Таиланд пен Қытай азаматтардың өзара визасыз сапарлары туралы келісімге қол қойды
Таиландтың Вице-премьері және сыртқы істер министрі Панпри Пхиттханукон мен Қытайдың Сыртқы істер министрі Ван И жексенбіде Бангкокта азаматтардың 30 күнге дейінгі өзара визасыз сапарлары туралы келісімге қол қойды. Бұл туралы РИА Новости хабарлады.
«Екі елдің Сыртқы істер министрлері бүгін Бангкокта Таиланд Корольдігінің Үкіметі мен Қытай Үкіметі арасындағы өзара келісімге қол қойды», – делінген баспасөз хабарламасында.
Келісім 2024 жылы 1 наурызда күшіне енеді.
Ван И Таиландта 26-29 қаңтар аралығында жұмыс сапарымен болады. Сапар барысында тараптар 2023 жылы қол қойылған екі елдің СІМ арасындағы ынтымақтастықты тереңдету туралы хаттама шеңберінде Таиланд пен Қытайдың арасындағы консультациялық тетіктің бірінші отырысын өткізді.
Сонымен қатар министрлер 2025 жылы екі ел арасындағы дипломатиялық қатынастардың 50 жылдығын атап өтуді талқылады.
Еске сала кетсек, Қазақстан азаматтарына визасыз баруға болатын елдер тізімі жыл сайын артып келеді. 2024 жылы қай елдерге визасыз баруға болатынын тізіп шыққан болатынбыз.
Шенген аймағынан тыс Еуропа елдері мен Азияның бірқатар елдеріне есік ашылды. Үш айға дейін визасыз жүруге болатын елдер саны артты.
2024 жылы визасыз баруға болатын елдер:
- 90 күнге: Албания, Армения, Әзірбайжан, Грузия, Гаити, Македония, Моңғолия, Молдова, Ресей, Украина, Коста-Рика, Колумбия, және Тунис.
- 30 күнге: Аргентина, Антигуа және Барбуда, Бразилия, Вьетнам, Куба, Мальдив аралдары, Сент-Винсент және Гренадина, Түркия, Сейшел аралдары, Сербия, Оңтүстік Кория, Тәжікстан, Өзбекстан, Эквадор, Индонезия, Малайзия, БАӘ, Черногория, Филиппин аралдары.
- 28 күнге: Барбадос.
- 14 күнге: Хайнань аралдары, Гонконг.
- 5 күнге: Маңғыстау және Атырау облыстарында тіркелген азаматтар үшін Түркіменстанның Балқан велаятына.
- Шектеусіз мерзімге: Беларусь, Қырғызстан, Намибия.
2024 жылы саяхатқа шығуды жоспарласаңыз, тізімдегі елдердегі саяси жағдайды анықтап алғаныңыз абзал. Украина, Ресей, Беларусь аумағы мен Таяу Шығыс елдеріне ұзақ мерзімге жоспар құрмаңыз. Егер Қырым немесе Абхазия, Оңтүстік Осетияға барып жатсаңыз, Украина мен Грузияға кіргенде қиындық болуы мүмкін.
Бірқатар елдерге шетелге шығатын паспорт жасамай-ақ, ішкі жеке куәлікпен баруға болады: Беларусь, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Грузия, Армения, Әзірбайжан.