуатын сату мен сатып алудағы айырмашылық

Диалогқа «KEGOС» АҚ басқарма төрағасы Нәби Айтжанов араласып, электр қуатын сату мен сатып алу бағасындағы 3 айырмашылықты түсіндіруге тырысты.

«Біз Ресей Федерациясынан электр қуаты ең белсенді тұтынылатын уақытта сатып аламыз. Ресейде де теңгерім нарығы бар. Яғни электр қуатының құны
тұтынылатын уақытқа байланысты. Ресейден электр қуатын таңғы және кешкі уақытта сатып алатындықтан, бізге қымбатқа шығады. Бұл Қазақстан үшін жоғары тариф болып көрінетін шығар. Бірақ оны мәжбүрліктен аламыз. Өйткені біздегі генерация қажеттілігімізді толық жаппайды», – деді Нәби Айтжанов.

Сонымен қатар басқарма төрағасы Қазақстан Ресейге электр қуатын неге арзанға сататынын да мәлімдеді.

«Ресейге өзімізден артылған электр қуатын жөнелтеміз. Профицит түнде пайда болады. Бұл қуаттың Ресейге қажеті шамалы. Баға айырмашылығы айтарлықтай болып көрінеді, бірақ мұның барлығы теңгерім бағасынан туындап жатыр», – деді Нәби Айтжанов.

KEGOC-тың таза пайдасы өскен

Естеріңізге салайық, 2023 жылы KEGOC-тың таза пайдасы 60%-ға артып, 42,7 млрд теңгені құрады. Ал «KEGOC» АҚ-ның 2023 жылғы жалпы пайдасы 2022 жылмен салыстырғанда 39%-ға өсті. Яғни 50,9 млрд теңгеден 70,5 млрд теңгеге дейін жетті. Түсім 251,9 млрд теңгені құрап, 2022 жылға қарай 34,7 млрд теңгеге немесе 16%-ға өскен.

Компанияның нәтижеге жетуіне Батыс энергетикалық хабының электр желілерін нығайту бойынша ірі инвестициялық жобаның аяқталуы себеп болған. Сонымен бірге қайталама акцияларды орналастыру (SPO), ҰЭТ пайдалану бойынша жаңа қызметтің пайда болуы және Қазақстан Бірыңғай электр энергетикалық жүйесінің (БЭЖ) Оңтүстік аймағын нығайту жобасын іске асыру оң нәтиже берген.

Осылайша, 2023 жылдың қорытындысы бойынша компанияның таза пайдасы 42,7 млрд теңге деңгейінде қалыптасқан. Бұл 2022 жылмен салыстырғанда 15,9 млрд теңгеге немесе 60%-ға жоғары. Ол жылы таза пайда – 26,7 млрд теңге болған.

KEGOC табысы қалай ұлғайды

Сондай-ақ «KEGOС» өткен жылғы табысы қалай көбейгені жайлы да сөз болды.

«Электр энергетика нарығының қатысушылары «KEGOC» компаниясының тарифті Квт\сағатына 2 теңгеге көтеріп, компанияның өздеріне салық салып отырғанын айтты. Тіпті кейбір электр энергиясын алмайтын тасымалдаушы компаниялар да сол ақшаны төлеуге мәжбүр. Нәтижесінде «KEGOC»-тің тарифтік жүктемесі артқан. Тұтынушы ретінде бұл ақшаны біз төлеп отырмыз. Осы орайда компанияның табысы өткен жылы қаншалықты артты? Бұл тариф болмаса табыстарыңыз айтарлықтай аз болар ма еді?», – деп сұрады журналистер компания өкілінен.

Компания басшысы бұрын электр энергиясын жеткізу үшін «KEGOC» тарифі болғанын айтты. Қазір компанияның бұл қызметі екіге бөлінген.

«Электр энергиясын тасымалдау тарифі тек жекелеген топтар үшін ғана сақталып қалды. Яғни бұрын тариф 3 теңге шамасында болған. Бұл үш теңге электр энергиясын біздің желілер арқылы тасымалдаған барлық тұтынушыға қатысты болған. Ал қазір бізде бұл тариф бойынша жекелеген топтар ғана төлейді. Олар электр энергиясын жеткізу қызметін тариф бойынша тұтынады», – деді компания басшысы.

Компания 2023 жылы SPO өткізді

Компанияның 2023 жылы өткен SPO-сы – Қазақстанның бағалы қағаздар нарығындағы маңызды оқиғалардың бірі болды.  

SPO барысында 15 294 118 акция әр данасы үшін 1482 теңгеден орналастырылған.

Қазақстандықтар KEGOC-тың SPO-сына үлкен қызығушылық танытты. 34,8 млрд теңге сомасына 50 мыңнан астам өтінім келіп түскен. Бұл ұсыныстан 1,5 есе асып түсті. 22,7 млрд теңге сомасына өтінім қанағаттандырылған. Соның ішінде жеке тұлғалар 15,2 млрд теңгеге (67%) акция сатып алған.

Сондай-ақ оқыңыз