«Бұл уақытша дүрбелең»: Министр қолма-қол ақшаға көшу экономикаға кері әсер етпейді деп мәлімдеді

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
қолма қол ақша
Фото: kursiv.media

Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров кәсіпкерлердің қолма-қол ақша талап етіп, халықтың қағаз теңгеге көшуі уақытша нәрсе деп пайымдайды. Оның ел экономикасына кері әсері бола қоймайды.

Үкімет отырысынан кейін, журналистер министрден «жыл басынан халықтың қолма қол ақшаға көшуі экономикаға кері әсер етіп жатқан жоқ па», – деп сұрады.

«Бұл – жағдайды толық түсінбегеннен туындаған уақытша дүрбелең. Ашық жұмыс істегенді қалаймыз. Осы жерде ең маңыздысы – кәсіпкерлердің заңды түрде жұмыс істеу керегін түсінуі. Қазақстан финтех саласын цирфландыру тұрғысынан көп елдерден оқ бойы озық тұр. Осы тренд сақталады. Бұл уақытша нәрсе, ел бой үйреткен соң, бәрі орына келеді. Тек банктер банкоматтарына көбірек қаржы салып қоюы керек»,– деді министр.

Былтыр шілдеде Мемлекеттік кірістер комитеті 2024 жылдан бастап ай сайын 100 адамнан мобильді аударым алған кәсіпкерлер бақылауға алынатынын мәлімдеді.

Кейін комитет қарапайым халықтың мобильді аударымдары туралы ақпарат 2026 жылдан бастап қана тексеріле бастайтынын түсіндірді. Тексеріс 2025 жылы жасалған мобильді аударымдар бойынша жүргізіледі.

Жалпы, салық органдары банктерден қазақстандықтардың ақша аударымдары туралы ақпаратты тікелей ала-алатын болады. Алайда бұл жұмыс кезең-кезеңімен жүзеге асады және жалпыға бірдей декларацияда тіркелетін болады.

Комитеттің ақпаратына сүйенсек, 2023 жылдың өзінде банктер банктік шоттарына кәсіпкерлік қызметке байланысты ақша түсетін азаматтар туралы мәліметтерді бере бастаған. 

Қазір тек кәсіпкердердің мобильді аударымдары бақылауға алынады. Өйткені кәсіпкерлер қызмет ақысын бизнестің есепшотына емес, жеке картасына қабылдап, салықтан жалтарып отырған.

Бұл шағын кәсіпкерлер арасында дүрбелең тудырып, көпшілігі халықтан қолма-қол ақша талап ете бастады. Алайда салық органдары клиенттен қолма-қол ақша талап ету – заңсыз екенін еске салады.

Ал жеке тұлғалардың жеке мақсаттағы мобильді аударымдар тексерілмейді.

Сонымен қатар Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев мобильді аударымдар үшін кімдер салық төлейтінін түсіндірген. Министрдің айтуынша, кәсіпкерлік қызметтің сипаты бар мобильді аударымдарға салық салынуға тиіс. 

Жамаубаев барлық кәсіпкерді жеке есепшот ашуға шақырды. Ол үшін арнайы мобильді қосымша, бақылау-кассалық аппараттар, qr-кодтар бар. 

Сондай-ақ оқыңыз