Қазақстан қайтадан жемқорлық деңгейі жоғары елдер қатарына енді

Жарияланды
Қазақстан жемқорлық деңгейі жоғары елдер қатарына енді /Фото:shutterstocks

Қазақстан 100 ықтимал ұпайдан 39 ұпай жинап (180 ел арасында 92-орын) қайтадан жемқорлық деңгейі жоғары елдер қатарына енді. Бұл туралы жаһандық сыбайлас жемқорлыққа қарсы қозғалысы Transparency International хабарлады.

«Өткен жылмен салыстырғанда Қазақстанның орны 3 тармаққа жақсарған. Бұған ең алдымен мемлекеттік органдардағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы реформалар, активтерді қайтару және жоғары лауазымды шенеуніктерді және олардың туыстарын қамауға алу әсер еткен»,– делінген мәлімдемеге сәйкес.

Айта кетейік, 50-ден төмен ұпай жинаған елдер сыбайлас жемқорлық көрсеткіші жоғары деп танылады.

«Ең алдымен, бұл бағалау бүкіл елді, демек қоғамды да бағалау екенін, ал мемлекеттік аппарат оның бір бөлігі ғана екенін түсіну керек. Өткен жылы мемлекеттік органдар тарапынан біршама ілгерілеушіліктерді көрдік. Бұл өзгерістер, әрине, қазақстандықтардың ең өзекті өтініштеріне жауап болды. Азаматтық қоғам ояна бастады. Сыбайлас жемқорлықпен күресуге және оның алдын алуға бағытталған бүкіл қоғамды, әсіресе мұнай секторын одан әрі белсендіру арқылы балаларымыздың болашағы үшін одан әрі оң динамикасын көре алатынымызға сенімдімін»,– дейді Transparency International-Қазақстан ұйымының төрағасы Айдар Егеубаев.

Индексте Шығыс Еуропа мен Орталық Азия өңірі 100-ден 35-ке дейінгі орташа балл жинаған. Сөйтіп сыбайлас жемқорлық жоғары әлемдегі екінші аймаққа айналды.

«Аймақтағы бір ғана ел 50-ден жоғары ұпай жинады – Грузия (53).
Қазақстан (39) индекст тарихында биыл үздік нәтиже көрсетті. Армения (47), Молдова (42), Косово (41), Украина (36) және Өзбекстан (33) соңғы 10 жылда ТБИ көрсеткіштерін айтарлықтай жақсартты. Босния және Герцеговина (35), Түркия (34) және Түркіменстан (18) өз көрсеткіштерін төмендетті. Түркия сонымен қатар Сербия (36), Ресей (26) және Тәжікстан (20) сияқты ең төменгі көрсеткішке қол жеткізді. Ал Әзірбайжан (23), Тәжікстан (20) және Түркіменстан (18) аймақтағы ең төменгі көрсеткішке ие болған», –деді Transparency International.

Бұның алдында Қазақстан US News 2023 рейтиңінде 87 мемлекеттің арасында 75-інші орында тұр. Ең соңғы орында Ресей. ТМД елдерінің арасында жемқорлық жайлаған елдер ретінде Қазақстаның көрсеткіші Ресей(87) мен Беларусьтан (80) ғана тәуір. Ал, Өзбекстан – 68, Әзірбайжан -62, Украина 48-інші орындарға жайғасыпты.

Тізімнің басындағы Швейцария, Канада, Швеция, Австралия мен Нидерланды елдерінде жемқорлық жоқ деп саналады.

Рейтинг азаматтардан сауалнама алу арқылы жасалған, 10 негізгі категория бойынша 73 негізгі критерийге назар аударылған.

Кейін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі ҚазақстанUS News жариялаған 2023 жылғы рейтиңгпен келіспейтінін мәлімдеді.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының кеңесшісі  Арман Әлібек бұл рейтиңг мемлекеттердің сыбайлас жемқорлық деңгейін бағалау әдістемесіне негізделмегенін айтады.

«Бірнеше күннен бері мен қызық жағдайларды байқадым. Қазақстандық БАҚ пен әлеуметтік парақшалар «Қазақстан әлемдегі ең жемқор елдердің қатарында» деп бұрқыратып жазып жатыр. Мен әріптестеріммен осы ақпарат құралдарының қандай рейтингке сүйене отырып жазғанын зерттей келе, кейбір маңызды жайттарға түсініктеме бергім келді. Мәселен, сауалнаманы америкалық US News ақпараттық журналы жүргізген. Біріншіден: бұл сауалнама сыбайлас жемқорлықтың жай-күйі бойынша ресми рейтинг ретінде ұсынылмайды. Неліктен әріптестерім бұл рейтинг аталған елдердегі сыбайлас жемқорлық деңгейін анықтайды деген қорытындыға келгенін білмеймін. Ол мемлекеттердің сыбайлас жемқорлық деңгейін бағалау әдістемесіне негізделмеген және мұндай мақсатты көздемейді», – дейді агенттік өкілі.

Агенттік өкілінің айтуынша, бағаланған елдердің тізіміне тек 87 мемлекет кірген, ал БҰҰ-ға 190-нан астам ел мүше.

Еске сала кетсек, Алматы облысы экономикалық сотының судьясы пара алғаны үшін 4 жылға сотталды.

Сондай-ақ оқыңыз