Елімізде 2,2 млн шамасында шағын және орта бизнес (ШОБ) кәсіпорыны жұмыс істеп тұр. Аз да емес. Көп те емес. Оның өзінің басым бөлігін көтерме және бөлшек сауда иеленеді. Оның да өркендегені маңызды. Бірақ шағын өндірістің жұмыс істеуі, қосылған құны бар тауарлардың нарыққа шығарылғаны тіпті қажетті. Қазір ШОБ бірнеше өзекті түйткілмен бетпе-бет қалып отыр. Олар: ең бірінші кезекте инфляция, теңге курсының құбылмалы болуы, несие пайызының қымбаттап отырғаны, көлеңкелі экономика үлесінің көбейіп кеткені. Тиісінше экономикадағы мемлекет үлесінің көптігін де осы қатарға қоса аламыз.
Қаржыгер Ғалым Құсайыновтың айтуынша, ШОБ-ты қолдаудың амалы көп. Бірақ мемлекет пайыздық ставкаларды субсидиялауға көбірек мойын бұрып кетті.
«Бұл, әрине, кәсіпкерге қосымша табыс алу тұрғысынан жақсы шара. Бірақ мемлекеттік деңгейде ШОБ-ты дамыту тұрғысынан альтернативті пікірім бар. Кәсіпкерлердің көбі пайыздық ставкаларды өтеу бойынша ақшалай субсидия алып отырғандықтан ,субсидияны алып тастау немесе қысқарта салу оңайға соқпайды. Пайыздық мөлшерлемені субсидиялаудың өзі пайыздық арнаның жұмысын және ақшаның нарықтық құны тұжырымдамасын айтарлықтай бұрмалағанына қарамастан, мен субсидиялаудың басқа да келеңсіз аспектілеріне тоқталғым келеді. Мемлекеттің мақсаты – тұрақты жұмыспен қамтуды ұйымдастыру және орнықты ЖІӨ өсіміне қол жеткізу. Егер сіздің бизнестің табысы салынған капиталдың 10 пайызындай болса, онда кез келген құбылу кезінде жабылып қалуы мүмкін. Ал егер бизнес капиталдың 25 пайызындай табыстылық әкеліп тұрса, онда ол біршама қорғалған әрі орнықты. Заем капиталының құнын нарық анықтайды, қазір ШОБ үшін бұл – 20 пайыз. Егер жоба капитал құнының 20 пайызын жаппаса онды ол орнықсыз бизнес деген сөз. Мемлекеттен субсидия берілмесе, кәсіпорында түйткіл көбейеді. Сол себепті банктер жобаны қарастыру кезінде субсидияның бар-жоғына мән бермейді және бизнес субсидиясыз күйде кредитке қызмет көрсете ала ма деген критерийді басшылыққа алады. Сондықтан кәсіпкерлерге мемлекет беріп отырған субсидия – бизнес үшін қосымша табыс қана. Ал бұдан тағы бірнеше проблема туындайды», – дейді қаржыгер.
Сарапшы сөзінше, бизнес иелері субсидияны да табыстың бір көзі ретінде қарастырады. Сондықтан өндіріс ауқымын кеңейтуге, табысты арттыруға аса құлықты болмайды.
«Субсидия алушыларда қаржылық мүмкіндіктер артығырақ болғандықтан, алатындар мен алмайтындар арасындағы тепе-теңдік бұзылады. Мұнда екі аспект бар. Біріншіден, бәрінің бірдей кредит алуға мүмкіндігі жоқ. Екіншіден, мемлекетте субсидия қажеттілігін қанағаттандыру бойынша ресурс ұдайы жеткілікті бола бермейді. Басты мәселе – жаңадан ашылған кәсіпорындардың төлем қабілеттілігін растай алмағандықтан, несиеге қол жеткізе алмауында. Өйткені көбінде кепілге қояр мүмкіндік жоқ. Ал ондай мүмкіндігі бар компаниялар несиені көбірек алып, субсидияға да ие болып жатыр. Бұл басқа ойыншылардың нарыққа шығуына кедергі келтіреді, ал олардың арасында бәсекеге қабілетті және өнімді ойыншылар болуы мүмкін. Сонда түсінеріміз – субсидия бизнесті даму жолына қарай ынталандырмайды, керісінше нарыққа шығу тұрғысынан тосқауыл жасап, ШОБ-тың несиеге қолжетімділігін төмендетеді», – дейді.
Қаржыгер пайымының тоқетері – субсидиялау жүйесін ШОБ үшін кепілдік беру институтына ауыстыру қажет. Сонда кәсіпкерлер көбірек несие алып, рентабельділік нормасын жаба алатын жобалар төңірегінде шоғырлана бастайды.
Freedom Holding Corp негізін салушы Тимур Турловтың айтуынша, экономикадағы ШОБ жоғары үлесі бай дамыған экономикаларды кедей дамушы экономикалардан ажыратады.
«Әлемдегі барлық үкімет шағын кәсіпкерлікті қолдауға тырысып жатыр және біздің үкімет оны әлемдік талап бойынша, біршама белсенді жүргізіп жатыр. Бірақ кәсіпкерлік мәдениеті дамып келе жатқан елдерде ШОБ дамуының негізгі проблемасы несиенің төмен қолжетімділігі болып саналады. Оның маңыздылығы көбінесе салық жеңілдіктерінен де маңыздырақ. Біз қазақстандық Freedom Bank командасымен ШОБ-ты кепілсіз несиелеудің әлемдік тәжірибесін зерттей бастағанда, мұны дұрыс жасаудың жалғыз жолы – айналымға овердрафт нысанында кредиттік желіні ұсыну, яғни нақты орташа айлық табысқа байланысты шот бойынша «минусқа кетуге» мүмкіндік беру екенін түсіндік. Қазір бізде сатылымның 80 пайызы қолма-қолсыз есеп айырысу арқылы жүзеге асады. Демек бізде компания айналымын дұрыс бағалайтын нақты мүмкіндік пайда болады. Ірі желілері бар ШОБ мүмкіндіктерін барынша арттыруға көмектескен өнім жасауды шештік. Яғни карталық төлемдерді қабылдау үшін терминалды онлайн жылдам алу, бизнес карталарды қабылдаудан алатын ақшаны бірден жұмсауға мүмкіндік алу, бірден жинақталған бизнес-картадан сатып алуларды төлеу. Сондай ақ кез келген банкоматтан қолма қол ақша алуға болады», – дейді Тимур Турлов.
Экономикалық зерттеулер институтының аға сарапшысы Айдана Байқанованың айтуынша, елдегі ШОБ-тың ішінде жеке тұлғалар үлесі – 69,1 пайыз, заңды тұлғалар – 17,6 пайыз, шаруа және фермерлік шаруашылықтар – 13,1 пайыз. Соңғы бес жылда жұмыс істеп тұрған ШОБ субъектісінің саны 68,3 пайызға өскен.
Институт сарапшысы өзге елдердің қызықты тәжірибесін алға тартады. Сондай елдің бірі – Жаңа Зеландия. Ондағы бірнеше фактор кәсіптің тәуір дамуына әсер етіп отыр. Олардың қатарында инвесторлардың ерекше қорғалуы, коррупцияның төмен деңгейі, бизнесті жүргізуге кететін аз шығын және банк жүйесінің күшті дамуы бар.
«Кәсіпкерлерді қолдайтын Бизнес, инновация және жұмыспен қамту министрлігі жұмыс істейді. Елде шағын және орта кәсіпкерлікке арналған 20 мемлекеттік бағдарлама бар. Мысалы, пандемиядан кейін мемлекет кәсіпкерлердің өздерінің онлайн-жұмыстарын модернизациялауға көмектесуге арналған Digitalboost («цифрлық серпіліс») бағдарламасына 44 млн доллар салды. 2022 жылдың тамызында жеке аудиторлар бұл бағдарламаға тәуелсіз бағалау жүргізіп, аталған платформа арқылы қолдау көргендердің 80 пайызының жекеменшік сайттарын ашқаны анықталған. Респонденттердің 23 пайызында табыс көбейген. Ал Оңтүстік Кореяда шағын бизнестің нәтижелілігі туралы есеп беріп отыратын Стартап министрлігі бар. 2022 жылдың қорытындысы бойынша Кореядағы шағын және орта бизнес 117,5 млрд долларға дейін экспорттық түсімге қолжеткізді», – дейді Айдана Байқанова.
Мәжілістегі «Ақжол» партиясы өкілдерінің мәлімдеуінше, ШОБ, әсіресе, орта бизнес үлесін ұлғайту айырықша маңызды болып отыр.
«Қазір орта кәсіпкерлік жалпы ШОБ субъектілерінің ішіндегі айналымның небәрі 0,2 %-ын иеленеді және аталған саладағы өндірістің 20 %-ын қалыптастырып отыр. Алайда мемлекеттік қолдаудың бүкіл шарасы бүгінде тек шағын және микробизнеске бағытталған. Жоғарыда атап көрсетілген мораторий де осы екі сегменттің игілігіне жұмыс істейді. Орта бизнесті қолдайтын ешқандай бастама жоқ болғандықтан табысты шағын кәсіпорындардың өзі орта бизнеске ауысқысы келмейді», – дейді депутаттар.
Дәл қазір бизнесті қолдау, оларға тиетін кедергіні барынша азайту өте маңызды. Мемлекет басшысы 2019 жылы ШОБ субъектілеріне жүргізілетін тексеру мен профилактикалық бақылауға 3 жылға мораторий жариялады. Кейін ол тағы да ұзартылған еді. Бұл мораторий пандемия және карантиннен кейінгі кезеңде бизнеске мол шарапатын тигізді. Бас Прокуратура мәліметі бойынша, 2019 жылы шағын және микробизнеске 128 мыңнан астам тексеріс жасалған. Ал 2020 жылы олардың саны 5 есе қысқарған. Бұл оңды өзгеріс және мораторий биыл да жалғасатын болды.
Қазақстандық ШОБ 2023 жылдың 4 тоқсанында түсім көлемі өсіп, ауыл шаруашылығы саласына қатысты кәсіпте жоғары 68%-ды құрайды. Бұл жайлы Freedom Finance Global жүргізген сауалнама қорытындысында айтылған.