Қазақстан 22 әуежайы мен Ақтау, Құрық порттарын Еуропа инвесторларына бере ме?

Жарияланды
әужайын
Қазақстан 22 әуежайын және Ақтау мен Құрық порттарын да инвесторлық басқаруға беруі мүмкін / Фото: shutterstock и freepik

Қазақстан 22 әуежайын Еуропа инвесторларына беруі мүмкін. Бұл жайлы Көлік министрі Марат Қарабаев Брюссельде өткен кездесуде айтқан.

Марат Қарабаев Астана мен Алматының ірі әуежайлары қазірдің өзінде шетелдік холдингтермен бақыланатынын айтқан.

«Қазақстандағы қалған 22 әуежайды еуропалық инвесторлардың басқаруымен жеке секторға беруге дайынбыз, бізде Азия мен Еуропа арасындағы транзиттік хабқа айналу үшін үлкен әлеует бар», – деді министр.

ТАСС басылымының хабарлауынша, Қарабаев республика билігі Каспий теңізінің жағасындағы Ақтау және Құрық порттарын кейіннен жекешелендіру мүмкіндігімен еуропалық компанияларға беруге дайын екенін де айтқан.

«Біз Транскаспий халықаралық көлік бағыты қатысушылары мен Еуропалық Одақ арасында осы бағытты дамыту туралы келісімге қол қоюды ұсынамыз», – деген министр.

Ал министрліктің ресми сайтында әуежайлар туралы ештеңе айтылмаған. Онда министрдің Бельгия премьер-министрінің орынбасары Жорж Гилькинмен кездескені айтылған. Министрліктің баспасөз қызметінің хабарлауынша, Қазақстанның көлік секторына жәрдемдесу және дамыту үшін ұсынылатын қаражатқа қатысты Еуропалық инвестициялық банкпен өзара түсіністік туралы Меморандумға қол қойған.

«Еуразияның негізгі көлік жобасы халықаралық қаржы ұйымдарының ережелері бойынша «Батыс Еуропа – Батыс Қытай «автомобиль маршрутын салу болды. Жоба аясында Қазақстан аумағы бойынша 3 мың шақырым автожол салынды. Олардың басым бөлігі соңғы жылдары ерекше өзектілікке ие болып отырған Транскаспий көлік бағытына кірістірілген. Тағы перспективалы 14 автожол жобасын нәтижелі жүзеге асыру үшін инвестициялар күтіліп отыр. Ол үшін Қазақстанда салалық нормативтік базаны жетілдіру және оңтайландыру, жаңа технологияларды енгізу және жол құрылысын цифрландыру бойынша тұрақты жұмыс жүргізіліп жатыр», – делінген баспасөз хабарламасында.

Көлік министрі Марат Қарабаев сонымен бірге Қазақстан нарығына шетел әуе компаниясын шақырып жатқанын айтқан болатын. Атап айтқанда, Қазақстан тарапы қазіргі таңда Вьетнамдық Sovico Holdings әуе компаниясымен келіссөздер жүргізіп жатыр. Министр еліміз бұл бағытта бірнеше шетел компанияларын қарастырып жатқанын айтты. Бірақ Sovico Holdings-тің еншілес компаниясы Vietjet air-мен көбірек жұмыс істеп жатқанын мәлімдеді.

«Әлі толық шешім шығарылған жоқ. Қазіргі таңда бірнеше елдердің компанияларымен жұмыс жүргізіп жатырмыз. Sovico Holdings компаниясымен терең жұмыстар жүргізілді. Sovico Holdings-тің еншілес компаниясы Vietjet air бар. Олар көбінде лоукостер ретінде көпке танымал. Олардың үлкен әуе паркі бар. Сол себепті де осы компаниямен көбірек жұмыс істеп жатырмыз»,- деді министр.

Екі елдің әлі де нақты шешім шығармағанына мына жағдай себеп: Қазақстан тарапы компанияның Қазақстанда тіркелгенін талап еткен. Яғни құрылтайшысы шетелде орналасқан, қазақстандық компания болуы керек. Ол ел ішінде жолаушы тасымалдаумен де айналысатын болады. Сондай-ақ министр нарыққа келген жаңа компания билет саясатына әсер етпей қоймайтынын айтады.

Сондай-ақ оқыңыз