Жетісу облысының мал дәрігерлері «Сібір күйдіргісі» ауруымен ауырған мал жерленген 33 орынды оқшауламаған

Жарияланды (жаңартылды )
Қарасан
Жетісу облысының мал дәрігерлері Сібір күйдіргісі ауруымен ауырған мал жерленген 33 орынды оқшауламаған/ shutterstock

Жетісу облысында Сібір күйдіргісі ауруымен ауырған мал жерленген 33 орын оқшауланбай келген. Бұл жағдайды Жетісу облысының табиғатты қорғау прокурорлары анықтаған.

Прокурорлар  ветеринария туралы заңнаманы сақтау саласындағы уәкілетті органдардың қызметінен олқылықтар анықтаған.

«Облыс бойынша ветеринарияның лауазымды тұлғалары жануарларды вакцинациялау кезінде 33 мың заң бұзушылыққа, сондай-ақ жеке және заңды тұлғаларды әкімшілік жауапкершіліктен босатудың 526 фактісіне жол берген», –делінген хабарламада.

Одан бөлек ветеринарлар аса қауіпті аурумен ауырған малдардың жерленген жеріне дұрыс қадағалау жүргізбеген. Атап айтқанда, облыс аумағында «Сібір күйдіргісі» ошақтарының иесіз 33 жерленген жері анықталған. Ветеринарлар оларды оқшаулау және сәйкестендіру бойынша тиісті шараларды жүргізбеген.

Сондай-ақ прокуратура ветеринариялық мекемелерге қызметкерлердің жалған дипломмен орналасқанын анықтаған. Мұндай 4 жағдай анықталған. Ал 124 қызметкер білімі мен тәжірибесі бойынша атқаратын қызметтеріне сәйкес келмеген.

«Барлық анықталған бұзушылықтар бойынша 100-ден астам лауазымды тұлға әртүрлі тәртіптік жауапкершілікке тартылды, оның ішінде  аумақтың 3 инспекция басшысы мемлекеттік қызметтің беделін түсіретін теріс қылық үшін жауапқа тартылды», –делінген хабарламада.              

Мемлекет қазынасына 3 млн теңгеден астам қаржы өтелген.

Еске сала кетсек, жазда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі «Сібір күйдіргісі» көмілген аумаққа жақын маңға тұрғын үй кешені салынғанын анықтады. Агенттік қала құрылысынан бірталай кемшіліктерді тапты. Қала құрылысы жүйелі жоспарланбаған. Талдау барысында Алматының бас жоспары 2011 жылдан бері жаңартылмағанын, осыған байланысты 63 мың гектардан астам жердің функционалдық аймақтары экологтардың, СЭҚ және ТЖ органдарының қатысуынсыз өзгерген. Ең қауіптісі, «Тау алыбы» шағын ауданында жамандат (сібір жарасы) көмілген орынға жақын жерде тұрғын үй кешендері белсенді салына бастаған.

Былтыр қыркүйекте Ақмола облысының 12 тұрғыны Сібір күйдіргісін жұқтырғаны белгілі болды. Ақмола облысындағы Үшқарасу ауылында мал қырылып, адамдар сібір жарасы ауруымен ауруханаға жатқызылды. 1 қыркүйекте ауыл карантинге жабылады. Бұдан соң, Үшқарасу ауылындағы аудандық ішкі істер бөлімінде ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттауды шектеу қойылып, ауылға кіре берісте полиция жасақтары қойылып, кіретін-шығатын көліктер мен тұрғындар есепке алу жүргізіле бастады. 

Сондай-ақ оқыңыз