Әлемнің әр түкпірінде соғыс өрті өрши түсті: Мұнай нарығындағы ахуал кімге қолайлы?

Жарияланды
Қызыл теңіз көптеген дау-дамаға себеп болуы мүмкін/kursiv.media

Әлем назары – Қызыл теңізде. Былтыр жыл соңынан бері йемендік хуситтер Қызыл теңізді кесіп өтіп, Израиль тарапына қарай бағыт алған кез келген су транспортын атқылап жатыр. Олар бұл үшін ұшқызсыз басқарылатын аппараттар мен зымырандарды қолдануда. АҚШ сауда кемелерін шабуылдан қорғау үшін әскери-теңіз жедел тобын құру туралы ұсыныс жасады. Сондай-ақ Британиямен бірігіп Йемендегі хуситтер нысанын да бірнеше рет бомбалады.

Даудың басы Израиль – ХАМАС қақтығысынан бастау алады. Йемен хуситтері палестиналықтарды жақтайтынын білдіріп, Израиль кемелерін және олардың одақтастарының транспорттарына жаппай шабуыл жасауға кірісті. Сарапшылар хуситтер йемендік болғанмен, шын мәнінде, олардың артында Иран тұрғанын айтады. АҚШ қарсы жауап қатқанымен, Қызыл теңіздегі қақтығыс тоқтаған жоқ. Керісінше, соңғы күндері тіпті өрши түсті. Еуропа мен Азия аралығын жол қылған кемелер, контейнер тасымалдаушылар, танкерлер мен балкерлер мұндай үлкен тәуекелден қашып, қазір осы маңды айналып өтіп, Африка арқылы логистикалық маршрут қалыптастырып жатыр. Бұл өз кезегінде тасымал құнын арттырады.

Қызыл теңіз бен Суэцтегі сойқан

Қызыл теңіз бен Суэц каналы бағзыдан әлемдік сауданың алтын өткелі болып есептеледі. Жыл сайын Суэц каналы арқылы 20 мыңға жуық кеме өтеді. Соңғы айлардағы хуситтер шабуылынан кейін канал арқылы жүзеге асатын сауда көлемі 42 пайызға құлдыраған. Аралды кесіп өтетін контейнер тасымалдаушылар саны 67 пайызға (2023 жылмен салыстырғанда) азайған. Мұнай транзиті 18 пайызға төмен түсіп кетіпті.

Сарапшылардың айтуынша, Еуропа мен Азия арасындағы сауда жолы тарихта дәл осыншалықты дағдарысқа ұшыраған емес-ті. Тек жарты ғасыр бұрын араб-израиль соғысына байланысты Суэц каналы 8 жыл бойы бос тұрды. Бірақ ол кезде Қытай мен Азияның экономикалық әлеуеті тым жоғары емес еді. Ал теңіз тасымалының көлемін қазіргі деңгеймен салыстыруға да келмейді. Қазір Қызыл теңіз арқылы жаһандық сауданың 12-19 %-ы өткеріледі. Бұл шамамен жылына 1 трлн доллар айналады деген сөз. Еуропа Азия және Парсы шығанағы елдерінен тауарлар мен шикізаттардың 15 %-ын теңіз арқылы тасиды.

Қалай болғанда да Қызыл теңіз бен Суэцтегі сойқанның салдары тым қатты сезіледі. Есте болса, 2021 жылы Суэц каналында Ever Given алып контейнер тасымалдаушысы кептетіліп қалып, салдарынан әлемдік сауда-саттық айналымы күніне 10 млрд доллар шығынға ұшыраған болатын. Одан кейін Ресейдің Украинаға басып кіруінен кейін, Босфор бұғазындағы сауда айналымының күрт азайып кетуі де кейін әлем экономикасының арқасына аяздай батты. Демек қазіргі дағдарыстың да салдарын шамамен бірнеше айдан соң сезінуіміз әбден мүмкін.

Қызыл теңіздегі жағдайдың Қазақстанға әсері

Reuters агенттігінің хабарлауынша, соңғы айларда шиеленіскен ахуал әлемдегі жүк тасымалдау бағыттарының бұзылуына әкеліп соғып жатыр. Панама каналындағы су деңгейі түсіп, жүк тасу қиындай түскен. Бұл, әрине, басты экспорттық көзірі мұнай болып саналатын және қазына қаражатының жартысынан астамын мұнай түсімінен қалыптастыратын Қазақстанға да әсерін тигізуде. Сарапшы Нұрлан Жұмағұловтың айтуынша, 10 қаңтар күні Каспий құбыр консорциумынан (КТК)158 мың тонна қазақ мұнайын тиеп шыққан Agistri мұнай танкері Африканы айналып өтетін ең ұзақ маршрутты таңдап алған. Мұндай жағдайда қашықтық 700 мильге дейін ұзарып кетеді, ал мұнша қашықтыққа танкер үш аптадан астам уақыт жұмсауы мүмкін. КТК-дан 10 қаңтарда шыққан танкер Оңтүстік Кореяның Ульсанына 12 наурызында жетеді деп болжанып отыр. Бұл жоспарланған мерзімнен бақандай бір айға кешігеді дегенді білдіреді. Еске сала кетейік, Оңтүстік Корея қазақ мұнайының басты сатып алушыларының бірі. Олар жыл сайын бізден 5-6 млн тонна мұнай импорттайды.

Жеткізу жолдары мен бағаның өсуі

Қызыл теңіздегі қарбалас басталғалы жеткізу тізбектері ұзарғаннан бөлек, Таяу Шығыстан Жапонияға қайта өңдеу өнімдерін жеткізетін мұнай танкерлерінің жалға алу құны да өскен. Нақтыласақ, күніне 101 мың долларға жеткен. Бұл – пандемия уақытынан кейін тіркеліп отырған жаңа рекорд. Әрине, бұл ретте танкердің аренда бағасы ғана емес, апарыла жатқан өнім де қымбаттайды. Себебі оларды жеткізу мерзімі біршама кешеуілдейді. Мәселен, Катар сұйытылған газды Ұлыбританияға Африка құрлығын айналып өтіп апарып бермек. Бұл 27 күнге созылады және сөзсіз баға өседі.

Хуситтер шабуылы басталғалы бері 500-ден астам контейнер тасымалдаушы өзінің жүкті жеткізу бағыттарын қайта қарастырған. Сарапшылардың айтуынша, Қызыл теңіздегі қиындықтан кейін мұнай бағасы да 3-4 долларға қымбаттайды. Өйткені жол ұзарды, сақтандыру және логистикалық шығын көбейді. Сарапшылар Африканы айналып өту қоймалардағы қорлардың ұлғаюына және коммерциялық қорлардың қолжетімділігінің төмендеуіне байланысты спот бағасының өсуіне әкелетінін атап өтеді.

Қазір мұнай бағасы барреліне 83 доллар деңгейінде тұр. Кей сарапшылардың болжауынша, егер Ресей мен Сауд Арабиясы 2024 жылы мұнай өндіруге енгізілген шектеуді ұзартса, онда мұнай бағасы барреліне 80-90 доллар маңайында тұрақтауы мүмкін. Дүниежүзілік банк биыл да, келер жылы да мұнай бағасы 81 доллар төңірегінде сақталады деген пікір білдірген. Олардың пайымынша, ОПЕК-ке кірмейтін елдерден жеткізудің артуы және сұраныстың баяулауы осындай ой айтуға итермелейді.

Goldman Sachs инвестициялық банкінің эксперттерінің айтуынша, АҚШ-тағы мұнай өндірісінің динамикасына байланысты мұнай бағасы 70-90 диапазонында құбылады. Олар Құрама штаттар қаншалықты көбірек өндірген сайын нарықтағы ұсыныс та соншалықты артады және баға да сәйкесінше біршама төмендейтінін айтады.

Жоғарыда Қазақстан мұнайын тиеген танкердің де Африканы айнала қашқанын айттық. Agistri-дің алаңдауы тегін емес, әлбетте. Өткен аптаның соңында хуситтер ресейлік мұнай тиеген Trafigura компаниясының танкеріне шабуыл жасады. Қызыл теңізден ұшырылған зымыран танкерді талқандаған. Бұл – хуситтердің лаңы басталғаннан бергі тіркеліп отырған ең ауқымды шабуыл. Ал Ресей Қызыл теңіз арқылы көлеңкелі мұнай экспортын жүргізіп отырғандықтан, бұл шабуыл олардың сақтап келген құпиясын да ашып тастауы әбден ықтимал.

Шиеленіс салдары

Кейбір ақпарат көздері Қызыл теңіздегі шиеленіскен ахуал Ресей мен Сауд Арабиясының арасында дау-дамай туындатуы мүмкін дегенді де айтады. S&P Global Ratings мәліметі бойынша, 2023 жылы Суэц каналы арқылы оңтүстік бағытқа қарай тасымалданған бүкіл мұнайдың 75 пайыздан көбі Ресейге тиесілі болған. Шикізат негізінен Үндістан мен Қытайға жеткізілген. Енді мына дағдарыстан кейін сақтандыру қымбаттады, танкерлер болса жеткізу бағыттарын өзгертуге мәжбүр болды. Бұл өз кезегінде Ресей мұнайын қымбат етеді және ол бұрынғыдан да тым ұзақ жеткізілетін болады.

Эскалация жалғаса берсе, ақыр түбі Ресей мен Сауд Арабиясының мұнайларының бағасы теңеледі. Алайда Ресейдің мұнайды жеткізу тәуекелі тым қатты жоғарылайды. Өйткені Сауд Арабиясы өз мұнайын Азияға тасымалдау үшін Суэц каналын пайдаланбай, төтесінен жеткізеді. Bloomberg-тің хабарлауынша, Saudi Aramco компаниясының өкілі Мұхаммед Әл-Кахтани мұнай және мұнай өнімдерін тасымалдау үшін Қызыл теңізді пайдаланудан бас тартпайтындарын таяуда ғана мәлімдеді.

Егер мұнайды көп тұтынатын Азия елдері мұнайды қай жақтан сатып алу керектігін қайта қарастыра бастайтын болса, онда Ресей мұнай экспортына үлкен соққы жасалып қалуы да бек мүмкін.

Қазақстандағы мұнай өндірісі

Әрине, мұнай бағасының өскені біз үшін тиімді. Бірақ жеткізу тізбегінің ұзарғаны тапқан пайданы көрсетпейді, тіпті шығын кірістен де асып түсуі ықтимал. Жалпы Қазақстан 2024 жылы 90,3 млн тонна мұнай өндіруді жоспарлайды.

«Бастапқыда 92-93 млн тонна мұнай өндіруді жоспарладық, бірқатар себептермен 90 млн тонна өндірдік. Біріншіден, бұл ірі мұнай-газ өндіруші кәсіпорындардағы ұзағынан жалғасқан жөндеу жұмыстарымен және құрылғыларды ауыстыру қажеттігімен байланысты. Біздің ОПЕК+ аясындағы міндеттемемізге байланысты өндіріс көлемін ерікті түрде төмендету бойынша мұнай саласының қатысушыларымен белсенді жұмыс жүргіздік. Әйтпесе бізде мұнай-газ саласымен проблемалар жоқ, қарқыны өсуде, ірі жобаларды іске асыру – кеңейту, өндіру, жаңа ұңғымаларды бұрғылау белгіленген жоспарларға сәйкес жүргізіледі»,– дейді Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев.

Айтуынша, былтыр 18 млн тонна мұнай ішкі нарыққа түсіп, 56 млн тонна экспортқа шығарылған. Әрине, экспорттың басым бөлігі КТК арқылы жүзеге асырылады.

Жыл соңында министр кеңесшісі Шыңғыс Ілиясов Теңіз кен орнындағы тәуліктік өндірістің 39 мың тоннаға дейін төмендегенін айтты. Кейінірек министрлік Қарашығанақтағы өндіріс – 36-дан 23,8 мың тоннаға, Теңіздегі өндіріс – 83,4-тен 27,2 мың тоннаға, ал Қашағандағы өндіріс 54-тен 18,6 мың тоннаға төмендегенін мәлімдеді. Жалпы алғанда, жыл соңында ірі кен орындарындағы өндірістің төмендеу көрсеткіші 56 пайызды құраған.

Айтып өтейік, хуситтер – Йемендегі мұсылман шейіттерден құралған қаруланған топ. Топ 90 жылдары сол кезде елді басқарған Әли Абдалла Салехаға қарсы құрылған. Атаулары қозғалыстың басшысы Хүсейн әл-Хуси есімімен байланысты. Олар кей жағдайда өздерін «Аңсар Аллах» немесе «Құдайдың партизандары» деп те атайды. 2003 жылы АҚШ Иракқа басып кіргеннен кейін олар «Аллах ұлы. АҚШ-қа өлім. Израильге өлім. Иудейлерге қарғыс және исламға жеңіс» деген лозунг қабылдады.

Сондай-ақ оқыңыз