Жаңалықтар

Атырау облысында 40-қа жуық ақбөкен өлексесі табылды. Полиция тергеу жүргізіп жатыр

сайгаки
Атырау облысында 40-қа жуық ақбөкен киік өлексесі табылды/ Фото: facebook.com/januarlaralmi

Атырау облысында 38 ақбөкен өлексесі табылды. Бұл оқиғаны тергеу ҚР Қылмыстық Кодексі шеңберінде жүргізіліп жатыр.

Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің деректері бойынша, 2024 жылы 26 қаңтарда Махамбет аудандық ІІБ Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 339-бабының 2-бөлігімен тіркелді.

Комитет Атырау облысының аумағында киік санын реттеу шаралары киіктерді және оның дериваттарын реттеу механизмі бойынша бекітілген алгоритмге сәйкес 2024 жылғы 16 қаңтарда басталғанын атап өтті.

Алайда киіктердің санын реттеу «Охотзоопром» ӨБ» РМҚК инспекторларының тікелей қатысуымен жүзеге асырылады.

«Бекітілген Алгоритмге сәйкес реттеу нәтижесінде алынған киік ұшалары міндетті түрде асқазан-ішек жолын алып тастап, ішкі мүшелері, басы және терісімен ветеринарлық бақылау үшін ет комбинаттарына жіберіледі, мал дәрігерлері ұшаларды қарап байқаған соң ветеринариялық анықтама береді.

Киік мүйіздері белгіленген талаптарды сақтай отырып, «Охотзоопром» ӨБ» РМҚК дериваттарға есеп жүргізетін жауапты қызметкерінің және аумақтық орман шаруашылығы жəне жануарлар дүниесі инспекцияларының мемлекеттік инспекторларының бақылауымен бөлінеді және кейіннен «Охотзоопром» ӨБ» РМҚК сақтауға жіберу үшін міндетті түрде таңбалауға жатады», – делінген хабарламада.

Еске сала кетсек, Депутат Ерболат Сатыбалдин ақбөкенді аяусыз қырып жатқан құзырлы орындарды сынға алды. Ол буаз киіктерді оңды-солды ата бермей, тек қазан-қараша айларында реттеу керек деп пайымдайды. Мәжілісмен киік популяциясын шаруаларға зиян тидірмейтіндей, халықты әбігерге салмайтындай етіп реттеуді ұсынды.

Депутат Бас Прокурор Берік Асылов пен Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаевқа сауал жолдады.

«Былтырдан бері «киіктің қатары қоюланып кетті, егінге түседі» деген шаруалардың уәжін естіп жатырмыз. Сол себепті 2024 жылдан бастап киікті азайтуға мемлекеттік органдардан ресми түрде рұқсат берілді. Алайда құзырлы орындар «азайту дегенді аяусыз қыру» деп түсінген сияқты. Таяуда Ұлытау облысы, Жаңарқа ауданы, Қызылжар ауылы «Охотзоопром» ӨБ» қызметкерлерінің киік санын азайту желеуімен буаз киіктерді атып жатқаны жергілікті тұрғындардың наразылығын тудырды. Бұл жерде елдің наразылығы орынды. Обал мен сауапты айыра білетін ел іргесінде болып жатқан мұндай сұмдыққа шыдай алмаған», – дейді депутат.

Ол «Охотзоопром» ӨБ» қызметкерлерінің бұл ісіне құзіретті орындар құқықтық бағасын беруі керек деген ойын айтты. Себебі аталған мекеме қызметкерлері салалық министрлік қабылдаған регламентке сай жұмыс атқармаған.

Регламент бойынша:

  • бірінші, ақбөкендер ауыл маңына 10 шақырым жақындағанда жауапты мекеме қызметкерлері елді дүрліктірмей, халыққа бірінші кезекте құлақтандыру, ақпараттандыру жұмыстарын жүргізу керек.
  • екінші, ақбөкендердің популяциясын шектеу шараларын орындау – жаппай қыру емес. Ақбөкендер табынын санитарлық реттеу үшін ақсақ-тоқсағын, кәрі-құртаңын, ауру-сырқауын бірінші нысанаға алу керек.
  • үшінші және ең бастысы, ақбөкенді буаз кезінде азайту шаралары жүзеге асырылмау керек.

Депутат Бас прокуратурадан мәселенің мәнін терең қарастырып, «Охотзоопром» ӨБ» қызметкерлерінің іс-әрекеттеріне құқықтық баға беруін талап етті.