8 мың есе көп: Air Astana IPO аясында 141 млн қарапайым акциясын орналастырмақ

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
Air Astana IPO аясында 141 миллион қарапайым акциясын шығарады/ Фото: kursiv.media

Air Astana алдағы IPO аясында 141 миллион қарапайым акциясын шығарады. Бұл қазір биржада орналастырылған акция санынан (17 мың) 8 294 есе көп.

29 қаңтар күні Қазақстан қор биржасында «Эйр Астана» АҚ (AIRA) қарапайым акцияларының жария ұсынысы ашылды. Ол 8 ақпанға дейін жалғасады. Жария ұсыныс барысында 141 млн акция шығарылмақ.

Эмитенттің қарапайым акциялары бойынша болжамды баға аралығы – бір қарапайым акция үшін 2,13 доллардан 2,75 долларға дейін белгіленген.

«Акцияға ұсыныстың соңғы бағасы көрсетілген баға диапазонында болады. KASE-де акцияларды сатып алуға инвесторлардың өтінімдері теңгемен берілуге тиіс»,– делінген биржа хабарламасында.

Акция бағасы қанша?

Ұлттық Банктің 30 қаңтардағы айырбас бағамы бойынша, бір акция құны 956 теңгеден 1 237 теңгеге дейін жетуі ықтимал. Инвесторлар кем дегенде бір акцияға өтініш бере алады. Қанша акция алам десе де, шектеу жоқ.

Инвесторларға екі акционердің – «Самұрық-Қазына» қоры мен британдық BAE Systems компаниясының акциялары, сондай-ақ жаңадан шығарылатын акциялар ұсынылады.

KASE ақпаратына сәйкес, «Эйр Астананың» жарияланған акцияларының саны 1,7 млн болса, оның 17 мыңы айналымда жүр. Орналастырылған акциялардың 8670 данасы, яғни 51 пайызы – «Самұрық-Қазына» қорына тесілі болса, қалғаны BAE Systems иелігінде.

IPO барысында қор өз үлесін 41%-ға дейін азайтуды жоспарлап отыр. IPO нәтижесі бойынша нарықтық капиталдандыру 770–962 миллион долларды құрауы ықтимал.

«Эйр Астананың» IPO-сында резидент және бейрезидент жеке тұлғалар, резидент және бейрезидент заңды тұлғалар, соның ішінде институционалдық инвесторлар өтінім бере алады. Инвестор өзінің толық аты-жөнін, БСН, азаматтығын, тұрғылықты жері мен брокердің атын көрсетуі керек.

Мәмілелер 14 ақпан күні Алматы уақыты бойынша сағат 10:00-ден бастап жасала бастайды.

KASE-де көрсетілген акциялардың жария ұсынысы кезінде «Қазақстан Халық банкінің еншілес ұйымы – Halyk Finance АҚ сатушы болады. Жергілікті үйлестіруші және бірлескен букраннері де – осы брокер. Жетекші менеджер – Freedom Finance Global PLC. Бірлескен менеджерлер – «BCC Invest» АҚ – «Банк ЦентрКредит» АҚ, «First Heartland Jusan Invest» АҚ, «SkyBridge Invest» АҚ еншілес ұйымы.

Эмитент және оның акционерлері қарапайым акциялармен қатар, LSE мен AIX биржасындағы жаһандық депозитарлық қолхаттарын ұсынады. Бір ЖДҚ базалық активі 4 (төрт) акция болады. Акцияның түпкілікті бағасы теңгемен белгіленеді.

Қанша қаржы тартылады?

Компанияның IPO-ға шығуына байланысты баспасөз брифингінде «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ өкілі Дастан Әдиқожаев IPO-дан кейін қордың компаниядағы үлесі 41%-ға дейін кемитінін айтты.

Ал қазір компанияда британдық BAE Systems компаниясының 49% үлесі бар. Ол 15%-ға дейін опцион шығаруға дайын екенін хабарлады.

IPO нәтижесінде компанияға 300 млн доллар тарту жоспарланған. Оның ішінде компанияның өсу стратегиясын қолдау үшін шамамен 120 млн доллар көлемінде қаражат тартылады.

Ұсыныс нәтижесінде еркін айналымдағы бағалы қағаздар саны Air Astana орналастырған жалпы акцияларының 25%-ын құрауға тиіс.

Осыған дейін 19 қаңтарда әуе компаниясы биыл IPO-ға шығатынын растағанын жазған едік. IPO барысында Air Astana әуе компаниясы акцияларының кем дегенде 25%-ы еркін айналымға шығады.

Сондай-ақ оқыңыз