Есірткі бизнесінде жасөспірімдер саны артып келеді: Ақтөбе қаласында есірткі сатқан 9-сынып оқушысы ұсталды
Жедел-іздестіру іс-шараларын өткізу барысында Ақтөбе қаласында есірткі сатқан орта мектептің 9-сынып оқушысы ұсталған. Бұл жайлы ҚР ІІМ Есірткі іс-қимылына қарсы іс-қимыл департаменті бастығының орынбасары Бақытжан Әміржанов айтты.
«Қазір біз виртуалдық кеңістікпен және қашықтықта қарым-қатынас жасаумен тығыз байланысты өзіндік жастар субъективтік мәдениетімен бетпе-бет келдік. Есірткі заттарын сату бойынша интернет-дүкендердің иелері де осы жағдайды пайдаланады. Есірткі бизнесіне тартылатын жасөспірімдер саны көбейіп келеді. Мұндағы жағдай көңіл көншітпейді және, өкінішке қарай, теріс үрдіске әкеп соқтырады. Тек өткен жылы синтетикалық есірткі таратқаны үшін 40-тан астам жасөспірім және кәмелетке толмағандар ұсталды. Ал осы айдың өзінде 4 кәмелетке толмаған баланың есірткі бизнесіне тартылғаны белгілі болды», – деді ол.
Әміржанов жақына жедел-іздестіру іс-шараларын өткізу барысында Ақтөбе қаласында орта мектептің 9-сынып оқушысы ұсталғанын айтты. Тексер барысында мектеп оқушысының қалтасынан 48 дана синтетикалық түйіншек табылған.
Осы орайда, полиция өкілі бұл қылмыс үшін жасөспірімдердің де жауапқа тартылатынын, мұның салдары ата-ана үшін ауыр болатынын сол үшін бала тәрбиесіне мұқият болуды сұрады.
«Есірткі өткізгені үшін 14 жасынан бастап қылмыстық жауапкершілікті көздейтінін және 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалатынын атап өткім келеді. Мұндай жауапкершілік шараларын қабылдау бәрінен бұрын осы балалардың ата-аналары, олардың туысқандары мен заңды қорғаушылары тарапынан қоғамдық резонанс туғызатыны айтпаса да түсінікті. Бірақ ата-аналар мен мұғалімдер, ол балалардың туыстары түсінуі керек, мұндай қылмыстар ұлттың генетикалық қорына әсер ететін теріс салдарға әкеп соқтырады. Қоғамдық қаупі жоғары», – дейді полиция өкілі.
Бір жылда қанша есірткі тәркіленді?
Ұлттық қауіпсіздік комитеті 2023 жылы «қара нарықтағы» бағасы 20 млрд теңгеден асатын есірткі тәркілеген. Комитет жалпы есірткінің заңсыз айналымына қарсы іс-қимыл жасау бойынша 150-ден астам операция өткізгенін хабарлады. Бір жылда 34 халықаралық және 32 өңірлік есірткі жеткізу арналары жойылған. Сонымен бірге 36 жасырын есірткі зертханасының қызметі тоқтатылған.
Есірткінің заңсыз айналымына қатысы бар 101 адам сотталған. Баспасөз қызметі одан бөлек, еліміздің және шетел азаматтарын қоса алғанда 169 азаматқа қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатқанын хабарлады. Ал Қазақстан арқылы есірткіні әкелу және тасымалдаудың жолын кесу бойынша шетел мемлекеттерінің құзыретті органдарымен бірлескен 32 операция жүзеге асырылған.
Сонымен бірге ҰҚК Павлодарда ірі синтетикалық цехты анықтап жойды. Цех 0.5 гектар аумақты алатын жерде орналасқан. ҰҚК жедел қызметкерлері зерделеу барысында психотроптық заттарды әзірлеу үшін және оны одан әрі ТМД елдерінде сату мақсатымен Қазақстанға келген шетелдік азаматтарды анықтады.
Тінту барысында 100 келіге жуық «а-PVP» психотроптық заты мен прекурсорлар табылған. Сонымен қатар синтетикалық есірткі өндірісіне арналған заманауи құрылығы анықталып тәркіленген.
Ал 31 шілде күні Ішкі істер министрлігінің Есірткі қылмысына қарсы күрес департаменті осы Павлодар облысының полиция департаментімен бірлесіп, жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында героиннің ірі партиясын «транзиттеу» арнасын анықтап, жолын кескен болатын. Онда құны 2,5 млн доллар болатын есірткі тасымалдаған Қырғызстан азаматы ұсталды.