Электр желілерінің ұлттық операторы өткен жылғы табысын тарифті көтеру есебінен ұлғайтты ма – компания басшысы жауап берді
«KEGOC» АҚ Басқарма төрағасы Нәби Айтжанов компанияның осы жылы табысының өсуіне қандай жағдайлардың әсер еткенін айтып берді.
«Электр энергетика нарығының қатысушылары «KEGOC» компаниясының тарифті Квт\сағатына 2 теңгеге көтеріп, компанияның өздеріне салық салып отырғанын айтты. Тіпті кейбір электр энергиясын алмайтын тасымалдаушы компаниялар да сол ақшаны төлеуге мәжбүр. Нәтижесінде «KEGOC»-тің тарифтік жүктемесі артқан. Тұтынушы ретінде бұл ақшаны біз төлеп отырмыз. Осы орайда компанияның табысы өткен жылы қаншалықты артты? Бұл тариф болмаса табыстарыңыз айтарлықтай аз болар ма еді?», – деп сұрады журналистер компания өкілінен.
Компания басшысы Нәби Айтжанов бұрын электр энергиясын жеткізу үшін «KEGOC» тарифі болғанын, қазір компанияның бұл қызметі екіге бөлінгенін айтты.
«Электр энергиясын тасымалдау тарифі тек жекелеген топтар үшін ғана сақталып қалды. Яғни бұрын тариф 3 теңге шамасында болған. Бұл үш теңге электр энергиясын біздің желілер арқылы тасымалдаған барлық тұтынушыға қатысты болған. Ал қазір бізде бұл тариф бойынша жекелеген топтар ғана төлейді. Олар электр энергиясын жеткізу қызметін тариф бойынша тұтынады», – деді компания басшысы.
Айтжанов ұлттық электр желісін пайдалану бойынша тарифтердің керісінше қысқарғанын айтты. Қазір ұлттық электр желісін пайдаланудың жаңа қызметі үшін тариф 1,10 теңге көлемінде. Мұның алдында 3 теңге болған екен.
«Осылайша, тарифіміз екі еселенген жоқ, керісінше төмендеді. Бұл тариф жекелеген топтардан бөлек барлық тұтынушыға қатысты. Сондықтан тарифіміз екі есе өсті дегенмен келіспеймін»,– деді ол.
Ал «KEGOC» табысының өсуіне электр энергиясын теңгерімдеуге кететін шығындарды нарық тұтынушыларына бөліп жібергені себеп болған.
«Таза пайданы арттырған факторларға келетін болсақ, электр энергиясын сатып алу құнын төмендету бойынша жақсы жұмыс атқардық деп айта аламын. Егер бұрын электр энергиясын теңгерімдеуге байланысты барлық қаржылық ауыртпалықты компанияның өзі көтерсе, 1 шілдеден бастап теңгерімді нарық жүйесі енгізілгелі бұл ауыртпалық біздің компаниядан алынып тасталды. Солайша біздің компанияның міндеті жеңілдеді. Бұл шығынды енді теңгерімдегі электр энергиясын алатын тұтынушылар бөліп төлейді. Міне, пайданың артуына тарифтер емес, осы жайт себеп болып отыр. Ал тарифтер мәселесіне келер болсақ біздің тарифті желілік монополияны реттеу комитеті қадағалайды. Сондықтан да тарифтердің көтерілуіне негіз жоқ», – деді Нәби Айтжанов.
Еске сала кетсек, 2023 жылы KEGOC-тың таза пайдасы 60%-ға артып, 42,7 млрд теңгені құрады. Ал «KEGOC» АҚ-ның 2023 жылғы жалпы пайдасы 2022 жылмен салыстырғанда 39%-ға өскен. Яғни 50,9 млрд теңгеден 70,5 млрд теңгеге жеткен. Түсім 251,9 млрд теңгені құрап, 2022 жылға қарай 34,7 млрд теңгеге немесе 16%-ға өскен.
Компанияның нәтижелерге жетуіне Батыс энергетикалық хабының электр желілерін нығайту бойынша ірі инвестициялық жобаның аяқталуы себеп болған. Сонымен бірге қайталама акцияларды орналастыру (SPO), ҰЭТ пайдалану бойынша жаңа қызметтің пайда болуы және Қазақстан Бірыңғай электр энергетикалық жүйесінің (БЭЖ) Оңтүстік аймағын нығайту жобасын іске асыру оң нәтиже берген.
Осылайша, 2023 жылдың қорытындысы бойынша компанияның таза пайдасы 42,7 млрд теңге деңгейінде қалыптасқан. Бұл 2022 жылмен салыстырғанда 15,9 млрд теңгеге немесе 60%-ға жоғары. Ол жылы таза пайда – 26,7 млрд теңге болған.