Жасына қарай әдісі: балаға қаржылық сауат жайлы қалай түсіндіру керек?

Жарияланды
Жасына қарай әдісі: балаға қаржылық сауат жайлы қалай түсіндіру керек / shutterstock

Жапырақтарды қағаз ақша қылып ойнап өскендердің қатарында барсыз ба? Дүкенші болып, сатырлатып ақша санау бала кезде ойын болып көрінгенімен, ол ересек өмірде пайдасы тиетін түрлі машықты дамытқан екен. Балаға қаржылық сауат негіздерін санаға ерте сіңірген дұрыс. Өйткені өскенде шешім қабылдағанда, қысқа және ұзақ мерзімді жоспарлар жасағанда, математикалық есептер шығарғанда, тәуекелерді бағалап, анализ жасағанда аса қажет болады. Kursiv Media тілшісі баланың жасына қарай қаржылық сауат жайлы қалай сіңіру керегіне шолу жасап шықты. 

5-7 жасар балаларға нені үйрету керек?

Мектепке әлі бармаған балаларға ақпаратты барынша қызық, ойын форматында берген абзал. Өйткені күрделі тақырыптарды ол әзірге қорыта алмайды. Сондықтан ақшамен таныстыру үшін түрлі ойын ойнатып көрсеңіз болады. Дүкен, банк, мейрамханаға барғандай болып, біріңіз қызмет көрсетіп, біріңіз клиент болыңыз. Балаңыз кассада тұрып көрген кезде ақша санауды үйреніп, алғашқы түсініктері қалыптасады. Сонымен бірге дүкенге ертіп шыққанда алатын затты қалай таңдау керегін де ата-ана түсіндіруі қажет. Бюджеттің шектеулі екенін, ересектердің ақшаны қалай жарататынын түсінікті тілде әңгімелеуді әдетке айналдырыңыз. Үнемдеудің маңызын айтып, көрсеқызарлықтың жақсы емесін түсіндіріңіз. Жеті рет ойланып барып зат алғанның арқасында қанша ақша қалтада қалып, келесі қажетке жарайтынын түсіндіріңіз. «Егер қазір сәл үнемдесең, өзің қалап жүрген көлемді бір затты ала аласың» деп айтыңыз. Сонда балада жинауға деген құлшыныс пайда болады. Бұл жастағы балалар ата-анасымен көп уақыт өткізгенді жақсы көреді. Сондықтан бірге ойнап, кітап оқып, мультфильм қарауға болады. Қазір балаларға арналған мұндай контент көп. Қазақша кітапшалардың да саны артып келеді. Мұндай көмекші құралдар ақшаның ойыншық пен тәтті сатып алуға арналған дүние ғана емесін түсіндіреді.  

8-10 жасар балаларға ақша туралы қалай айтамыз?

Бұл жаста балалар бастауыш сыныпта оқиды. Алдыңғы кезеңге қарағанда бұл уақытта сәл тереңірек ақпарат беруге болады. Қаржылық сауаттың ньюанстары жайлы түрлі қызық талқы жасай аласыздар. Мысалы банк карталары қалай жұмыс істейді, оны қалай қолданады деген тақырып балаларға қызық болады. Отбасылық бюджеттің қалай құрылатынын да айтып көріңіз. Жалпы ай сайын қандай шығындар болады, оған қанша ақша кетеді — оны да балаға білген артық болмайды. «Әлі кішкентай, ақшамен басын қатырудың қажеті жоқ» демеңіз. Өйткені бастауыш сынып балаларына тіпті салық, коммуналдық қызмет жайлы да айта беруге болады. Өйткені мектепке баратын, есеп шығаратын балаға бұл әңгіме еш күрделі емес. Қалтасына күнделікті ақша салып жіберетін болғандықтан, бергеніңізді дұрыстап жарата білуі маңызды. Бюджетін жоспарлауды үйренеді. Сондықтан осы жаста балаға барынша негізгі түсініктерді сіңіріп үлгерген абзал. Ақша жаратуды үйрету үшін алдымен күн сайын беріп тұрыңыз. Сосын бірте-бірте бір аптаға, бір айға бересіз. Сонда жеке бюджетті өзі реттей алатын болады. Қойындәптер арнап не мобайл қолданба жүктеп алып, соған жазып жүрсе тіпті жақсы. Бастысы, бір айға берген ақшаны бір күнде құртып тастауға болмайтынын түсінуі керек. Қанша уақытқа жоспарланған бюджет болса, сол уақытқа жеткізе білу маңызды. Тіпті үнемдеу арқылы өзіне керек бір затты алуға болатынын да осы арқылы ұғындыруға болады. Бір күн бәліш алмай, сол ақшаны қорға жинап қоюға болады дегендей тәсілдермен таныстырыңыз. Дүкенге барған кезде де балаға таңдау еркін беріңіз: шоколад алып, бірнеше минутта жеп қойған жақсы ма, әлде өзіне керек, қымбаттау затқа жинағаны жақсы ма? Алғашында шоколадты таңдауы мүмкін. Бірақ көп практикадан кейін оның ойында маңыздырақ нәрселерді өзі ала алатыны туралы түсінік пайда болады. Бастауыш сынып балаларын кассада төлеп үйретіңіз. Сонда жауапкершілігі арта түседі. Кейбірі үй жинағаны не «бес» алғаны үшін ақша беріп жатады. Мұны айтарлықтай жақсы әдіс дей алмаймыз. Ондай дүниелерді ақшаға байламай-ақ жасап үйренгені дұрыс.  

11-14 жастағыларға керек машық

Орта сыныпқа келген баланы емін-еркін дүкенге жұмсай берсеңіз болады. Тізім жазып, қолына беріңіз. Қанша келі екеніне мән беру керегін, чекті дұрыстап қарап алуды үйретіңіз. Ақша артылса, оны кассадан ұзамай тұрып санап алсын. Балаларға арналған банк картасын ашып берсеңіз де болады. Банктер қалай жұмыс істейді, салым, инвестиция деген не — біртіндеп осы тақырыпқа ауыса беріңіз. Бұл жастағы балаларға көлемді соманы тапсыра аласыз. Бастысы, оған дейін қаржылық сауатын жақсы қалыптастыра алсаңыз жеткілікті. «Бес конверт» тәсілі бар. Ол былай: сіз оған белгілі бір уақытқа есептелген қаражат бересіз. Сөйтіп ол сол ақшаны беске бөледі. Төрт бөлігі аптаның әр күніне есептелсе, бесіншісі — жинаққа. Осылайша қор жинауды үйренеді. Одан бөлек, түрлі интерактив ойын мен видео көрсін. Өзі сынды жасөспірімдер түсіретін контенттерді көру арқылы ақпаратты жақсырақ түсініп, қабылдайды.    

15-17 жастағы жасөспірімдер білуге тиіс дүниелер

Жоғары сынып оқушылары демалысты жұмыс істеп, өз керегін өзі ала алатындай жаста. Заңға қайшы келмейтін, кәмелетке толмаған балаларға айналысуға болатын жұмыс түрлері бар. Денсаулығына, сабағына кедергі болмаса болғаны. Бұған дейін көп нәрсені теория жүзінде айтып келген болсаңыз, бұл жасқа келгенде біртіндеп іске көшкен жақсы. Өйткені айта бергенмен, практикада көрмейінше қаражаттың маңызын түсіну қиын. Дұрысы, жасөспірім шаққа келгенде бала өзі тауып көрсін. «Еңбектің наны тәтті» екенін осылай ғана түсінеді. Көлемді қаражатты сеніп тапсыруға болатын жас болғандықтан, тәрбиелеу мақсатында ақшаны басқару жолдарын көрсетсеңіз болады.   

Ата-аналарға арналған пайдалы кеңестер

Банктер қазір балаларға карта ашуға мүмкіндік беріп отыр. Пайдаланыңыз. Бала өзінің аты жазылып тұрған картаны ұстап, «тыңқ» етіп тигізіп төлегенді қызық көреді. Бір жақсысы, ата-анасының шотына байлаулы болғандықтан, не істеп, не қойып жатқанын бақылап отыра аласыз. Қаласа, түрлі шектеу қойса болады. Өз мобайл қолданбаңыз арқылы қашан және қандай зат алғанын біліп отырасыз. Транзакция болса, бірден сізге хабарлама келеді. 

Кітаптар оқуға ынталандырыңыз. Балаларға Бодо Шефердің «Money деген ит» кітабын оқуға болады. 10-12 жасар балаларға арналған. Қаржылық сауат тақырыбында жазылған, тілі жеңіл, оқиғалары қызық. Экономика негіздері туралы ақпаратты оңай сіңіруге көмектеседі. Ақшаны қалай ұстау керегін үйретеді. Бас кейіпкердің бастан кешкен оқиғаларын оқып отырып, көбірек табыс табудың маңызы, қарыздан құтылу, ақшаны ғана ойлай бермеу жайлы да көп ақпарат ала аласыз. 

15-18 жастағы балаларға қазіргі бестселлер кітаптардың қатарындағы «Жасөспірімдерге арналған кедей әке, бай әкені» оқуға болады. Авторы —  Роберт Кийосаки. Психологиямен байланыстыра отырып, қаржы туралы жақсы түсіндіреді. Автор өзінің экономика әлемімен енді таныса бастаған жасөспірім шағы туралы айтады.  

Ата-аналарға Джойлан Годфридің «Балаға ақша ұстауды қалай үйрету керек» деген кітабын оқып шығуға кеңес береміз. Мұнда балаларға қаржылық сауат негіздерін сіңіруге қатысты нұсқаулық форматында жазылған. Адамның кәмелетке толғанға дейін таныс болуға тиіс басты экономикалық машықтары туралы айтылады. Ересек болғанда еркіндікке қол жеткізсін десеңіз, өзіңіз оқып, балаңызға оқытыңыз. 

Джерри Бейли, Фелиция Ло жазған «Сенің ақшаң» деген кітабы бар. 12-1ғ жасар балаларға оқуға болады. Ата-анадан тәуелсіз болып, алғашқы табысты қалай табуға болатынын үйретеді. Бизнес түрлеріне шолу жасалып, құмар ойындарынан аулақ болу керегін айтады. Салық, зейнетақы жүйелері туралы да жеңіл түсіндіреді. Қайырымдылықтың маңызы жайлы сөз қозғалады.    

2023 жылы қазан айында Үкімет басшысы мәселені шешу үшін Мемлекет басшысы «Қарызсыз қоғам» жобасының ауқымын кеңейтуді тапсырғанын мәлімдеді.


«Жоба халықтың қаржылық сауаттылығын арттыруға, азаматтардың кредит бойынша проблемалық берешектерін реттеуге және жұмысқа орналасуда консультациялық көмек беруге бағытталған. Қазірдің өзінде Қазақстанның 8 өңірінде 45 мың адам қаржылық сауаттылық негіздері бойынша білім алды. 2023 жылдың соңына дейін 60 мың азаматты қамту жоспарлануда», – деді премьер-министр Әлихан Смайылов.

Сондай-ақ оқыңыз