Жалған ақшаны қалай ажыратамыз?

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
Ұлттық банк жалған ақшаны анықтау жолдарын түсіндірді /Фото: kursiv.media

Ұлттық банк 5 мың теңгелік жаңа банкноталардан жалған ақшаны қалай ажырату керек екенін түсіндірді. Сонымен қатар 2023 жылы шыққан жаңа дизайндағы банкноталардың қорғаныш элементтерін ұсынды.

Жаңа дизайндағы банкнота қандай?

Ұлттық банк номиналы 5 000 теңгелік банкноталарды 2023 жылы 25 желтоқсанда айналымға шығарды.

Бұл – «Сақ стилі» жаңа сериясының алғашқы банкнотасы. Ол қазақы ою-өрнектің бастау негізі саналатын және көшпенділердің бірегей мәдениетінен бастап бүгінгі Қазақстанға дейінгі ел мұрасын бейнелейтін «Сақ стилі» элементтеріне негізделген.

Ақша белгісінің қандай қорғаныш элеметтері бар?

Банкнотада рельефті қалыптастыратын – алтын интаглио арнайы баспа тәсілі қолданылған. Қазақстан Республикасының елтаңбасы алтын металл бояудың жоғары бедерлі қабатымен басылған.

Сонымен қатар банкнотаның бет жағындағы шеттерінде шығыңқы, жоғары рельефті элементтер бар, олар қолмен ұстағанда жақсы сезілетін – көру қабілеті нашар адамдарға арналған белгі.

Одан бөлек, банкнота бетінде үзік-үзік түрінде шығып тұрған екі түсті қорғаныш жіп  бар. Ол жарық түскенде, бір тұтас жіп ретінде анық көрінеді. Банкнотаның көлбеу бұрышы өзгергенде, қызыл және көк түстердің өзара әрекеттесуінен динамикалық лүпіл әсері пайда болады.

Сондай-ақ банкнотаның бет жағында көлемді стильдендірілген «Бүркіт» бейнесі түріндегі патч қорғаныш элементі орналасқан. Банкнотаны аударған кезде номиналдың цифрлық кескінінен ою-өрнекке ауысу әсері және күн белгісі сәулелерінің жан-жаққа шашыраған динамикалық әсері байқалады.

Жеке көркемдік элементтер банкнотаға алтын түстес жылтырағы бар арнайы – иридисцентті бояу қолданып басылған.

Локальды су белгісі қорғаныш элементі – электротип. Жарық түскенде номиналдың бейнесінен тұратын электротип белгісі анық көрінеді.

Банкнотаның екінші бетінде «Бүркіт» артефактінің көлемді бейнесі түріндегі Спарк элементі орналасқан. Банкнотаның көлбеу бұрышы өзгерген кезде Спарк түсі алтыннан нефрит түсіне өзгереді.

Ұлттық банк банкноталардың ерекшелігін білсе, жалған ақшаны тану оңай болатынын жазады.

Қазақстан қаржыгерлерінің ХІ конгресінде Ұлттық банк теңгенің 30 жылдығына орай шығарылған жаңа банкноталар сериясын таныстырған еді.

Ұлттық банктің банкноттар бойынша бас дизайнері Санжар Нұрқасымовтың айтуынша, ол «Сақ стилі» элементтеріне негізделген және көшпенділердің бірегей мәдениетінен бастап бүгінгі Қазақстанға дейінгі ел мұрасын бейнелейді.

Номиналы 5 000 теңгелік жаңа дизайн үлгісіндегі банкноталар 2023 жыл соңында айналымға шықты.

Жаңа 500 теңгелік банкнотта арқар, 1 мың теңгеде – тазы мен алабай тұқымды иттер, 2 мың теңгеде – ақбөкен, 5 мың теңгеде – қыран, 10 мың теңгеде – барыс, 20 мың теңгеде – жылқы бейнеленген.

Жаңа банкноталар төлемнің барлық түрі бойынша Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында номиналды құнына қарай қабылдауға жатады. Сондай-ақ Қазақстан Республикасының барлық банкі арқылы банктік шоттарға аударуға, айырбастауға және ұсақталуға міндетті.

Былтыр жалған банкноталардың 80%-дан астамы Алматы және Алматы облысында анықталған.

Сондай-ақ оқыңыз