Масс-медиа туралы Заң осы күйінде қабылданатын болса, президентке ашық хат жазып, вето жариялауды сұраймыз – Журналистер қауымы
Масс-медиа туралы Заң жобасына енгізілген жаңа түзетулер сөз бостандығы жағдайын нашарлатады. Қазақстандағы тәуелсіз БАҚ-тардың жабылуына алып келеді. Осы мәселені көтеріп, медиа сарапшылар дабыл қағып жатыр.
БАҚ өкілдерінің хабарлауынша, Масс-медиа туралы заңның жекелеген салаларын талқылауға депутаттар небәрі 5-7 минут қана жұмсайды. Журналистерді депутаттардың бұл мәселеге бұлайша жеңіл-желпі қарайтыны алаңдатады.
Мәселен, депутат Н.Шаталов желілік басылымдар мен ақпарат агенттіктерін «интернет-басылымдар» деген бірыңғай түсінікке біріктіруді ұсынған. Медиа сарапшылар мұндай өзгеріс ақпарат агенттіктерінің жойылуына жол ашатынын айтады. Сондай-ақ интернет-басылымдар барлық дәстүрлі БАҚ сияқты міндетті түрде тіркеуден өткізіліп, есепке алынады.
«Масс-медиа туралы заң бірінші оқылымнан өтті. Енді екінші оқылымнан өтуі керек. Алдын-ала болжам бойынша бұл заң көктемге дейін қабылданады деген ақпарат бар. Өкінішке қарай, біз ұсынып отырған журналистердің құқықтық қорғалуы сынды бірқатар өзгерістер қабылданбады. Мемлекеттік қаржыландыру мәселесі әлі де шешілмеді. Министрлік бұл ұсынысты ұнатпады. Соған қарағанда өтпейтін секілді. Ал енді біздің аяқасты жиын өткізу себебімізге тоқталсақ, күні кеше ғана депутаттар заң жобасына өзгерістер енгізді. Олар интернет-басылым және аккредитациямен байланысты. Егер осы өзгерістер қалатын болса, оның салдары қандай болатынын түсіндіріп өткім келеді. Депутат Шаталов заңнан желілік басылым мен ақпарат агенттігі деген ұғымды алып тастап, «интернет-басылымдар» деген бірыңғай ұғым енгізгісі келеді. Ақпараттық агенттіктердің өзіндік ерекшеліктері бар. Желілік басылымдар интернет басылым дегенге келетін шығар. Бірақ ақпараттық агенттік деген ұғым заңда қалуы керек», – дейді «Құқықтық медиа-орталығы» қорының заңгері Гүлмира Біржанова.
Сонымен бірге депутат желілік басылымдарды мемлекеттік тіркеуге қоюды міндеттеу қажет екенін айтқан. Ал қолданыстағы заңнамаға сәйкес олардың интернет ресурсы ретінде тіркелуі ерікті түрде жүргізіледі. Өзгерісте тіркеуге тұратын интернет-басылымдардың барлығы Қазақстан аумағынан болуы керек деген талап бар. Медиа-сарапшыларды шетелдік БАҚ журналистерін аккредитациялауға қатысты ережелер де алаңдатады.
«Енгізілген өзгеріске сәйкес, шетел басылымдарының журналистері акредитация өтпей, кәсіби журналистикамен айналыса алмайды. Егер Ұлттық қауіпсіздікке қауіп төндіретін жағдайлар анықталса, СІМ аккредитация бермеуге құқылы. Министрлік тіпті шетелдік басылымдардың қызметін тоқтатуға құзыретті болады. Бұл тармақ кең ауқымда алынған секілді. Өйткені Ұлттық қауіпсіздікке қауіп төндіргісі келетін шетелдік басылымдар мұндай әрекеттерді аккредитациясыз да жүзеге асыруы мүмкін. Мұнда шетелдік басылымдарға істейтін журналистердің қызметіне кедергі болуы мүмкін», –дейді заңгер.
«Құқықтық медиа-орталығының» өкілі Диана Окремова «Масс-медиа туралы Заң жобасын әзірлеу жөніндегі жұмыс тобында масс медианың өкілдері бар екенін, бірақ онда журналистердің құқы лайықты деңгейде ескерілмейтінін айтты.
«Өкінішке қарай, біздің ұсыныстарымызға деген немқұрайдылық байқалады. Өйткені маңызды өзгерістер егжей-тегжейлі талқыланбайды. Ол өзгерістердің медиа-қоғам мен медиа-нарыққа, журналистерге әсері ескерілмейді, бағаланбайды. Бұл заң елдегі сөз бостандығы мен демократияға тікелей әсер етпек. Сол себепті де депутаттар бұл құжатқа мұқият қарауға тиіс. Олардың бұл заң жобасын асығыс қабылдап жатқаны да жағдайды қиындатып отыр. Талқылауға уақыт аз беріледі. Процедуралық процестер бұзылып жатады. Бүгін енген өзгерісті, ертең қабылдау сынды дүниелер бар. Бұл орайда сарапшылар қауымының қолы байлаулы десек те болады», – дейді журналист.
Жұмыс тобының мүшелері бұл заңның журналистерсіз талқыланып жатқанын айтты. Сарапшылар заң жобасының медиа саланың субъектілерімен емес, парламент депутаттары мен мемлекеттік органдардың қалауымен әзірленіп жатқанын айтады. Олар түбінде бұл заң журналистердің қызметіне әсер ететінін, сол үшін медиа нарықта жүргендердің де пікірі ескерілуі керек екенін атап өтті.
«Жұмыс тобының отырысына қатысқанда байқадық, бір мәселе қызу талқыланбайды. Ұсынылып отырған өзгерістердің алыс-жақын шетелдегі тәжірибесі де ескерілмейді. Мемлекеттік органдар мен депутаттардың ұсынысына ғана басымдық берілген. Ал азаматтық қоғам пікірі мүлде ескерілмейді. Бәрі асығыс жүргізіледі. Бұл – өте нашар үлгі, нашар тәжірибе. Заң осы қалпында енгізілсе, салдары қиын болады. Журналистердің жұмысына кедергі келтіреді. Біздің мәжіліске сөзіміз жүрмейді. Сол себепті де бұл орайдағы жұмысымыз сәтті жүргізіліп жатыр деп айта алмаймыз», – деді «Internews Kazakhstan» заңгері Ольга Диденко.
Медиа сала мамандары егер бұл заң Сенатта мақұлданатын болса, Президентке ашық хат жазып, вето жариялауды сұрайтынын мәлімдеді.