Импортты алмастыру: осы жылы елімізде 1,5 трлн теңгенің 180 өңдеу өнеркәсібі жобалары іске қосылады

Жарияланды
өңдеу өнеркәсібі
Биыл елімізде өңдеу өнеркісібінде қандай жаңалық күтіледі / Үкіметтің баспасөз қызметі

2024 жылы Қазақстанда жалпы құны 1,5 трлн теңге болатын, 180 өңдеу өнеркәсібі жобалары іске қосылады. Бұл жайлы премьер-министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Отандық кәсіпкерлер кеңесінің отырысында айтылды.

Импортты алмастыруды дамыту және қазақстандық тауарлар мен қызметтердің экспорттық әлеуетін арттыру мәселелері қаралған бұл жиында соңғы жылдары өңдеу өнеркәсібі экспортының көлемі өскені атап өтілді.

Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаевтың айтуынша өткен жылдың 11 айында өңдеу өнеркәсібінің сыртқы сауда айналымы 12%-ға артты. Жалпы көлем 74,2 млрд долларды құрады. 2023 жылы ірі тапсырыс берушілер мен отандық өндірушілер арасында ұзақ мерзімді 179 шарт пен оффтейк-келісімшарт жасалды. Оның жалпы құны 66 млрд теңгені құрайды. Бұдан бөлек өз қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін «Қазақмыс», ERG, «Қазмырыш» және т.б. ірі компаниялар өз айналасында шағын және орта бизнес белдеуін құруды қолға алған.

Министрі импортты алмастыру үшін бизнеске жағдай жасалып жатқанын айтты.

«Импорт алмастыруды ынталандыру үшін отандық өңдеушілерді қолжетімді бағамен шикізатпен қамтамасыз ету механизмі іске қосылды. Бүгінде металдың үш негізгі түрі – алюминий, мыс, қорғасын бойынша 25 келісім жасалды. Бұл өңдеуді тереңдетіп, республикада өндірілетін тауарлардың номенклатурасын кеңейтуге мүмкіндік береді.Кәсіпорындардың инфрақұрылымға қолжетімділігін кеңінен қамтамасыз ету мақсатында арнайы экономикалық және индустриялық аймақтардың қызметі жетілдірілуде», – деді министр өз баяндамасында..

Өткен жылдың қорытындысы бойынша жалпы құны 930 млрд теңге болатын 170 жоба іске қосылған. 12 мыңнан астам тұрақты жұмыс орны ашылған екен. Атап айтқанда, лак және бояу материалдары өндіріле бастады. Арматура, арнайы жұмыс киімі, медициналық жиһаздар, жылу сақтағыш материалдар шығарыла бастады. Лифттер және т.б импортқа тәуелді тауарлар өндірісі жолға қойылған.

Ал биыл жалпы құны 1,5 трлн теңге болатын 180 жобаны жүзеге асыру жоспарлануда. Нәтижесінде 18 мыңнан астам жұмыс орны ашылады. Атап айтқанда, Павлодар облысында ферроқорытпа зауыты ашу жоспарлануда. Қостанай облысында жүк көліктеріне арналған темір бөлшектер шығаратын зауыт салынбақ. Павлодар облысында ұсталық-бандаж кешені ашылады деп күтіліп отыр. Алматы облысында тұрмыстық техника шығаратын зауыт жолға қойылмақ. Қарағанды облысында жел энергетикасы қондырғыларына арналған құрамдас бөліктер шығаратын зауыт ашылады.

Өз кезегінде Әлихан Смайылов импорт алмастыруды дамыту экономика тұрақтылығын қамтамасыз ететін маңызды фактор екенін атап өтті.

«Бұл ретте кешенді жұмыс жүргізу қажет. Осы мақсатта Үкімет Елішілік құндылықты және экспортқа бағдарланған өндірістерді дамыту бағдарламасын қабылдады. Атап айтқанда, отандық тауарлар номенклатурасын кеңейту және жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардың жүктемесін арттыру арқылы өндірістің өсуін ынталандыру шаралары жүзеге асырылуда. Өндірісті локализациялауды арттыру мақсатында жобалар қолжетімді қаржыландырумен, оның ішінде бюджеттен тыс көздер және кепілдік беру тетіктерін кеңейту есебінен қамтамасыз етілуі тиіс. Бұл шаралар кәсіпорындарға шетелдік тауар жеткізушілермен табысты бәсекелесуге мүмкіндік береді», — деді үкімет басшысы.

Еске сала кетсек, Әлихан Смайылов Орта бизнес Қазақстанның өңдеу өнеркәсібінің қозғаушы күшіне әрі драйверіне айналуға тиіс екені айтқан болатын.

«Орта бизнестен зор үміт күтіп отырмыз. Ол бәсекеге қабілетті өнім шығаратын және кең ауқымды қызмет көрсететін өңдеуші сектордың қозғаушы күшіне әрі драйверіне айналуы тиіс», — деді премьер-министр. 

Сондай-ақ оқыңыз