Илон Масктың АІ стартапы OpenAI-мен бәсекелесу үшін инвестиция іздейді – FT
Илон Маск ашқан жасанды интеллект стартапы $6 млрд инвестиция тартау жөнінде келіссөздер жүргізіп жатыр.
Financial Times ақпаратына сүйенсек, Маск нарық көшбасшысы-ChatGPT чатботын жасаған OpenAI компаниясымен бәсекелесуге ниетті.
Илон Маск xAI компаниясын 20 миллиард долларға бағалауды жоспарлап отыр. Оған қазір 6 миллиард доллар инвестиция қажет. xAI соңғы апталарда бүкіл әлемдегі әлеуетті инвестормен инвестициялық келіссөздер жүргізіп келеді. Басылымның мәліметінше, келіссөздерді үйлестіруге Морган Стэнли көмектесіп жүр.
Маск Таяу Шығыс елдерінің еркін қорларын нысанаға алды. Бұдан бөлек, xAI компаниясы Жапония мен Оңтүстік Кореядағы инвесторлармен байланысқаны туралы ақпарат та бар.Талқылауға Қытайдың бақылауындағы Гонконг қоры да қызығушылық танытқан.
Маск FT ресми сауалына жауап бермеген. Ал Морган Стэнли түсініктеме беруден бас тартқан.
Илон Маск 2015 жылы OpenАі негізін қалаушылардың бірі болды, бірақ 2018 жылы бас директор Сэм Альтманмен келіспеушіліктерден кейін директорлар кеңесінен кетті. Ал xAI 2023 жылдың жазында құрылды.
Миллиардердің стартапы алғашқы өнімін 2023 жылдың желтоқсанында шығарды. Яғни Grok чатботы. Оның негізі Маск 2022 жылы сатып алған x әлеуметтік желісіндегі (бұрынғы Twitter) жазбалар болды. Осының арқасында Grok бәсекелестерге қарағанда өзекті ақпаратты ұсына алады. Салыстыру үшін, ең танымал чатбот ChatGPT базасы 2022 жылдың қаңтарына дейінгі ақпаратты ғана ақысыз береді.
Осыған дейін егер үкімет сауда шектеулерін енгізбесе, қытай автокөлік өндірушілері басқа автомобиль компанияларының көпшілігін басып озатынын жазған едік. Бұл туралы 2023 жылдың қорытындысын шығару кезіндеTesla компаниясының басшысы Илон Маск айтқан.
Reuters ақпаратына сүйенсек, миллиардер қытай автокөлік концерндерінің бәсекеге қабілетті және өз елінің аумағынан тыс жерде айтарлықтай жетістікке жете алатынын атап өткен.
«Егер ешқандай сауда кедергілері болмаса, олар әлемдегі басқа автомобиль компанияларын басып озып жойып жібереді», — деп ескертті Илон Маск.