Freedom Broker шолуы: KEGOC акциялары баға тербелісі кезеңінен шықты

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
KEGOC акциялары
KEGOC акциялары баға тербелісі кезеңінен шықты. Фото: KEGOC

Қазақстан электр желілерінің ұлттық операторы – KEGOC компаниясының акциялары баға тербелісі кезеңінен шыққандай. Өйткені Қазақстан қор биржасындағы кешегі сауда-саттықта осы компания акциялары өсім көшін бастаған. KEGOC акциялары 7 сессия қатарына құлдырап барып, алғаш рет өсім көрсеткен.

Бұл туралы Freedom Broker сарапшыларының KASE мен LSE-дегі соңғы сауда сессиясына жасаған шолуында жазылған.

«Баға белгіленімі түзету толқынын аяқтауы әбден мүмкін. Өйткені акциялары өте көп сатылды. Дегенмен индекстегі бағалы қағаздардың қалған көпшілігі төмендегенін байқатты», – деп жазады сарапшылары.

Сарапшылары былтыр SPO-сы өткен компанияның акциялары 27 пайыз қымбаттайды деп болжам жасаған еді. Алайда компания акцияларының бағасы қатты көтерілмеді.

15 қаңтардан бері салыстырмалы түрде тұрақсыз күйдегі «Қазмұнайгаз» компаниясы ең көп шығын тартқан. «Халық банкі», «Қазатомөнеркәсіп», «Қазтрансойл» компаниялары да арзандаған.

Ал «Қазатомөнеркәсіптің» Лондон қор биржасында саудаланатын бағалы қағаздары 50 долларға дейін өсуі ықтимал. Ал Kaspi финтех компаниясының GDR-і 86,4 долларға дейін арзандауы мүмкін.

Өткен сауда күнінде GDR арасында Kaspi бағалы қағаздары қатты құлдырап, бұл оның техникалық көрінісін нашарлатқан.

«GDR қазір «бүйірлі трендтің» төменгі шегінде және одан кейінгі құлдырау қағазды 86,4 долларға дейін арзандатуы мүмкін. «Қазатомөнеркәсіп» кеше 38,6 долларды сынап көтерілді. Теориялық тұрғыдан бұл 50 долларға жақын деңгейге дейін өсім көрсетуіне мүмкіндік береді»,– деп жазады брокер.

Қазақстан қор нарығындағы айтулы жаңалық – Air Astana әуе компаниясының IPO-сы.

29 қаңтар күні Қазақстан қор биржасында «Эйр Астана» АҚ (AIRA) қарапайым акцияларының жария ұсынысы ашылды. Ол 8 ақпанға дейін жалғасады. Жария ұсыныс барысында 141 млн акция шығарылмақ.

Эмитенттің қарапайым акциялары бойынша болжамды баға аралығы – бір қарапайым акция үшін 2,13 доллардан 2,75 долларға дейін белгіленген.

Ұлттық Банктің 30 қаңтардағы айырбас бағамы бойынша, бір акция құны 956 теңгеден 1 237 теңгеге дейін жетуі ықтимал. Инвесторлар кем дегенде бір акцияға өтініш бере алады. Қанша акция алам десе де, шектеу жоқ.

Сондай-ақ оқыңыз