Енді QR-кодты сканерлеу арқылы еттің сапасын білуге болады
Павлодарлық тұтынушылар «Vetlab» ветеринарлық жүйесі арқылы малдың еркек немесе ұрғашы, қай өңірде жайылған, иесі кім болғандығын, қай уақытта сойылғаны туралы ақпаратты біле алады. Бұл туралы ҚазАқпарат хабарлады.
«Vetlab» ветеринарлық жүйесі
«Vetlab» – цифрлы ветеринарлық-санитарлық сараптама жүйесінің пилоттық жобасы.
«Кез келген тұтынушы етке соғылған QR-кодты телефон камерасы арқылы сканерлеп, барлық ақпаратты бірден біледі. Ветеринарлық-санитарлық жүйе мал қай күні сойылып, қай өңірден жеткізілгенін, иесі кім болғанын толықтай дыбыстап айтып береді», – делінген сайтта.
Қазіргі кезде QR-кодты сканерлеу арқылы тексеру жүйесі «JAILAU» фермерлік нарығында ғана істеп тұр.
Мамандардың айтуынша, әр сойылған малға бірегей QR-код берілетінін айтады. Оны өзге сойылған мал етіне жапсыру мүмкін емес. Осылайша цифрлы жүйе азық-түлік тізбегінде ашықтық қалыптастырып, агроөнеркәсіп тауарын өндірушілердің жауапкершілігін күшейте түседі.
Елдегі ет өндірісі жайы
Жалпы, соңғы он жылда елдегі мал шаруашылығы саласы айтарлықтай алға жылжып, әсіресе, ет өндіру жұмыстары жемісті жүргізіліп келеді. Оған бұл бағытта жыл сайынғы өнім көлемі шамамен 2.5 пайызға артқаны дәлел бола алады. Яғни, 2010-2021 жылдар аралығында ет өндіру 47%-ға өссе, сүт – 16%-ға, жұмыртқа өндірісі– 30%-ға өскен.
Соңғы он жыл аралығында елімізде құс саны артып, мал басы көбейген. Бұл төрт түліктің тізімінде алдыңғы қатарда 130 пайыздық өсіммен жылқы тұрса, құс – 46 пайыз, түйе 43 пайызға жеткен. Елдегі сұранысқа байланысты болса керек, шошқа өндірісі төмендеген. Яғни, бұл салада өсім керісінше 42%-ға азайыпты.
Өндіріс көлемінің бұлайша арта түсуіне бірінші кезекте, мемлекеттік қолдау жақсы әсер еткен. Оны біз мына көрсеткіштерден байқай аламыз. Мәселен 2018-2019 жылдары құс шаруашылығын субсидиялау артып, жұмыртқа өндіру саласы шарықтау шегіне жеткен. Бұл аралықта, елімізде жылына 5,5-5,6 миллиард дана жұмыртқа өндірілген. Осындай мол өнім бере бастағандықтан, мемлекет төлем мөлшерлемесін қысқартқан екен. Нәтижесінде, жұмыртқа өндіруде өсім күрт азайып кеткен. Ал 2022 жылғы жоғары инфляцияны ескеріп, Ауыл шаруашылығы министрлігі құс шарушылығымен айналысатын шаруаларға қайта субсидия бере бастады.
Солайша субсидиялау нәтижесінде ет өнімдерін өндіру саласының айтарлықтай көтеріліп, етке қатысты өндіріс түрлерінің дамығанын байқауға болады. Мәселен, 2022 жылы ет консервілерін өндіруде көрсеткіштер 5,5%-ға көтерілген. Ұлттық статистика бюросы келтірген мәліметтерге сенсек, елімізде бұл жылы 6,2 мың тонна ет өнімі өндірілген. Бұл көрсеткіш бір жыл бұрынғыдан 327 тоннаға артық. Бір ет консервісі ғана емес, көкөніс қосылған етті консервілерін өндіру саласы да жақсы нәтиже көрсетіп отыр. Бұл өнім былтыр 32,5%-ға өсіп, барлығы 1 182 тонна болса, ал 2021 жылы 874 тонна өнім өндірілген екен. Осылайша ет өнімінің артуы, консервілеу саласының да көтерілуіне ықпал еткен.