Жаңалықтар

Тәжік президенті отандастарын екі жылдық азық-түлік қорын сақтауға шақырды

Тәжік президенті отандастарын екі жылдық азық-түлік қорын сақтауға шақырды / t.me/emomalirahmon

Сада мерекесіне байланысты өткен жиында Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон әр отбасы екі жылдық азық-түлік қорын сақтауы керек екендігін атап өтті.

Ховар агенттігінің жазуынша, президент бұл ойға климаттың өзгеруі, жылынуы және әлемдегі әлеуметтік-экономикалық жағдайдың өзгеруіне байланысты келгенін айтты. Ол әлем халқының саны өсіп, азық-түлікке қажеттілік артуы әлемдегі басты проблемалардың бірі екенін атап өтті.

«Қазір әлемдегі қиын жағдайда бірінші кезекте көп жұмыс істеуіміз керек. Су мен жерді тиімді қолдану шарт. Неғұрлым көп азық-түлік өндіру қажет. Ұлттық стратегиялық мақсатымыз – азық-түлік қауіпсіздігін қорғауымыз керек», – деді Рахмон.

Ол бұрынғы азық-түлік тасымалдау жолдарының жабылып, азық-түлік бағасының өскенін де ескере кетті.

Сада мерекесі  – Арий халықтарының ежелгі мерекелерінің бірі. Ол ресми түрде 30 қаңтарда атап өтіледі. Мереке Тәжікстаннан бөлек, тәжіктер мен парсы тілді халықтарға тән. Ол Иран, Ауғанстан, Үндістан, Пәкістан, Түркия және Өзбекстанда атап өтіледі.

«Сада» сөзі парсы тілінен аударғанда «Бақ» деген мағынаны білдіреді. Бұл 21 наурыз, яғни күн мен түн теңелетін Наурыз мерекесіне дейінгі 50 күн мен 50 түнді қамтитын мереке. Ол жарықтың қараңғылықты, жылудың суықты, жақсылықтың жамандықты жеңу мерекесі. Мереке келгенде, егін жұмыстарына дайындық басталады. Фермерлер жаңа маусымға тұқым мен техниканы дайындауы қажет.

2023 жылдың 4 мамырында Тәжікстан Президенті Қазақстанға мемлекеттік сапармен келген.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Тәжікстан президенті Эмомали Рахмонмен кездесті. Екі ел кәсіпкерлері 1,8 миллиард доллар көлеміндегі келісімшарттарға қол қойған. Қос мемлекет үкіметі осы келісімшарттардың орындалуын мұқият қадағалайтынын айтқан болатын.  

Эмомали Рахмонның айтуынша, Қазақстан Тәжікстанның басты сауда серіктестерінің арасында екінші орында. Екі ел арасындағы тауар айналымының өсімі өткен жылы 20 пайыздан асқан.

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин қазіргі кезде Қазақстан мен Тәжікстан арасындағы сауда-саттық көлемі 1,4 млрд АҚШ долларына жеткенін мәлімдеді.

Эмомали Рахмон Қазақстанды Тәжікстанның мұнай-газ кен орындарын игеруге шақырған. Қазақстанға мемлекеттік сапармен келген Тәжікстан басшысы екі тарап арасындағы әріптестік өзара ынтымақтастық сипатқа ие болғанын атап өткен. Соның ішінде тау-кен металлургия салаларындағы әріптестікке басымдық берілген.

«Біз қазақстандық тарапты болашағы бар мұнай мен газ кен орындарын игеруге шақырдық», – деді Рахмон БАҚ өкілдеріне. 

Сондай-ақ Тәжікстан басшысы екі ел арасындағы ынтымақтастықтың негізгі бағыттары ретінде жеңіл және тамақ өнеркәсібі, машина жасау және фармацевтика салаларын атап өтті.