Haval Ресейдегі 32,2 мың автоны кері қайтарып алмақ: Қытайлық көліктер «сыр» бере бастады ма?
Қытайлық Great Wall компаниясының ресейлік автомобиль зауыты «Хавейл Мотор Мануфэкчуринг Рус» электр сымдарындағы ақаулар қауіпіне байланысты жергілікті өндірілген 32 156 көлікті кері қайтарады. Бұл туралы компанияның баспасөз қызметі хабарлады.
Көліктерді кері қайтарып, жөндеу жүргізеді
«Росстандартқа» қарасты Техникалық реттеу және метрология федералды агенттігінің ақпаратынша, өзгеріс 2022 жылдың 1 желтоқсаны мен 2023 жылдың 27 желтоқсаны аралығында сатылған Haval F7 және Haval F7x көліктеріне қатысты.
«Кері қайтарылған көліктердегі орындық астындағы сымдардың қосқышына ылғал өту қаупі бар, бұл қысқа тұйықталуға және қосқыштың балқуына әкелуі мүмкін», – деп хабарлады «Росстандарт».
Көлік иелеріне арнайы хат немесе телефон арқылы хабарлама жолданады. «Росстандарт» мәліметі бойынша, Haval иелері өз көліктерінің кері қайтарылуы немесе қайтарылмауы туралы ақпаратты Garage Auto.ru сервисі арқылы анықтай алады. Ведомствоның хабарлауынша, кері қайтарылған көліктерді жөндеу тегін жүзеге асырылады.
Компанияның баспасөз қызметі кейінірек нақтылағандай, жұмыстары компанияның ресми дилерлік орталықтарында тегін жүргізіледі.
Қытайлық көліктер аязға төзбеді
Айта кететіні, санкциялар және батыс өндірушілерінің нарықтан кетуіне байланысты Ресейдегі қытайлық көліктердің үлесі артты. Өткен жылы аталған нарықта қытайлық автокөліктердің үлесі 50%-дан асты. Алайда жаңа жылдан бастап параллельді импорт арқылы әкелінген көліктердің иелері қиындықтарға тап болған. Себебі ресми дилерлерлік орталықтар «сұр» жолмен жеткізілген автоларды жөндеуден бас тартқан.
Дилерлердің айтуынша олардың арнайы базасында ресми жолмен әкелінбеген «темір тұлпарлар» туралы мәлімет жоқ және бағдарламалық шешімдері сәйкеспейді. Сондықтан мәселені шешуден бас тартқан.
Қытайда шығарылған көліктерге қатысты тағы бір жағымсыз жайт белгілі болды. РБК агенттігінің дерегінше, қатты аяздың салдарынан көптеген көлік істен шығып, иелері мамандардың көмегіне жүгінуге мәжбүр болған.
Расында да, сарышұнақ аяз кезінде қытайлық авто иелері сервистік компанияларға көптеп жүгіне бастаған. Негізгі ақаулар – күн суытқанда бақылау панельдері мен сенсорлық басқару құралдары сөніп, көп функциялы мультимедиялық құрылғылар істен шыға бастайды, жанармай сорғылары қатты дыбыс шығарады, сорғы қысымы төмендеп, олардың көпшілігі бұзылып қалған.
«Күн суытқанда барлық көлік иелерінің проблемалары шамамен бірдей болды: аккумуляторлар істен шығып, электронды блоктар тоқтап, дизельдік отын қатып қалды», – деді бірауыздан автокөлік жөндеу компанияларының өкілдері.
Қытайлық көліктерге қатысты тағы бір мәселе – Lixiang көліктеріне байланысты. Егер көлік жол апатына түсіп, қауіпсіздік жастықтары атылып кетсе, апаттық ақау белгісі жанып, көлік жүруден қалады. Ал ол ақау белгісін компьютерден өшіру тек Қытайдағы зауытта ғана мүмкін екен. Алайда зауыттың өзінде көлік компьютерінен апаттық ақау туралы ақпаратты өшіруден бас тартады. Себебі апатқа түскен, жарамсыз көлік санайды. Орнына жеңілдікпен жаңа көлік алуды ұсынады екен. Алайда соғылған көліктерді қайта жөндеп сатып жіберуді жөн санайтын ресейлік, қазақстандық менталитетке бұл шығын саналады. Осы жайт туралы ресейлік автоқолданушылар 1 жыл өткен соң ғана біліп, дабыл қаға бастады. Өйткені Lixiang 7,8,9 көліктерінің бағасы кем дегенде 22 млн теңгеден басталады. Алайда бұл туралы қазақстандық қолданушылар әлі біле бермейді.
Қытай автоөнеркәсібі қазақстандық нарықты жаулай ала ма?
2023 жылы елімізде сатылған әрбір төртінші жаңа көлік қытайлық брендтерге тиесілі болды. 2023 жылы қазақстандықтар 198,7 мың автокөлік сатып алды, оның 25%-ға жуығы Қытайдан шыққан автолар. Қазақстандықтар ресейліктерге қарағанда «аспан асты елінде» өндірілген автоларға сенімсіздік танытуда.
Алайда сарапшылар еліміздегі «Made in China» көліктердің үлесі алдағы уақытта одан әрі арта түсуі әбден мүмкін деп есептейді. Жалпы қытайлық көліктердің нарықтағы үлесі тек Қазақстанда ғана емес, АҚШ-тан бөлек әлемнің көптеген елінде көбейеді. Оған себеп – АҚШ пен Қытай арасындағы шиеленіскен сауда қатынасы мен АҚШ-та қытайлық көліктерге алымның көп болуы себеп.
Қазақстанда қытайлық көліктердің сұранысының артуына тағы бір себеп – ресми дилерлік орталықтардың ашыла бастауы. Ресми орталықтардың ерекшелігі – көліктерге ресми кепілдік беріліп, мультимедиалық, бағдарламалық тілі орысша, қазақша болмақ. Сондай-ақ көліктер бұзылған жағдайда кепілдік аясында және одан тыс бөлшектермен қамтамасыз етеді. Сұр дилерлердің кепілдігі – көлікті сатқан күні аяқталады. Ал «күн сайын» өзгеріп жататын қытайлық көліктерге кепілдік пен бөлшектің болуы маңызды.