Қазақстанда боран, қар көктайғақ және тұман күтіледі. Бұл туралы «Қазгидромет» сайты хабарлаған болатын.
Еліміздің солтүстік аймақтарында қар жауып, оңтүстігінде де қар мен жаңбыр күтіледі. Сондай-ақ боран мен жел күшейеді. Ал Оңтүстіктің таулы аймақтарында қатты жаңбыр, қар, көктайғақ және тұман болады.
«Температуралық фонда айтарлықтай өзгерістер күтілмейді», – делінген хабарламада.
Естеріңізге сала кетейік, 29 қаңтарда Қазақстанның 7 қаласында ауа райы бұзылып, қар, тұман, көктайғақ болып, ауа сапасы төмендейді деп хабарладық.
Синоптиктер жел мен тұманның әсерінен өңірлерде көктайғақ болып, ауаның беткі қабаты ластанатынын жазған. Ластану деңгейінің қалыптасуын анықтайтын маңызды факторлардың бірі – синоптикалық жағдай екенін де атап өткен.
«Қазгидромет» РМК Алматы қаласы және Алматы облысы бойынша филиалының жетекші синоптикі Дәулет Қисебаевтың дерегінше, қаңтардың соңғы күндері қар жауады, таңертең тұман қалыңдайды. Түнде ауа температурасы -9°C дейін төмендейді.
30 қаңтар: көшпелі бұлт шығып, түнде қар жауады, күндіз де қар жаууы ықтимал. Кейде көктайғақ, тұман болады. Солтүстік-шығыстан 3-8 м/с жел соғады. Ауа температурасы түнде -3-5°C, күндіз 0+2°C.
Бір күн бұрын қатты жел мен боранның салдарынан елдің алты аймағында дауыл туралы ескерту жарияланды.
Дауылды ескерту еліміздің алты облысында жарияланды. Елдің кейбір аймақтарында жел секундына 23 метр жылдамдықпен соғады. Бұл туралы «Қазгидромет»РМК хабарлады.
Синоптиктердің мәліметінше, 28 қаңтарда Солтүстік Қазақстан облысының оңтүстігінде қарлы боран болады деп күтілуде. Аймақтың батысында тұман болады. Сонымен қатар, Түркістан облысында да тұман мен боран болады деп болжануда. Жел екпіні 23 м / с.