«Солтүстік Шығыс Дощан» кен орнын игеру бойынша қоғамдық тыңдау өтеді. Бұл туралы Қазақстандағы қытайлық «ПетроҚазақстан Венчерс Инкорпорейтед» компаниясы хабарлады.
«ПетроҚазақстан Венчерс Инк.» ҚФ «Солтүстік Шығыс Дощан кен орнын игеру жобасы» жобалық құжатының «Қоршаған ортаға әсерін бағалау жобасы» бойынша қоғамдық тыңдау өткізілетіндігі туралы хабарлайды. Тыңдау: 16.02.2024 жылы сағат 11:00-де Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы, Жалағаш кенті, Әйтеке би көшесі, №12 мекен-жайында өтеді», – делінген компанияның мәлімдемесінде.
Қоғамдық тыңдауға ҚР Экологиялық кодексінің талабы негіз болды. Жобаның мақсаты – өнеркәсіптік қауіпсіздік және қоршаған ортаны қорғау саласындағы ұлттық заңнама талабына сай келетін «Солтүстік-Шығыс Дошан» кен орнының бүлінген жерлерін қалпына келтіру. Сонымен қатар экологиялық, әлеуметтік-экономикалық салдарды анықтау арқылы техникалық шешімдерді бағалау және қоршаған ортаға ықтимал әсерді талдау.
«Солтүстік-Шығыс Дощан» кен орны
«Солтүстік-Шығыс Дощан» кен орны Оңтүстік Торғай ойпатының Арысқұм ойысындағы Қаратау жырасын игеру аймағында орналасқан. Геологиялық аумақтың ауданы 896 шаршы метрді құрайды.
1998 жылғы 18 қыркүйекте «ПетроҚазақстан Венчерс Инкорпорейтед», «Сентас Текникал Сервисез, Л.Л.С», «Ориент Петролеум (Сентрал Эйжа), Лтд.» компаниялары кен орнының жер қойнауын барлау және пайдалану құқығына ие болған.
Бұған дейін 1997 жылғы 8 желтоқсанда көмірсутек шикізатын барлауға рұқсат беретін лицензияны иеленген.
2011 жылы «Оңтүстік-Шығыс Дощан» кен орны мен «Дощан» кен орны Солтүстік-Батыс учаскесінің 2012-2013 жылдарға арналған бағалау жұмысының жобасы жүзеге асты. Нәтижесінде «Оңтүстік-Шығыс Дощанның» солтүстігінде 41-ші ұңғыма бұрғыланды. Ұңғымадан көмірсутек қабаты анықталып, сынақ арқылы расталды. 2020 жылы 41-ші ұңғыманың аумағынан «Оңтүстік-Шығыс Дощан» кен орнын бағалау жобасына сәйкес 69-шы ұңғыма бұрғыланды. Бұл ұңғыма да барланған жерде мұнай бар екенін көрсетті. Қорытындысында «Оңтүстік-Шығыс Дощан» мен «Солтүстік-Шығыс Дошан» дербес кен орны ретінде қарастырылатын және бөлек игерілетін болды.
«Солтүстік-Шығыс Дошан» кенішіндегі С1 санатындағы мұнайдың геологиялық қоры – 858 мың. Ал игерілетін көлемі – 256 мың тонна.
С2 санатындағы мұнайдың геологиялық қоры – 583 мың, шығарылатын көлемі – 87 мың тонна. Мұнайда еріген газдың қоры С1 санатында: геологиялық – 102,9 млн, алынатын – 30,7 млн текше метр. С2 санатында: геологиялық – 70 млн, алынатын – 10,4 млн текше метр.
Кен орнын игеру жоспары
Кен орнын игерудің 3 нұсқасы бар. Соның ішінде тиімдісі екінші нұсқа. Бірінші нұсқа бойынша 2024-2072 жылдар аралығында жаңа ұңғыма бұрғылау жоспарланған. Жобаны жүзеге асыруға 754,9 млн теңге қажет. Барлық кезеңдегі пайдалану шығыны – 45,8 млрд, ал таза пайда – 32,6 млрд теңге.
Екінші нұсқада 3 ұңғыма бұрғылау көзделген. 48 жыл жүзеге асырылатын жобаға 1,9 млрд теңге инвестиция құю керек. Пайдалану шығыны – 95,3 млрд, таза пайдасы – 77,2 млрд теңге.
Үшінші нұсқада 6 ұңғыма бұрғылау қарастырылған. Мақсатқа жету үшін 3,3 млрд теңге жұмсалуы тиіс. 2024-2068 жылдар аралығындағы шығыны 94,2 млрд, таза пайда 66,5 млрд теңге ғана.
Алғашқы нұсқада мұнай өндіру көлемі – 137,8 мың, екінші нұсқада – 254,9 мың. Үшінші нұсқада – 265,3 мың тоннаны құрайды. Инфляцияны ескергендегі жалпы кіріс бірінші нұсқа бойынша – 107,8 млрд, екінші нұсқа бойынша – 253,3 млрд теңге. Үшінші нұсқа бойынша – 219,8 млрд теңге.
Айта кету керек «ПетроҚазақстан Инк.» акционерлері «CNPC E&D» (67%) және «Қазмұнайгаз» БӨ (33%). Ол мұнай мен газды сатып алу, барлау, игеру және өндіру, сондай-ақ мұнай өнімдерін өткізу жөніндегі қызметті жүзеге асыратын компаниялар тобы. PetroKazakhstan Ventures Inc компаниясы Канадада тіркелген.
Бұған дейін Қытайға әлемдік бағадан төмен бағамен газ сатқан «Тарбағатай Мұнай» компаниясы қосымша салық пен айыппұл төлеуден босатылмайтынын хабарлаған болатынбыз.
«Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес салық төлеуші өзінің салық міндеттемелерін сақтауға міндетті. Ал салық агенті салықтарды толық көлемде және белгіленген мерзімде дәл есептеуге, ұстап қалуға және аударуға міндетті. Бұл ретте тақырыптық салықтық тексеру барысында Серіктестіктің өзара байланысты тараптар болып табылатын XINJIANG JIMUNAI GUANGHULNG DEVELOPMENT CO, LTD компаниясына әлемдік нарық бағасынан төмен бағамен газ сатқаны анықталды. Осылайша салық салынатын айырмашылық пайда болды», – деп жауап берген Үкімет басшысы Әлихан Смайлов депутаттық сауалға.
Естеріңізге салайық, Ермұрат Бәпи Әлихан Смайловтан қытайлық инвестор бас-көз болып отырған ШҚО-дағы «Сарыбұлақ» кен орнында газ өндіретін «Тарбағатай-Мұнай» компаниясының 10 млрд теңге салық дауын шешуге және 100 млн тонна мұнай бар кен орнын игеруге көмектесуді сұраған болатын.