Ұлттық банк 173 млрд теңге зейнетақы қаржысына «Бәйтерек» холдингінің облигацияларын сатып алды

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
Ұлттық банк 173 млрд теңгеге холдинг облигацияларын сатып алды. Коллаж: kursiv.media

Ұлттық банк 173 млрд теңге БЖЗҚ қаржысына «Бәйтерек» холдингінің облигацияларын сатып алды.

Бас банк бұл қаржы экономиканың нақты секторындағы ұзақмерзімді ірі жобаларды қаржыландыруға жұмсалатынан атап өтті. Холдинг облигацияларын жылдық 13% кірістілік және 15 жылға есептелген айналым мерзімімен сатып алды.

«Қазақстан қор биржасында орналастырылған облигациялардың жалпы көлемі 190 млрд теңгені құрады. Осы облигацияларды орналастыруға жалпы сомасы 17 млрд теңгеге БЖЗҚ-дан өзге де инвесторлар қатысты», – делінген Ұлттық банк хабарламасында.

Жоғарыда аталған облигациялар эмиссиясының проспектісінде борыштың негізгі сомасын мерзімінен бұрын қайтару көзделген. Мәселен, эмитент 5 жылдан соң жыл сайын облигация ұстаушыларға тиесілі облигациялардың бір бөлігін олардың талабы бойынша бастапқы орналастыру көлемінің 10%-на дейін номиналды құнына сай сатып алуға міндетті.

Ұлттық банк холдинг облигацияларын сатып алу – нақты кірістілік алудағы ұзақмерзімді мақсаттарға сәйкес келеді және зейнетақы жинақтарының сақталуын қамтамасыз етеді деп сендіреді.

Ал «Бәйтерек» холдингі тартылған қаражатты көлік инфрақұрылымы саласындағы жобаларын қаржыландыруға жұмсайды. Атап айтқанда, жолаушылар және жүк вагондарының ескірген паркі жаңартылмақ.

Бұған дейін «Бәйтерек» вагон сатып алуға биржадан 200 млрд теңге тартатынын жазғанбыз. Halyk Finance брокерлік компаниясы «Бәйтерек» Ұлттық холдингі Қазақстан қор биржасына  құны 190 млрд теңге болатын 15 жылдық облигацияларын орналастыруды жоспарлап отырғанын хабарлады.

Бір купондық облигацияның номиналы – 1000 теңге. Шығарылатын қағаздардың саны – 190 млн дана, өтеуге берілетін мерзім – 15 жыл, тіркелген купондық мөлшерлеме – 13%. Halyk Finance андеррайтер болады. Сыйақы төлеу облигациялар айналымы басталған күннен бастап әр 12 ай сайын, яғни жылына бір рет жүргізіледі.

26 қаңтарда «Бәйтерек» холдингі 15 жылдық облгацияларын KASE алаңында орналастырған.

Холдингтің облигациялары нарықтағы бар инвесторларға ұсынылып, сауда-саттыққа 10 инвестор қатысқан.

Қазіргі кезде БЖЗҚ-да 17,9 триллион теңге зейнетақы жинағы жиналған. 2024 жылдың 1 қаңтарындағы дерек бойынша, Ұлттық Банк сенімгерлік басқаруындағы актив көлемі 17,8 трлн теңгені құраса, ал ИПБ басқаруына 26,8 млрд теңге берілді.

Сондай-ақ оқыңыз