Алматыдағы жиілеп кеткен жер асты дүмпулері тұрғын үй нарығына қалай әсер етуде?
Алматыда жер теліміне сұраныс күрт артқаны байқалады. Сарапшылар бұл уақытша дүрлігу екенін айтады.
22 қаңтардан 23 қаңтарға қараған түні Алматыдан 264 шақырым жердегі Қырғызстан шекарасында жер сілкініп, оның толқыны Алматыға жетті. 5 баллға дейінгі жерасты дүмпулерінен кейін көпқабатты үй тұрғындарының мазасы қашты.
Сейсмологиялық байқау және зерттеулер Ұлттық ғылыми орталығының мәліметтері бойынша, 2024 жылдың 23 қаңтары мен 26 қаңтары аралығында Қазақстан бойынша 1800-ден астам әлсіз афтершок тіркелді, олардың 11-і 2 балл шамасында Алматы қаласында сезілді.
Сейсмологтардың айтуынша, бұл 23 қаңтарда болған жер сілкінісінен кейінгі қалыпты жағдай.
«Афтершоктар әлі күнге дейін жалғасуда, бұл процесстің қанша уақытқа созылатынын айту қиын», – дейді мамандар.
Осы жағдайдан кейін Алматыда жалға берілетін жеке үйлерге сұраныс күрт артты.
Талдаушылар берген мәлімет бойынша, қысқа мерзімге жалға жеке үй, саяжай алатындар көбейген. Жер сілкінгеннен кейінгі бір тәулікте сұраныс төрт есе өскен.
«Бұл – ұзаққа созылмайтын дүние. Ұзақ уақытқа үй жалға алатындар аса көп емес, дегенмен сұраныс екі есе артқан. Алматыда жалға берілетін үй, саяжайға сұраныс төрт есе өсті. Нарықта дүрлігу байқалмады, еш категорияда баға құбылмады», – деп жазды талдаушылар.
Бұл көп қабатты тұрғын үй нарығына қалай ықпал етеді? Пәтер бағасы арзандай ма?
Жылжымайтын мүлік саласы бойынша сарапшы Әсел Садиева көп қабатты тұрғын үйлердің бағасы өз деңгейінде тұрғанын, төмендемегенін айтады.
«Мегаполисте жер телімдеріне сұраныс күрт артқан. Бірақ жер телімдері бойынша мәселе көп. Қала аумағындағы элиталық аудандарды қарастыратын болсақ, олардың бағасы өте қымбат. Жеке үйлерді жалға алуға да сұраныс артты. Қайталама нарықтағы үйлердің бағасында аздаған ғана өсу бар. Жаңа үйлерге сұраныс төмендегені байқалады. Бірақ бұл қалыпты құбылыс. Маусымдық жағдай. Көктемге қарай сұраныс қалпына келіп, сәуір, мамырда нарық «қызады» деп ойлаймын. Жалпы алғанда пәтер бағасы төмендеген жоқ», – дейді сарапшы.
Маманның айтуынша, «түрлі пабликтердегі көп қабатты тұрғын үйлердің бағасы төмендеді» деген ақпарат шындыққа жанаспайды.
«Күнделікті нарыққа мониторинг жүргіземін. Бағаның төмендегенін байқамадым. Тек сұраныстың азайғанын байқап отырмыз. Бірақ бұл уақытша құбылыс», – дейді сарапшы.
Қазақстандық жылжымайтын мүлік федерациясының президенті Ермек Мүсіреповтің де пікірі осыған ұқсас.
«Бұл – бір реттік дүрлігу. БАҚ-тағы жеке үйлерге сұраныс артты деген ақпарат та алыпсатарлық пиғылдан туған нәрсе»,– дейді сарапшы БАҚ-қа берген сұхбатында.
Өйткені Алматының сейсмоқауіпті аймақ екенін бәрі біледі. Сондықтан бұл дүрлігу 1-2 аптада ұмытылады. Ал үй бағасының төмендеуі 2023 жылдан бері жалғасып келеді, бұл жер сілкінісі емес, экономикалық жағдайға байланысты.
Сарапшылар нарықта белсенділіктің азаюы маусымдық жағдайға байланысты екенін айтады. Жыл басында сатып алу-сату мәмілелерінің азаюы – қалыпты процесс. Мысалы, қаңтарда үй бағасы Алматы мен Астанада қатар өзгерген. Тек жер сілкінісінің әсері болса, Астанадағы баға қалыпты күйінде қалуы керек еді. Сондықтан жер сілкінісі нарыққа әсер етпеген. Ал үй сату мен сатып алуға қолайлы кезеңді күтіп отырудың қажеті жоқ.